QaraFest: Фестивальде көрсетілетін фильмдер #2

QaraFest: Фестивальде көрсетілетін фильмдер #2
Фото: www.qarafilmfest.kz

23-28 қыркүйек аралығында Алматыдағы «Арман» кинотеатрында (Достық даңғылы, 104) QaraFest фестивалінің фильмдері көрсетіледі. Ал онлайн-фестиваль – qarafilmfest.kz алаңында 30 қыркүйек пен 9 қазан аралығында өтеді. 

Әр көрсетілімге 100 көрерменнен ғана кіре алады, ал билеттерді Ticketon-нан, я болмаса, көрсетілім болатын күні  «Арман» кинотеатрының кассасынан сатып ала аласыз. 

QaraFest фестивалі туралы толығырақ білгіңіз келсе, біздің әлеуметтік желідегі парақшамызға (instagram.com/qarafest) тіркеліңіз. 

QaraFest бағдарламасында Чили, Түркия, Швеция, Германия, Норвегия, Финляндия, Грузия, Бельгия, АҚШ және Румыниядан 10 туынды бар. Барлық фильмдер түпнұсқа тілінде, қазақ және орыс субтитрлерімен көрсетіледі.  

Көрсетілімдер Сорос-Қазақстан қорының және Нидерландтық movies That Matter кинофестивалінің гранттар бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырылды.

QaraFest - авторлық деректі фильмдер фестивалі. Көзбен көруге, көңілге түюге, зерттеуге, таным көкжиегінде зерделеп, тың болмысты тануға мүмкіндік беретін фестиваль. 2020 жылғы қиын кезеңде туып, әлемдік шектеулерге қарамастан, былтыр 2200-ден астам көрерменге Қазақстанның 8 үздік деректі туындысын ұсынды.

«QaraFest: Фестивальде көрсетілетін фильмдер #1» мақаласында аталған шарада көрермен назарына ұсынылатын картиналардың алғашқы бестігін атап өткен болатынбыз. Бүгін сол топтаманың жалғасын ұсынып отырмыз.

"Өлместің күні" (Өлтірмес) (That Which Does Not Kill)
Режиссері: Алекс Пукин
Елі: Бельгия, Франция
Тілі: француз
Жылы: 2019
85'
Бірінші көрсетілім: 24.09 сағ.  18:00
Екінші көрсетілім: 25.09 сағ.  14:30

Аде 19 жаста. Бәрі көзді ашып-жұмғанша болады. Ол жігіт – Аденің жақын танысы, сондықтан ол қарсылық танытпайды. Аденің әңгімесі фильмнің негізгі өзегі және оның оқиғасын баяндап отырған актер мен актрисалардың ұқсас тәжірибелерімен үндеседі. Режиссер Алекс Пукин зорлаудың салдарын сөйлетудің сыпайы тәсілін таба алған: тән мен жанның ауырсынуы, болған жайтты түсінуге және тіршілікті жалғастыруға деген ұмтылыс.

Бұл – ақылға сыймайтын, қиын да күрделі, әйтсе де, үнемі ұшыраса беретін оқиға.

Œкономика (Œconomia)
Режиссері: Кармен Лозманн
Елі: Германия
Тілі: неміс, ағылшын тілдері
Жылы: 2020
89' 

Көрсетілім күні: 26.09 сағ. 13:15 (ескерту: Ashyq қосымшасының “жасыл” статусымен ғана кіре аласыз)

Капиталистік жүйенің аса түсініксіз тетіктерін тыңғылықты зерттеу. Режиссер Кармен Лозманн соңғы онжылдықтардағы экономиканың қарқынды дамуымен қатар бай мен кедей арасындағы алшақтық неліктен одан сайын ажырап бара жатқанын  түсінуге тырысады. Осы күрделі сауалдың жауабын табу мақсатында қаржы секторының жетекші өкілдеріне жүгінеді. Олардың жауабы қандай?

"Әлі де өзіңе ғашықпын" (Still Into You)
Режиссер: Ану Куйвалайнен
Елі: Финляндия
Тілі: фин тілі
Жылы: 2020
70'

Бірінші көрсетілім: 26.09 сағ.  18:15 (ескерту: Ashyq қосымшасының “жасыл” статусымен ғана кіре аласыз)
Екінші көрсетілім: 27.09 сағ.  20:00

Кәрілік жеткенде екеудің арасындағы қарым-қатынас қалай өзгереді? Режиссер Ану Куйвалайнен өзінің махаббат, кәрілік, жақындасу мен өмірден өту туралы нәзік әрі шынайы фильмінде осы мәселені зерттеп көреді. Егде жастағы бес жұп көрерменге өз өмірін көрсетуге мүмкіндік береді, бізді де күтіп тұрғаны осы емес пе?

"Қаңғыбастар" (Stray)
Режиссері: Элизабет Ло
Елі: Түркия, АҚШ, Гонгконг 
Тілі: түрік тілі
Жылы: 2020
72' 

Бірінші көрсетілім: 26.09 сағ.   15:00 (ескерту: Ashyq қосымшасының “жасыл” статусымен ғана кіре аласыз)
Екінші көрсетілім: 27.09 сағ. 17:00

«Қаңғыбастар» фильмі Стамбулдың кезбе көшелерін кезіп жүрген үш иттің көзімен баспанасыз өмір сүрудің қандай болатынын көрсетеді. Зейтин, Назар және Картал атты үш ит әр күнін жейтінге тамақ, жататынға тұрақ іздеумен өткізеді. Қызыққа құмар иттер қараусыз қалған үйлер мен шулы көшелерді кезіп, бұрыш-бұрышты тінтуден шаршамайды, сол арқылы автор түрік қоғамының көлеңкеде қалған өмірін көрсеткісі келгендей.

"Өзіміздің жігіттер" (The Men’s Room)
Режиссері: Джо Вемюнд Свендсен, Петтер Соммер
Елі: Норвегия
Тілі: норвег, ағылшын тілдері
Жылы: 2018
74'

Бірінші көрсетілім: 25.09 сағ. 16:00 (ескерту: Ashyq қосымшасының “жасыл” статусымен ғана кіре аласыз)
Екінші көрсетілім: 28.09 сағ. 19:00

Орта жастағы 25 жігіт әр сейсенбіде күнделікті тіршіліктен бас алып, әйел, бала-шағасын үйге тастап, бірге рок-әндер айтуға жиналады. Достық, бауырмалдық, музыкаға деген махаббат және өмірдің құндылықтары туралы фильм.

А. Оралқызы