Охайо: Анименің қысқаша тарихы

Охайо: Анименің қысқаша тарихы

Бірнеше жыл бұрын аниме көретін адам "біртүрлі, қоғамнан алшақ адам" санатына жатса, бүгінде екінің бірі анимеге қызығушылық танытады. Netflix және Amazon Prime секілді онлайн сервистер де аниме фильмдер мен сериалдарға қолдау көрсетіп жатқаны да жасырын емес. Енді кинотеатрлардан да аниме-фильмдерді көру мүмкіндігі бар. Бүгін әлем назарын аударған анименің қысқаша тарихын баяндаймыз. 

ЕКІНШІ ДҮНИЕ ЖҮЗІЛІК СОҒЫСҚА ДЕЙІН

Жапонияда XII ғасырдан бастап оқиғаны суреттер арқылы жеткізу шеберлігі шыңдала бастады. Оған үш түрлі әліпбиден (кандзи, хирагана және катакана) тұратын жазу үрдісі себеп болды. Мәтінді қабылдауды жеңілдету үшін суреттерды қолдану сәнге айналды. 

Анимация жасауды Жапония XX ғасырда бастайды. 1920-жылдары Жапонияда манга мен аниме нарығының негізін қаланды. Жапондар анимацияны балаларға арнап емес, ересектерге арналған фильм ретінде дамытуды қолға алады. Бірақ жапон анимациясы бірден айтарлықтай табысқа қол жеткізе қоймайды. Біріншіден, анимация өндірісі жергілікті суретшілер үшін қымбат болады. Екіншіден, елде америкалық және француз мультфильмдеріне деген сұраныс жоғары еді. 20-жылдардың соңында Уолт Дисней өндірісінің пайда болуы олардың даму мүмкіндіктерін тіптен азайтып жібереді. 

Сонымен қатар, 1923 жылы 1 қыркүйекте болған Канто жер сілкінісі Токио мен Йокогамуды жойып жіберуге шақ қалады. Апат кезінде алғашқы анимациялық студия да зардап шегеді. 1929-жылы батыста алғашқы дыбысты мультфильмдер пайда болса, 1932-жылы түсті мультфильмдер пайда болады. Жапон анимациясы жаңа өзгерістерге бейімделу үшін өте төмен деңгейде болатын. 

Жапониядағы манга және аниме индустриясы Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін қарқынды дами бастады.  Жапон суретшілері шығындалмай-ақ сапалы анимация жасау жолын қарастырады. 1948 жылы құрылған "Тоэй" студиясы қаражаттың көп бөлігі маңызды сахналарға кетуін, ал аса маңызды емес бөліктердің сапасы төмендеу суреттеу арқылы шығарған. Нәтижесінде "Тоэй" жапон анимация индустриясында көш бастады. Олар шет мемлекеттерден тапсырыс ала бастағанымен,  жеке жанр ретінде батыс көрермендерінің көңілінен бірден шыға қоймады. 

ОСАМУ ТЭДЗУКА РЕВОЛЮЦИЯСЫ

1928 жылы дүниеге келген Осаму Тэдзука кино мен театр жанашырларының отбасында ер жетеді. Ол бала кезден жапон және батыс мәдениетін меңгереді. Уолт Дисней анимациясының жанкүйері болып қана қоймай, студент кезінен бастап манга салумен айналысады. Медицина саласында білім алып, енді басқа салаға (суретші) ауысуға шешім қабылдайды. Бұл шешімі елдің анимация индустриясын түбегейлі өзгерткен еді: Тэдзука батыс аудиториясын өзіне тәнті еткен алғашқы жапон манга және анимация авторы атанды. 

Өз жұмысында Тэдзука кинематографиялық әдістерді қолданады. Анимацияда кинодағыдай жоспалау жүйесі, ракурстар мен кадр пайда болады. Тэдзука режиссер мансабын "Тоэй" студиясында бастап, 1962 жылы жеке "Муши" атты студиясын ашады. Сол жерде ол мансап жолындағы ең сәтті манганы, соның негізінде ақ-қара стильде "Астробой" аниме сериалын шығарады. Осылайша Тэдзуку манга мен анимация атасы атанады. 1963 жылы "Астробой" алғаш рет АҚШ-та көрсетіледі. 

