2 сағаттық саяхатқа аттандыратын фильмдер

Пандемия түрлі елдерге сапарға аттану, әлемнің сан алуан сұлулығына тамсану мүмкіндігінен айырғаны жасырын емес. Мутацияға ұшыраған вирустың жаңа штамдары жақын арада саяхатқа шығу жоспарын киінге ысыруға себеп болып тұр. Десек те, үйде отырып-ақ 2 сағатқа болса да, өзге елді аралап келудің оңай әрі тиімді әдісі бар. Ол, әрине, кинематограф туындылары.

Ендеше, біз ұсынған бірнеше картина алдағы демалыс күндері сіздің жолсерігіңізге айналсын.

"Римдегі каникул" (1953), Уильям Уайлер

Иә, тізімді классикалық картинадан бастауды жөн көрдік. Бұл романтикаға толы комедияда бас кейіпкерлерді аты аңызға айналған Одри Хепберн мен Грегори Пек ойнайды. Сценарий бойынша, Римдегі ресми кездесуден қашып, қала аралап кеткен ханшайым көне қаланың сұлулығына тәнті болады. Онымен бірге сіз де естен кетпес саяхат жасайсыз. Кинематограф шедеврі туралы көп оқығаннан, бір көргеніңіз жөн. Бірақ бұл киноның бір көргеннен кейін де, қайталап тамашалай бергің келетін ерекше қасиеті бар. 

"Вики Кристина Барселона" (2008), Вуди Аллен

Вуди Алленнің барлық фильмі сияқты, "Вики Кристина Барселона" да атмосферасымен және әдемі кадрларымен баурап алады. Фильм аты айтып тұрғандай Барселонада түсірілген. Қос құрбы қалаға турист боп келіп, ессіз ғашық болады. Скарлетт Йохансон, Хавьер Бардем мен Пенелопа Круздың жұлдызды актерлік құрамы сізді бірден баурап алады. Шығармашылық адамдарына міндетті түрде ұнайтын туынды. Оның үстіне, Вуди Алленнің есімі аталған жерде, картинаның мінсіз боларына ешкім шүбә келтіре алмайды. Сондықтан көп ойланбай, ғаламтордан іздей бастаңыз.

 "Көгілдір жағалау" (2015), Анджелина Джоли

Атақты Голливуд жұлдызы Анджелина Джоли режиссураға бет бұрғалы көп болды. Оның алғашқы картиналарының бірі осы – "Көгілдір жағалау". Туындыда бір-бірінен әбден жалыққан ерлі-зайыптылар сезімі суреттеледі. Күйеуі – шығармашылық дағдарысқа ұшыраған белгілі жазушы. Ал әйелі – кезінде атағы дүркіреп тұрса да, сахнадан кетуге мәжбүр болған биші. Олар отбасылық қиындықтардан шығар жол таппай, ажырасудың аз-ақ алдында жүрген жұп. Махаббатты қайта жаңғырту үшін Францияның Оңтүстігінен шабыт іздеп, саяхатқа аттанған. Жалғасын өзіңіз қарап көріңіз. Айтпақшы, жазушыны Бред Питт сомдайды. Сондықтан бұл олардың жеке өмірінен тым алыс емес.

"Мотоциклист күнделіктері" (2004), Вальтер Саллес

Оңтүстік Америка туралы нағыз культті картина – Вальтер Саллестің туындысы. Ал бас кейіпкер өз құрлығын мекен еткен әр ұлт өкілінің бақытты болуын тілеп, әділеттік үшін күресте жанкештілік танытқан команданте Че Гевара. Қазір нағыз романтикалық кейіпкерге айналса да, көпшілік оның атағын шығарған Куба революциясына дейін кезбе жиһанкез болғанын біле бермейді. Латын Америкасын тұтас кезіп, қарапайым халық тіршілігінің куәгері болып қана қоймай, білген-түйгенін қағазға түсіріп отырған.

1952 жылы досы Альберто Гранадоспен бірге аттанған бұл сапар жазбалары құндылығы жағынан битник қаламгерлердің королі – Джек Керуактың "Жолда" романынан кем түспейді. "Мотоциклист күнделіктері" деген атаумен жарық көрген кітап негізінде түсірілген бірнеше фильмнің ішінде осы картина талай фестивальден жүлделі оралды.

"Жабайы" (2014), Жан Марк Валле

Көпшілікке комедиялық рөлдері арқылы танылған Риз Уизерспун осы картинадағы жұмысы үшін "Оскар", "Алтын Глобус", Британ академиясы мен Актерлер Гильдиясы премиясына номинант болды. Көк көз, блондин бикештерді сомдап жүрген актриса драмалық кейіпкер бейнесі шынымен-ақ шебер жеткізген. Өзіңіз де бір көріп, көзайым болыңыз. 

Біздің тізім таланттарды анықтау емес, саяхатқа аттанғандай күй кешіретін фильмдерді түгендеуге бағытталғандықтан, Жан Марк Валленің жоғарыда атап өткен туындысы рейтингтің құрамына толыққанды ене алады. Мұнда отбасылық өмірі құрдымға кеткен жас келіншектің дертіне дауа іздеп жалғыз сапарға аттану оқиғасы баяндалады. Жабайы табиғатпен бетпе бет келген кейіпкер шын мәнінде қарапайым нәрселерге шаттанып, өз өзін бағалай білуді үйренеді. Демек бақытты өмір сүрудің кілтін саяхат арқылы табады.