Тәуелсіздік туралы фильмдер

Тәуелсіздік туралы фильмдер

Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн. Әлем тарихында қаншама ел өз тәуелсіздігі үшін ғасырлар бойы күресті. Кейін бұл ерлік істер кино өнеріне әсер етті. Бұл кинотуындылар көптеген адамдардың жүрегінде отанға деген сезімді оятып, егемендіктің қаншалықты қымбат екенін ұғындырды.

Массагет порталы Тәуелсіздік күні қарсаңында үздік тәуелсіздік туралы фильмдерді ұсынады.

1. Батыл жүрек, 1995 жыл

Режиссері – Мел Гибсон

"Батыл жүрек" (Braveheart) – Шотландияның ағылшын билігіне қарсы тәуелсіздік үшін күресі туралы фильм. Картинаның басты кейіпкері – Мел Гибсон сомдаған шотландтардың көшбасшысы Уильям Уоллес.

1995 жылы "Батыл жүрек" 10 аталым бойынша Оскар сыйлығына ұсынылды және оның ішінде "Үздік фильм", "Үздік макияж", "Үздік режиссер", "Үздік оператор" және "Үздік дыбыс эффектілері" сияқты бес жүлдені жеңіп алды.

Кинотуындының ұраны: "Бәрі өледі, бірақ бәрі де шын өмір сүрмейді".

Осы фильм жарыққа шыққаннан соң Шотландия тәуелсіздікке қатысты тарихында болмаған бірқатар заңдар қабылдады. Фильм Шотландияның ұлтшыл қозғалысына қатты әсер етті және Шотландияның тәуелсіздік науқанын күшейтті.

2. Патриот, 2000 жыл

Режиссері – Роланд Эммерих

"Патриот" (The Patriot) – Роланд Эммерихтің  Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздік соғысы тақырыбына арналған драмалық фильмі. Басты рөлдерді Мел Гибсон, Хит Леджер және Джейсон Исаакс сомдады. Картина Эммерихтің ең табысты фильмі деп есептеліп, үш Оскар сыйлығына ұсынылды.

3. Жанна д’Арк, 1999 жыл

Режиссері – Люк Бессон

"Жанна д’Арк" (The Messenger: The Story of Joan of Arc) – 1999 жылы режиссер Люк Бессон түсірген тарихи драма.

"Жанна д’Арк"  жүз жылдық соғыс (1337-1453) кезінде француз халқының ағылшындарға қарсы азаттық күресін басқарған. Жанна д’Арк басқарған жасақ ағылшындарды 4 рет жеңеді. Бұл жеңістер Жанна д’Арк есімін халық арасында аңызға айналдырады. Карл VII оның арқасында таққа отырады. Бірақ  Жанна д’Аркты патшаға одақ болғысы келмегендер ағылшындарға сатады. Британиялықтар оны Руан алаңында өртеп жібереді.

4. Тәуелсіздік күні, 1996 жыл

Режиссері – Роланд Эммерих

"Тәуелсіздік күні" ( Independence Day ) –  1996 жылы Роланд Эммерих түсірген америкалық ғылыми-фантастикалық фильм. Кинокартинада адамзаттың тәуелсіздігі үшін жатпланеталықтармен күресі сипатталады.

5. Ганди, 1982 жыл

Режиссері – Ричард Аттенборо

"Ганди" (Gandhi) – 1982 жылы Ричард Аттенборо түсірген фильм. ХХ ғасырдың бірінші жартысында Үндістандағы британдық отаршылд билігіне қарсы зорлық-зомбылықсыз қарсылық қозғалысының жетекшісі және идеологы Махатма Гандидің өмірі туралы баяндайды.

Фильм Британиялық кино институтының нұсқасы бойынша 100 үздік фильмдер тізімінде 34 орынға ие болды, сонымен қатар 8 мәрте  Оскар сыйлығымен марапатталды.

А. Оралқызы