Желіні шулатқан 5 қазақстандық сериал

Желіні шулатқан 5 қазақстандық сериал
Фото: Salem Social Media

Бірнеше жыл бұрын отандық сериалдарды жасандылық үшін сөксек, бүгін желіде туындылар сапасы мен сюжеті арқылы көрерменді таңғалдырып отыр. Желіде миллион көрілім жинап, біраз талқыға түскен сериалдар топтамасын жасадық. 

5:32

Жанр: детектив,триллер
Режиссер: Алишер Утев
Аса ауыр қылмыстар бөлімінің тергеушісі қызметін атқарған Шалқар зейнетке шыққан. Өткеннің елесін ішімдік көмегімен ұмытпақ. Бір күні оған жас полиция қызметкері келіп, тергеу ісіне көмектесуін сұрайды. Қалада жаңа бір маньяктың пайда болғаны белгілі болады. Оқиға барысында Шалқар өткен оқиғаларды еске алады.

Sheker

Жанр:криминал, драма
Режиссер: Айтөре Жолдасқали
Алматы. Екінші курс студенті Алдияр университеттен шығып кету алдында тұр. Бұны болдырмаудың жалғыз жолы — қажет соманы уақытында өтеу. Отбасына бұл жаңалықты айтуға батылы жетпейді. Сол үшін керек ақыны табу үшін синтетикалық есірткелер дүкеніне делдал болып жұмысқа орналасады. Жұмысы оңынан жүреді. Ақшаның қызығын көре бастаған Алдияр алғашқы мақсатын ұмытады. Дегенмен бұл қызық ұзаққа созылмайды.

Эскорт

Жанр: криминал, драма
Режиссер: Қуаныш Бейсеков
Оқиға Шымкенттен Алматыға арман қуып келген бойжеткен Сара туралы. Ата-анасына көмектесу үшін жұмыс істей бастаған Сара тапқан табысы күнделікті шығыннан артылмайтынын түсінеді. Сол себепті ол таңдаулы эскорт агенттігіне жұмысқа орналасады. Бірнеше айдың ішінде отбасының қарызын жауып, жағдайын түзеп алады. Кейін құрбысы Айнұрға да жұмыс ұсынады. Өкініштісі, Айнұр алғашқы күні-ақ белгісіз себеппен қаза табады.

Сержан братан

Жанр: криминал, драма, комедия
Режиссер: Алишер Утев
Беделді алматылық рэкетир 23 жыл бойына комада ес-түссіз жатады. Кенеттен есін жиған ол өзінің қартайып, балаларының ержеткенін, ал өмірдің зулап өтіп кеткенін мойындағысы келмейді. Оған қайтадан өмір сүріп үйренуге тура келеді.

Мыстан

Жанр: драма, комедия
Режиссер:  Ернар Нұрғалиев
"Мыстан" сериалы үш түрлі әйелдің басынан кешкен оқиғаны баяндайды. Томирис, Перизат және Сымбат арамызда жүрген бойжеткендердің образынан жасалған. Олардың өз арман-мақсаттары бар. Бірақ олар тағдыр тәлкегіне ұшырайды. Қатыгездік пен сатқындықтың құрбандары болады. Кек қана әділдік орнататын жалғыз жол сияқты көрінеді. 

Т. Есқали