Gucci сән үйі туралы көркем фильм шықты

Gucci сән үйі туралы көркем фильм шықты

Жуырда Gucci сән үйі туралы көркем фильм көрермен назарына ұсынылмақ. Нақтырақ айтсақ, жаңа туындының оқиға желісі фэшн-империяның мұрагері Маурицио Гуччи өлімінің төңірегінде болады.

Басты рөлді Леди Гага сомдаған, ал режиссер ретінде Ридли Скотт таңдалған. Леди Гага кейіпкері – Маурицио Гуччидің жұбайы Патриция Реджиани. Маурицио Патрициямен ажырасып, 1995 жылы басқа әйелге үйленбек болады. Алайда, бұрынғы әйелі миллиардтаған еуро тұратын мұра оның жас келіншегімен бөліске түседі деген қорқыныштан киллер жалдап күйеуін өлтіреді. Кейін ол "Гуччи империясының қара жесірі" атанып кетеді.

Екі жыл өткен соң Патриция Реджиани кінәсін мойындайды, сөйтіп 1997 жылы сотталады. Ал 2016 жылы босап шығып, алтынмен апталып, күміспен қапталған сарайына қайта оралады.

Кезінде ол: "Көк тиынсыз қалып, жылап отырғаннан, Ламборгинидің ішінде жылағаным артық" - деген екен. Есесіне, күйеуінің атасынан қалған мұра мұның қыздары – Алессандра мен Аллеграның еншісіне өтіп, қызығын әлі осы әйел көріп келеді.

Фильм сюжетіне Сара Гэй Форденнің “Гуччи үйі: Сенсациялық қылмыс, ессіздік, гламур мен сараңдық оқиғасы” аталатын кітабі негіз болған. Картинада Мауриционы Адам Драйвер сомдайды.

Жалпы картинаға атақты актерлер топтастырылған. Мысалы, Паоло Гуччиді Джаред Лето, Альдо Гуччиді Аль Пачино, Родольфо Гуччиді Джереми Айронс пен Джузеппина Ауриемманы Сальма Хайек ойнайтыны белгілі. 

Леди Гаганың кейіпкері: "Оларда бәрі бар еді: байлық, стиль, билік. Бұл аталғандар үшін кім қылмысқа бармас еді?!"- дейді бір сценада. 

А. Оралқызы