Қазақ қоғамы көруге тиіс 5 фильм

Қазақ қоғамы көруге тиіс 5 фильм

Қазақ мемлекеті қай жағынан алып қарасаң да жас мемлекет. Әлемдегі дамыған елдер өткен өткелдерден біздің ел енді өтіп жатыр. Әлем режиссерлері еліндегі кейбір келеңсіздіктерді кино тілінде сөйлеткен, өмірдегі кейбір қиын кездерді лентаға таспалаған. Біздің қоғам да мен ұсынған 5 фильмдегі өзекті мәселелермен бетпе-бет келіп жатыр. Сондықтан өзге елдердегі адамдар "бұл мәселелерді қалай шешті", "қиындықтан қалай құтылды" дейтін сұрақтар қызықтырса, мына фильмдерді көріп шықсаңыз артық етпейді. Бастысы бұл 5 фильм "адам қай кезде де адам болып қалу керек" дегенді насихаттайды.

1. "Мен, Дэниэл Блейк" (I, Daniel Blake)\Режиссері Кен Лоуч

Фильм 59 жастағы ұста Дэниэл Блейк туралы. Ол инфарктан кейін жұмыс істей алмай әлеуметтік көмекке мұқтаж болады. Кейбір себептерге байланысты оған қаржылай көмек берілмейді. Әділетсіздікке төзбеген Дэниэл мемлекеттік бюрократиямен күреседі.

2. "Аң аулау" (дат. Jagten)\Режиссері Томас Витенберг

42 жастағы Лукас (Мадс Миккельсен) шағын ауылдағы балабақшада жұмыс істейді. Балабақшада Клара атты кішкентай қыз (бас кейіпкердің досының қызы) Лукасты зорламақ болды деп айыптайды. Қанша жылдан бері көз таныс, достары одан теріс айналады. Фильм конформизмге ұрынған адамдар туралы баяндайды.

3. "2 күн, бір түн" (фр. Deux jours, une nuit) \Режиссері Ағайынды Дардендер

Екі баланың анасы Сандра депрессиямен күрестен кейін жұмысқа қайта оралады. Бірақ компания қызметкерлеріне жылдық бонус берілуі үшін бір адам жұмыстан шығу керек болады. Барлығы Сандраның жұмыстан шығуына дауыс береді. Сандра жұмыста қалу үшін сенбі-жексенбі күндері оған қарсы дауыс берген он төрт қызметкермен сөйлесіп, ойын өзгерту  үшін жанын салады. Фильм қиын-қыстау кезінде адамдықтың қалай болатынын суреттейді.

4. "Қысқы ұйқы" (түр. Kış Uykusu)\Режиссері Нүри Білге Жейлан

Каппадокиядағы шағын қонақ үйдің иесі Айдын ажырасқан әпкесімен және өзі сүймейтін әйелімен бірге өмір сүреді. Олар өз қасіретінен лаззат алатын адамдар. Фильм адам жанындағы бостықты баяндайды.

5. "4 ай, 3 апта және 2 күн" (рум. 4 luni, 3 săptămâni şi 2 zile)\Режиссері Кристиан Мунджиу

Фильм "Чаушеску" дәуіріндегі (1987) Румыния университетіндегі екі құрбы қыздың бір күнін бейнелейді. Қыздардың бірі, жүктіліктің 4-ші айы, 3-ші аптасы, 2-ші күнінде заңсыз түсік жасатқысы келеді.

Т. Раушанұлы