Бекзат Саттарханов жайлы фильмнің басты рөлі Асылханның қанжығасында

Бекзат Саттарханов жайлы фильмнің басты рөлі Асылханның қанжығасында

Қазақстандық режисер Ермек Шахмет Олимпиада чемпионы, атақты боксшы Бекзат Саттарханов жайында кинофильм түсіру үшін қызу дайындықты бастап та кетті. Бұл жөнінде "Қазақпарат" агенттігіне берген сұхбатында режисердің өзі мәлім етті.

"Бекзат" деп аталатын биографиялық кинофильмде бір жарқ етіп өте шыққан талантты спортшының кішкентай ғана өмір жолы баяндалмақ. Оның қазақ елін әлемге мойындатқан орасан жеңісінен кейін о дүниеге ерте аттануы бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. 

"Біз дәл қазір түсірілімнің қанша уақытқа созыларын анық айта алмаймыз. Бастысы - асықпай сапалы да, өнегелі кинофильмді жарыққа шығару. Бекзат жайында кино түсіру - өте үлкен әрі жауапты іс. Ол - қазақ батыры. Ол - ұлт мақтанышы. Біздің бұл жобаға мұқият дайындалғымыз келеді. Кино Бекзаттың туыстары мен жақындарының көңілінен шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Әрине, халықты да ұмытпаймыз. Бірінші кезекте киноға баға беретін де солар ғой", - деді Ермек Шахмет.

Режисер Ермек Шахмет

Режисердің сөзіне сенсек, кинокартина өзінің Shahmet Omniar компаниясы арқылы дүниеге келмек. Түсірілім тобы сәуір айынан бастап іске көшеді. Дәл қазір сценарийдің режисерлік нұсқасы жазылып жатыр. Жақын арада актерлерді іріктеу де болады. Режисердің айтуынша, басты рөлді Асылхан Төлепов («Жаужүрек мың бала») сомдайды.

Бекзаттың рөлінде Асылхан Төлепов

Сонымен қатар қазақстандық басқа да дарынды актерлер қатысады. Бекзаттың ғұмыры спортпен тығыз байланысты болғандықтан, киноға көбіне кәсіби спортшылар шақырылады. Саундтректі жарыққа шығару үшін жоба ұйымдастырушылары итальяндық композитор Людовик Эйнаудиді (Италияның екінші президенті Луиджи Эйнауди немересі) жалдаған. 

"Фильм - әлемдік масштаб. Біз бұл киноны тек қазақстандық көрермендер ғана емес, шетел жұртшылығы да тамашалағанын қалаймыз", - деген арманын жасырмаған режисерге және оның түсірілім тобына Массагет ұжымы атынан сәттілік тілейміз! 

 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: yvision.kz, aztorrent.kz, aztorrent.kz

А. Әбілхан