78-ші Венеция кинофестивалінің жеңімпаздары белгілі болды

78-ші Венеция кинофестивалінің жеңімпаздары белгілі болды

78-ші Венеция кинофестивалі күні кеше ғана мәресіне жетті. Бас жүлде, яғни, «Алтын арыстан» француз режиссері Одри Диванның «Оқиға» фильміне бұйырды.

Аталған шараның тағы бір ірі марапаты саналатын «Күміс арыстан» Джейн Кемпионға «Төбеттің билігі» үшін берілді. Гран-при «Құдайдың қолы қолы» фильмін түсірген режиссер Паоло Соррентиноға берілді. 

«Жастық шақ» және «Ұлы сұлулық» фильмдерінің режиссері Паоло Соррентиноның «Құдайдың қолы» драмасы өзінің жастық шағында болған қайғылы оқиғалар туралы баяндайды. 

Фильм 1980 жылдары Неапольде өмір сүрген жасөспірім Фабиетто Шизенің өмірінен сыр шертеді. Айта кетейік, бұл Паоло Соррентино туған қаласы. Барлық қала тұрғындары сияқты бас кейіпкер де  көптен күткен қонақты көргенше асық. Себебі жуырда Неапольге аты мәшһүр Диего Марадона келеді. Бірақ баланың қуанышы ұзаққа созылмайды, себебі Фабиеттоның болашақ өмірге артқан үміті бір апаттың көлеңкесінде қалып қойған. 

Паоло Соррентиноның айтуынша, «Құдайдың қолы» - оның автобиографиясы. Сұхбатта режиссер өзінің жастық шағында болған қайғылы оқиға туралы айтқан: «Мен 16 жасымда таудағы үйді жылыту жүйесінің істен шығуы салдарынан болған апатта ата-анамнан айырылдым. Мен үнемі олармен бірге жүруші едім. Бірақ дәл сол күні Марадонаның ойынын көру үшін қалада қалғам». 

Фильмде Филиппо Скотти, Тони Сервильо, Массимилиано Галло және Тереза ​​Сапонангело ойнайды. Картина Netflix-те көрсетіледі.

Венеция кинофестивалі Пенелопа Крузды «Параллель аналар» немесе «Қатар ана атанғандар» фильміндегі жұмысы үшін үздік актриса деп атады. Ал Джон Аркилла Эрик Мэтидің жаңа фильміндегі рөлі үшін үздік актер атағын алды. Сондай-ақ «Жоғалған қыз» фильмінің сценарийі үздік деп танылды. Оны Мэгги Джилленхол жазған.

Естеріңізге сала кетейік, жеңімпаздарды қазылар алқасының төрағасы 2020 жылы «Паразиттер» фильмі үшін «Оскар» алған режиссер Понг Чун Хо бастаған топ анықтады. Командада «Оскар» алған режиссер Хлое Чжао,  Вирджини Эфира, Синтия Эриво және Сара Гадон сынды актрисалар болды.

А. Оралқызы