Стимпанк жанрындағы фильмдер мен мультфильмдер

Стимпанк жанрындағы фильмдер мен мультфильмдер
Фото: tanjand.livejournal.com

Стимпанк – бу энергиясының қалыптасуы негізінде пайда болған жанр. Болашақты бу машиналарының дамуы арқылы бейнелейді. Жанр ертеде пайда болған. Дегенмен қызықты еңбектер 1960 жылдардан бастап дүниеге келе бастады. Balbal.kz стимпанк жанрындағы фильмдер мен мультфильмдер тізімін назарыңызға ұсынады.

Эмбер қаласы, 2008 (Сity of Ember)
Экологиялық апаттан кейін адамзат жер астында тығылуға мәжбүр. Адамдар мұнда 200 жыл өмір сүруді жоспарлаған. Алайда буынның өзгеруі бұл жоспардың ұмытылуына алып келеді. Екі жасөспірім қоғамды өзгерте алатын нұсқаулықты табады. Дегенмен билік басындағылар ақпараттың жайылып кетуін қаламайды.

Фильмде ретрофутуризм арқылы қоғамның құлдырауын көрсетеді. Ал жемқорлық мұның негізгі себебі ретінде бейнеленген.

Лемони Сникет: Қайғылы оқиғалар сериясы, 2004 (Lemony Snicket’s A Series of Unfortunate Events)
Өрттен кейін Бодлер отбасысының үш баласы ата-аналарынан айрылады. Сот балалардың қамқоршысы ретінде Олаф есімді графты тағайындайды. Бірақ оның ойы жетімдердің көзін құртып, мұраға қол жеткізу. Бодлерлерді қорғайтын ешкім қалмайды. Ендігі балалар зұлымдықпен өз беттерінше күресіп, мұраны сақтап қалуы тиіс.

Фильм Лемони Сникет лақапатымен белгілі Дэниел Хэндлердің кітаптары негізінде түсірілген. Бастапқыда режиссері Барри Зонненфельд болуы тиіс еді. Алайда кейін режиссер ретінде Брэд Сиберлинг таңдап алынады.

Хьюго, 2011 (Hugo)
Фильмде Париж темір жол вокзалында өмір сүретін Хьюго Кабре есімді жетімнің оқиғасы баяндалады. Әкесінен тек бұралмалы қуыршақ қана қалған. Талантты бала жаңа құрбысымен бірге қуыршақтың құпиясын анықтап, оны іске қосады.

Мартин Скорсезенің бұл туындысы Брайан Селзниктің кітабы негізінде түсірілген. Фильм монтаждың пайда болуына үлесін қосқан белгілі режиссер Жорж Мельестің де өмірін баяндайды.

Шерлок Холмс, 2009 (Sherlock Holmes)
Танымал ізкесуші Шерлок Холмс пен оның серігі доктор Ватсон зұлым лорд Блэквудты қолға түсіреді. Қылмыскерді жазалағанымен, уақыт өте ол жоғалып кетеді. Холмс мұнда ешқандай мистиканың жоқ екенін дәлелдеу үшін іске кіріседі.

Гай Ричидің жұмысы Конан Дойлдың кітабымен мүлде байланыспайды. Оқиғаларды жаңа қырынан көрсетіп, Шерлок Холмс әлеміне ерекше леп берді.

Қазына планетасы, 2002(Treasure Planet)
Джим өзінің анасына асхананы дамыту үшін көмектеседі. Алайда ғарыш қарақшыларының шабуылынан кейін асхана отқа оранады. Бірақ Джим капитан Флинттің қазына планетасына алып баратын картаға қол жеткізеді.

Рон Клементс Роберт Стивенсонның «Қазына аралы» кітабын негізге алып, оқиғаларды толығымен ғарышқа ауыстырған. Стимпанк жанрының белгілерін қоса отырып, ерекше мультфильмді жасап шықты.

9, 2009 (9)
Тоғызыншы нөмірдегі матадан жасалған адам зертханада есін жинайды. Кейіпкер өзінің кім екенін және не болғанын білмейді. Ол өз достарымен бірге маңызды миссияны атқаруы тиіс. Бірақ бұл үшін ең бастысын есіне түсіруі қажет.

Аспандағы Лапута қамалы, 1986 (天空の城ラピュタ, Тэнку: но сиро Рапюта)
Сито есімді қыздың ізіне мемлекет агенттері мен қарақшылар түскен. Өйткені оның қолында Ұшатын тас бар. Бұл жәдігердің көмегімен аңызға айналған Лапута аралын табуға болады. Агенттер мен қарақшылардан қашып жүріп, ол Падзу есімді шахтерді жолықтырады.

Хаяо Миядзаки «Гулливердің саяхаты» кітабының бір бөлімін басшылыққа алып, стимпанк-ертегіні жасап шыққан. Ал оқиға негізін өзі ұнататын «ұшу» тақырыбына арнайды.

balbal.kz

Г. Берік