Голливудтағы қызықты оқиғалар

Голливудтағы қызықты оқиғалар
Фото: disgustingmen.com

Голливуд кино әлеміне жарық жұлдыздарды танытатын ғажайып ғалам секілді. Қызығы мен шыжығы біте қайнасқан алаңда неше түрлі тарихи оқиғалар болған. Тізіп көрейік...

Ең алғашқы голливудтық фильм екі күннің ішінде түсірілген. Режиссер Дэвид Уорк Гриффиттің «Көне Калифорнияда» («In Old California») деп аталатын туындысы болатын. Бұл некесіз туған ұлын Калифорнияның губернатор болғанға дейін тәрбиелеп өсірген испан әйел туралы фильм.

Голливудтың негізін қалаушылар болашақ Голливудты діни ұйымның ордасы ретінде елестеткен. Бұл қалада ішімдікке тыйым салынып, шіркеу саламын деушілерге тегін жер берілген екен. Ал қазіргі Голливуд тұрғындары қаланың болашағын қалай елестетеді екен?

Голливуд киностудиясының алғашқы түсірілім павильоны Томас Эдисонның зертханасы жанында болған екен. Ол 637,67 АҚШ долларына бағаланған.

Осы күнге дейін визажистер мен әрлеушілерге ең көп ақша жұмсалған фильм – «Маймылдар ғаламшары» («Planet of the Apes»). Фильм бір миллион АҚШ долларына түсірілген, ал әрлеушілердің қызметіне осы бюджеттің 17% бөлінген екен.

Голливуд тарихындағы ең көп жануар, жәндік көрсетілген фильм – Ирвин Алленнің «Рой» атты туындысы. Бұл фильм 1978 жылы түсірілген. Ал фильмге әсер беру үшін түсіру тобы  22 миллион араны жалға алған екен.

Ал ең қайғылы туынды деп 1931 жылы түсірілген «Викинг» фильмін атауға болады. Түсірілім алаңында кенеттен кеме жарылып, нәтижесінде 27 адам қаза тапқан. Оның ішінде режисер мен оператор да бар.

Ең қымбат ақ-қара түсте түсірілген фильм «Виржиния Вулфтан кім қорқады?» атты туынды. Оған 7,5 миллион АҚШ доллары жұмсалған екен. Фильм неге сонша көп сомаға шықты десеңіздер, актерлер – Элизабет Тэйлор мен Ричард Бёртонның қаламақысы қымбат екен.

Голливуд естелігіндегі "кемшілігі өте көп фильм" аталымына 1979 жылы түсірілген «Бүгін ақырзаман» туындсы ие. Осыған дейін зерттеу жүргізген сайттардың қорытындысы бойынша фильмде 390 кемшілік бар.

Төбешіктегі «Голливуд» жазуы есіңізде ме? Бұл жазудың құны (ең алғаш орнатылып жатқанда) 21 000 АҚШ доллары болған екен. Ал қазіргі бағаммен бұдан арзан тұрмайтыны белгілі. Бастапқыда “Hollywoodland” деген жазу болған, кейін соңғы “land” буынын алып тасталған.

Голливуд киностудиясының тарихында одан да қызықты рекордтар бар. Мысалы, ең көп рөлді сомдаған актер – Джон Уэйн. Ол актерлік мансабында 153 фильмге түскен екен.

Г. Берік