Диана ханшайым туралы фильмнің алғашқы кадры жарияланды

Диана ханшайым туралы фильмнің алғашқы кадры жарияланды

Атақты Голливуд актрисасы Кристен Стюарт белгілі чилилік режиссер Пабло Ларраинның "Спенсер" (Spencer) аталатын жаңа картинасының түсіріліміне қатысты. Сценариін Стивен Найт жазған бұл жаңа туындыда актриса бас кейіпкер Диана ханшайымның рөлін сомдады.

Жуырда ғана жарияланған стопкадр көпшілік көңілін бірден баурап алды. Өйткені актриса кейіпкердің шынайы бейнесінен айнымайды.

Фильмде бүкіл әлем жүрегінен орын алған леди Ди өміріндегі аса ауыр кезең, яғни Чарльз ханзадамен ажырасқан уақыты туралы баяндалады. Ақсүйектер отбасының 1990-шы жылғы Рождество алдындағы үш күні сипатталады.

"Әдетте ертегілерде ханзада қарапайым қызға ғашық болып, оны жар етеді. Осылайша ол ханшайымға айналып шыға келеді. Бұл, әрине, ғажап. Бірақ, қарапайым қыз ханшайым болудан бас тартып, өз тамырына оралу туралы шешім қабылдаса, міне, бұл шынымен таңқаларлық оқиға. Мен леди Дидің шешіміне тәнтімін. Дәл осы сәт жаңа фильмімнің жүрегі болды", – дейді Ларраин.

Т. Раушанұлы