"Астробойдың" жетістігінен кейін Тэдзука жұмысын жалғастырды. 1950-1960 аралығында "Ақ арыстан Кимба"(Белый лев Кимба) атты манга мен мультсериал шығарды. Жапония үшін "Кимба" алғашқы түсті аниме-сериал болды. "Ақ арыстан Кимба" негізінде Уолт Диснейдің "Арыстан патша" (Король лев) мультфильмі жарыққа шығады. Көптеген кейіпкерлер мен сахналар дәлме-дәл көшірілгенімен, компания плагиат екенін мойындаудан бас тартады. Симбаны дыбыстаған актер Мэттью Бродериктің өзі әдейі көшіру жұмыстары болғанын айтады. Көшірменің барын байқаса да Тэдзуканың студиясы Disney компаниясымен соттаспайды. Өйткені студия қорында сол уақытта сот үдерісіне қажетті қаражат болмаған. 

ЭРОТИКАДАН ҒАРЫШҚА ДЕЙІН

1960-жылдары батыста The Beatles дәуірі жүріп жатқан шақта, жапон суретшілері өз болашағы үшін тер төгуді жалғастыра берді. "Астробой" жеңісі анимеге деген сұраныстың барын дәлелдеп берді. Анимация мен мангада жаңа жанрлар пайда болды. 60-жылдары ұлдарға арналған — сенэн, қыздарға арналған седзе жанры қолданысқа енді. Ұлдарға арналған аниме шытырманға толы болса, қыздарға арналған фильмдерде міндетті түрде романтика болуы шарт. Жасөспірім қыздарға арналған алғашқы аниме-сериал "Салли мыстан" (Ведьма Салли) болды. Бұл сериал сиқыршы бойжеткендер туралы жаңа жанрдың қалыптасуына алып келді. 

1963 жылы ер балаларға негізделген "Темір адам №28" (Железный человек №28) сериал шықты. 1968-жылы спорт тақырыбында "Кедзин жұлдызы" (Звезда Кёдзина) атты бейсбол ойыншысы туралы сериал шықты. Ал қыздарға арналған нұсқасы волейбол тақырыбын көтерді. Сол жылы  алғашқы "Мың бір түн" негізінде түсірілген эротикалық аниме шықты.

60 жылдары батыс телеарналары аниме-сериалдарды жиі сатып ала бастады. Бұл сұраныс 70-жылдардың басында ғарыш тақырыбы танымал болған шақта арта түсті. Өйткені, АҚШ пен Еуропада "Жұлдызды соғыстар" (Звездные войны) фильмінің алғашқы бөлімі шыққан еді. 

АНИМЕНІҢ АЛТЫН ҒАСЫРЫ

1980 жыл басталысымен мангалар мен аниме индустриясы қарқынды дами бастады: жаңа студиялар ашылды, жанрлар эволюциясы жалғасты, технологияның дамуы анимация сапасын арттырды. Сол сәтте киберпанк жанры сұранысқа енді. Батыста "Акира" толықметражды анимесінің дәурені дүркіреп тұрды. 

80-жылдары қатарға ең атақты жапон режиссер аниматоры Хаяо Миядзаки қосылады. Оның "Гибли" студиясында бірнеше атақты анимелер жарыққа шықты. 1984 жылы режиссер "Навсикая из Долины ветров" атақты мультфильмін, 1986 жылы "Небесный замок Лапута", 1988 жылы "Мой сосед Тоторо" мен 1989 жылы  "Ведьмина служба доставки" атты толықметражды аниме-фильмдерді жарыққа шығарады.

Біраз уақытқа дейін Қазақстанда анимеге деген сұраныс төмен болғаны жасырын емес. Балалар мен жасөспірімдер арасында "Наруто" аниме-сериалы ғана жиі аталатын еді.  Ересектер жағы анимацияны балалар ермегі ретінде қабылдап келді. Бүгінде жапон анимациясы жас талғамайтынын айқындап бергендей. 

Сөздік:
Аниме
— әлемде жапон анимациясын атаса, Жапонияда кез келген анимация атауы.
Акихабара — Токиодағы танымал шағын аудан. Бұл жерде манга, аниме мен видео ойындар фанаттарына арналған тауарлар сатылады.
Каваии — Жапонияда сүйкімді, әдемі дегенді білдіреді.
Косплей — аниме, манга, компьютеройындары, кітап, фильм кейіпкерлеріне образына сәйкес киініп, макияж жасау.
Манга — жапон комикстері, анименің басым бөлігі манга негізінде түсіріледі.
Мангака — манга суретшісі.
Отаку — Жапонияда белгілі бір нәрсеге тәуелді, сол іспен үздіксіз айналысатын адамды атайды. Ал өзге елдерде аниме мен манга фанаттарын атайды.
Сёдзё —  12-18 жас аралығындағы қыздарға арналған аниме мен манга.
Сёнэн— 12-18 жас аралығындағы ұлдарға арналған аниме мен манга. 





ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар