Кинематография мэтрі Дэвид Линчтің үздік туындылары

Кинематография мэтрі Дэвид Линчтің үздік туындылары

Кинематография тарихында өзіндік қолтаңбасы арқылы есімі алтын әріптермен жазылатын режиссерлердің бірі - Дэвид Линч. Оның кез келген туындысы шыға қалса, авторлық кино сүйер қауым елең етпей қоймайды. Оның үстіне, 20 қаңтар, яғни, Дэвид Линчтің жарық дүние есігін ашқан күніне орай маэстро шығармашылығындағы атақты фильмдермен бөліскенді жөн көрдік. Шебер биыл 76 жасқа келді.

Твин Пикс

Аса талантты режиссерің "Твин Пикс" сериалын білмейтін адам жоқ шығар.Культті жобаны ауылдарға түрлі TV кабельдер орнатпай тұрып-ақ бәрі қарайтын. Өрістен мал қайтатын уақыт болса да, халық сериалды қарамай сыртқа шықпайтын. Тіпті, сол кезде кей геолокацияларға Твин Пикс деген атау қою да сәнге айналды.

Бәр қызығы, жақында Collider Games компаниясы мен Showtime арнасы бірлесе отырып осы сериалдың виртуалды әлемін жасады. Жоба презентациясы  Festival of Disruption фестивалінде Лос-Анджелес қаласында өткен еді.

Оқиға ойдан шығарылған америкалық қалада орын алады. Лора Палмер есімді мектеп оқушысының жұмбақ өлімінен соң, қылмысты ашу мақсатында Твин Пикске ФБР агенті Дэйл Купер келеді. Жалғасын көре берсеңіз, қызыққа бойлай түсесіз.

Көк барқыт

"Көк барқыт" — 1986 жылы шыққан америкалық детектив, режиссер Дэвид Линч оны нео-нуар стилінде түсірген. Бұл атау фильмде бірнеше рет қолданылатын Бобби Винтонның осы аттас әнінен алынған.

80-ші жылдардағы ең үздік фильмдердің бірі болып саналатын фильмді Америка кино институты 100 жылдықтың экшнге толы үздік 100 америкалық фильмі тізіміне және 10 классикалық жанрдағы 10 үздік америкалық фильм тізіміне енгізген. Осының өзі оны бір көріп шығуға болатынының себебі емес пе?!

Жабайы ғашықтар

Жабайы ғашықтар фильмінің түпнұсқа атауы — «Wild At Heart». Ол — 1990 жылы Бэрри Гиффордтың аттас романы негізінде Дэвид Линч түсірген америкалық мелодрамалық фильм. Басты рөлдерді Николас Кейдж пен Лаура Дерн сомдайды. Фильм 1990 жылы Канн кинофестивалінде Алтын пальма бұтағымен марапатталды.

Фильмде 1939 жылы шыққан «Оз сиқыршысы» атты классикалық ертегіге сілтеме беретіналлюзиялар көп. Мысалы, саяхат кезінде Лула анасын Батыстың зұлым бақсысы ретінде көреді; ал фильмнің соңында Сэйлорге өз анасы Солтүстік перісі образында елестейді. Фильм осындай астары арқылы бағалы.

Әрине, мэтрдің қай туындысын алсаңыз да шедевр екені анық. Бірақ осы мақаладағы үштік солардың ең елеулісі. Тізім соңына автордың әзірге ең соңғы шығармасын қосып отырмыз.

Режиссер Дэвид Линчтің аудио-визуалды ролигі "Құмырсқа бас" ("Ant Head") деп аталады. Мини-фильм 2018 жылы қазан айында Лос-Анджелесте өткен Disruption фестиваліне арнайы түсірілген. Бейнебаянда адам басына ұқсас нәрсенің үстін құмырсқалар басып алған. Фонға таңдалған музыка Линч пен композитор Анджело Бадаламенти жақында бірлесе шығарған "Thought Gang" альбомынан алынғаны анық. 

Естеріңізге сала кетейік, Линч пен Бадаламенти алғаш 1986 жылы шыққан атақты "Көк барқыт" фильмінде бірге жұмыс істеген. Бірақ, әлемдік мойындау оларға "Твин Пикс" сериалынан кейін келді.

2019 жылы Америка киноакадемиясы белгілі режиссер Дэвид Линчті кинематографқа сіңірген еңбегі үшін "Оскар" марапатына лайық деп тапты. Салтанатты рәсім 27 қазан күні Лос Анджелес қаласында өтті.

Бұл Дэвид Линчтің мансабындағы алғашқы "Оскар" болды. Осыған дейін ол аса беделді марапатқа 4 рет ұсынылып, бір де бір рет алмаған екен. Ол 3 мәрте "Үздік режиссер" аталымы бойынша бақ сынаған: 1980 жылы  "Піл-адам", 1986 жылы "Көк барқыт" және 2001 жылы "Малхолланд Драйв" фильмдері үшін. 4-сінде жоғарыда аталған "Піл-адам" картинасы үшін "Үздік адаптацияланған сценарий" аталымы бойынша ұсынылған. Жалпы сол жылы бұл картина 8 аталым бойынша шорт-листке іліккен еді. 

Естеріңізге сала кетейік, Дэвид Линч Twin Peaks сериалы мен өзге де шедевр картиналардың режиссері ретінде танымал болғанымен, өнердегі алғашқы қадамын суретші ретінде бастаған. Бұл туралы Джон Нгуйеннің 2016 жылы жарыққа шыққан "Дэвид Линч: Өнердегі өмір" деректі фильмінде айтылады.

А. Оралқызы