Джеймс МакЭвойдың ең атақты рөлдері

МакЭвойдың тағдыры режиссер Дэвид Хейманмен кездесуден кейін өзгерді десек қателеспейміз. Джеймс мектепте оқып жүргенде, оның сыныбына режиссерді кино мен театр әлемі туралы айту үшін қонаққа шақырады. Бірнеше жылдан кейін Хейман МакЭвойды "Көрші бөлме" (Соседняя комната) атты фильмге түсуге шақырады. Осылайша Джеймс өзінің алғашқы рөлін ойнап шығады. Кейін Патшалық Шотландия музыка және драма академиясына оқуға түседі. Оның актер ретінде жұмысы жылдан жылға сұранысқа еніп, көрермен көзайымына айналады. Бүгін назарларыңызға актердің ең атақты 7 рөлін ұсынамыз. 

Дюннің балалары / Дети Дюны / The Children of Dune
Кейіпкері: Лето II Атрейдес
Шыққан жылы: 2003
Режиссёр: Грег Йейтанес
Рөлдерде: Алек Ньюман, Джули Кокс, Сьюзен Сарандон, Даниэла Амавиа, Эдвард Аттертон, Иэн МакНис, Джеймс МакЭвой, Джессика Брукс

SciFi Channel арнасының қолдауымен түсірілген мини-сериал Фрэнк Герберттің екі кітабының сюжетін толықтай көрсете алды. Джеймс Пол Атрейдестің ұлы Летоның рөлін ойнайды.
Сериалға бөлінген қаражат айтарлықтай көп емес еді. Сондықтан тек көрермен назарын актерлік шеберлік арқылы ғана аударту керек болды.  МакЭвой мен Брукс — Лето мен Ганим есімді егіздерді сомдау арқылы сериалға сән бергендей. 

Уимблдон / Wimbledon
Кейіпкері:
Карл Кольт
Шыққан жылы: 2004
Режиссёр: Ричард Лонкрейн
Рөлдерде: Пол Беттани, Кирстен Данст, Сэм Нил, Николай Костер-Вальдау, Джеймс МакЭвой

2004 жылы актер Британиядан тыс мемлекеттерде танымал бола бастайды. Оған себеп болған романтикалық комедия "Уимблдон".  Джеймс бұл фильмде ағасының кенеттен келген танымалдылығын қыздармен танысу үшін қолданатын іні рөлін ойнайды. Фильмдегі бас кейіпкер Питер – жеке өмірінде де, кәсіби салада да жолы болмай жүрген бозбала. Жолы болып Уимблдон турнирінің қатысушысы болады. Турнир кезінде америкалық Лиззимен танысып, оған ғашық болады. 

Шекспирлік жаңа леп / Шекспир на новый лад/ Shakespeare Re-Told
Кейіпкері: Джо Макбет
Шыққан жылы: 2005
Режиссёр: Марк Брозел, Эд Фрейман, Брайан Персивал, Дэвид Ричардс
Рөлдерде: Ширли Хендерсон, Джеймс МакЭвой, Сара Пэриш, Ричард Армитедж

Британиялық мини-сериалды  Уильям Шекспирдің бір трагедиясы мен үш комедиясы негізінде құрылған. Беделді мейрамхана асханасында соңы өліммен аяқталатын билік үшін талас біртүрлі көрінетіні сөзсіз. Дегенмен актерлік шеберлік сериалдың бұл тұсын ерекшелендіріп тұрады. Сол үшін МакЭвойды мақтап қоймасақ болмайды. Ол Макбеттің образын түсініп, фильм барысында бір ғана көзқарасы арқылы береді. Сол арқылы билікке құштарлық адамның жасы мен қоғамдағы орнына қарамастан бұзатынын түсінуге болады. 

Өтем / Искупление/ Atonement
Кейіпкері:
Робби Тёрнер
Шыққан жылы: 2007
Режиссёр: Джо Райт
Рөлдерде: Кира Найтли, Джеймс МакЭвой, Сирша Ронан, Ромола Гарай, Бенедикт Камбербэтч, Джуно Темпл, Алфи Аллен, Ванесса Редгрэйв

Иэн Макьюэнның романының желісі бойынша түсіліген фильм кезінде жыл сайынғы Венеция кинофестивалін ашу құрметіне ие болған. Сыншылардың да, көрермендердің көңілінен шыққан еді.  Джеймс бұл фильмде Робби Тёрнердің рөлін сомдайды. Фильм өз бастығының үлкен қызына ғашық болған қызметшінің ұлы туралы. Олардың бақыттары ұзаққа созылмайды, ал тағдыр қос ғашыққа сан алуан сынақ дайындап қойған еді. МакЭвой өз кейіпкерінің болмысын, сезімі мен іс-әрекетін асқан шеберлікпен жеткізеді: ұялу, қуаныш, қасіреті мен ашу. Фильмді көріп отырып, Роббилдің сезімінің шынайы екеніне еріксіз сеніп, басына төнген бар қатердің барлығы әділетсіз екенін ұғып, оған жанын ашиды.  

Икс: Алғашқы санат / Люди Икс: Первый класс / X: First Class
Рөлі: Чарльз Ксавьер Профессор
Шыққан жылы: 2011
Режиссёр: Мэттью Вон
Рөлдерде: Майкл Фассбендер, Кевин Бейкон, Дженнифер Лоуренс, Дженьюэри Джонс, Роуз Бирн, Оливер Платт, Николас Холт, Зои Кравиц, Калеб Лэндри Джонер

Мутанттарға арналған мектептің құрылу тарихымен қатар, Чарльз Ксавьер мен Эрик Леншердің достығы және Профессор Икс пен Магнетоның арасындағы даудың туындау себебін көрсететін фильм.  Профессор Ксавьердің сомдауға Джеймс Макэвой үлкен жауапкершілікпен қараған сыңайлы. Оның кейіпкері Чарльз — өзінің кемшіліктері бар жас идеалист. Ол өмірден сабақ алып ерте есейеді. Өзгелерге ұқсамайтын мутанттарды дұрыс жолға салмаса, олардың әлемге қаншалықты қауіпті екенін түсінеді.  Джеймс пен Майл Фассбендер арасындағы дуэт көрермен көңілінен шықты. Комикстер экраницазиясындағы ең мінсіз рөл деп айта алмаймыз, бірақ көзге түсіп, актерге танымалдылық сыйлаған рөлдердің бірі. 

Батпақ / Грязь / Filth
Кейіпкері: Брюс Робертсон
Шыққан жылы: 2013
Режиссёр: Джон С. Бейрд
Рөлдерде: Джеймс МакЭвой, Джейми Белл, Эдди Марсан, Джим Бродбент, Имоджен Путс, Ширли Хендерсон

Брюс — өзіне ғана тән тәсілі бар детектив. Ол жеңілуді дегенді білмейді. Сонымен қатар, МакЭвойдың кейіпкері қылмыскерді іздеуге емес, айналадағы адамдардың өтінішін орындаудан қолы тиер емес. "Батпақ" фильмі оны жаңа қырынан ашты. МакЭвойдың актер ретінде харизмасын көрсетіп қана қоймай, оның романтикалық рөлдерден бөлек, келбетті есуастың рөлін де еш қиындықсыз алып шығатынын дәлелдеп берді. 

Сплит/ Split
Кейіпкері:
Деннис / Патрисия / Хедвиг / Кевин Крамб /
Шыққан жылы: 2017
Режиссёр: М. Найт Шьямалан
Рөлдерде: Джеймс МакЭвой, Аня Тейлор-Джой, Бетти Бакли Хейли, Лу Ричардсон, Джессика Сула, Иззи Коффи

Шьямаланның ерекше кейіпкерлердің оқиғасын баяндайтын фильмнің соңғы бөлімі "Шыны" айтарлықтай көңілден шыға қоймады. Есесіне,  "Сплит" фильмі біраз уақытқа дейін көрермен көзайымы болды. МакЭвой бұл фильмде ішінде бірнеше адам өмір сүретін маньяк образын сомдайды. Бір-біріне мүлде ұқсамайтын кейіпкерлерді бір адамның мінсіз сомдауы мүмкін емес дерсіз, бірақ Джеймс дәлелдеп үлгерді. Оның қолынан келмейтін нәрсе жоқ.