"Жаным, айтсам сенбейсің!" фильміне киносыншылар көзқарасы

Қазақстан киносыншылар қауымдастығы Facebook-тегі парақшасында 2020 жылы отандық прокатқа шыққан, шығуға тиіс болған немесе фестивальдерге қатысып жатқан фильмдерді талқылап жатыр. 27 қазанда киносыншылар Нәзира Мұқышова, Молдияр Ергебеков, Дана Әмірбекова, Ержан Жұмабеков "Жаным, айтсам сенбейсің!" ("Жаным ты не поверишь!") фильмін талқылады. Назарыңызға киносыншылар пікірінің жазбаша нұсқасын ұсынамыз.

"Жаным, айтсам сенбейсің!" 5 наурызда прокатқа шығып, бір айдан кейін карантин әсерінен кинотеатрлардың жабылуына байланысты көрсетілімі тоқтап қалды. Фильм 17-23 қазан аралығында Ресейде өткен "Киношок" фестивалінде "Үздік сценарий" номинациясын, үздік толықметраж фильмге берілетін "Золотая лоза" жүлдесін, баспасөз дипломын иеленді.

Нәзира Мұқышова:

«Жаным, айтсам сенбейсің» қара комедия жанрында түсірілген. Фильм прокатқа шығып жатқанда шығармашылық топ «Қазақстанда жоқ жанрды алып келгіміз келді» деп сұхбат берген екен. Бірақ 2011 жылы Жасұлан Пошановтың «Жел қызы» деген фильмінде қара комедия элементтері болған. Осы сияқты қара комедияның элементтері ғана бар басқа фильмдерді табуға болады.

Мен фильмді көргенде бейтарап болдым, бірақ мойындау керек, бұл фильм кәсіби тұрғыда кәсіби тұрғыда жақсы және батыс киносы қалыптастырған дәстүрде түсірілген.

Бір байқағаным – қара комедияда аңғал, эмоциясын басқара алмайтын, ашушаң, соның бәрін ұйымдастырып жүретін лидер кейпкерлер болады. Бұл фильм де осындай модельді сақтаған сияқты: біреуі қан көрсе құлап қалады, біреуі үнемі мақалдап сөйлейді, біреуі қару ұстаса кезенуге дайын тұратын ашушаң.

Фильмде бас кесетін қатыгез көріністер көп сияқты көрінді. Бұны біздің менталитетіміз қабылдауы күмәнді. Сондықтан менің жеке тілегім – кинода қазақ қазақтың басын кеспесе екен. Бұл, әрине, қара комедия, алайды оны басқаша көрсетіп, түрлі жолын табуға болады деп ойлаймын.

«Киношок» фестивалінде «Жаным, айтсам сенбейсің» фильмінің «Үздік сценарий» номинациясын жеңіп алуы тегін емес, себебі туындының драматургиясы жақсы жасалған: басы, кульминациясы, аяғы бар.

Молдияр Ергебеков:

Бұл фильмнің әлеуметтік өмірімізбен байланысы бар деп ойлаймын. Дәл осы фильм сияқты біздің өміріміз де қара комедия, бір жағында шиыршық бар, содан шиеленісіп туған оқиға бар. Одан бірде қорықсақ, бірде күлкіге айналдырамыз. Сондықтан әлеуметтік мәселе мен кинематография туындысында параллель бар. Қоғамның психологиялық халі өнерге әсер етеді ғой, бұл да соның бір көрсеткіші сияқты.

Қара комедияда трагедиядағыдай өлім бар. Бірақ қара комедия өлімге күліп қарайды, өлім мазаққа айналады.

Фильмде режиссер қара комедияның талабын орындау үшін қантөгіс жасауы мүмкін. Бірақ «мұны неге көрсетті» деген сәттер бар. Мысалы күлкілі емес ситуациялық комедия элементтері.

Бұл фильмде де өзге қазақ комедиялары сияқты қала және ауыл антагонизмі бар. Қайталанған тақырып. Проблемасы – ауылдықтарды мазаққа айналдыру. (Жалпы қазақ киносында бар) екінші проблема – фильм техникалық тұрғыда өте керемет, бірақ контент, жалпыға ортақ универсал құндылық тұрғысында ақсайды. Мысалы әйелді беймаза, бетпақ етіп көрсетуі – қазақ киносында үнемі қайталанатын нәрсе. Біздің режиссерлеріміз әйелге неге осыншалықты дұшпан екенін түсінбеймін.

Дана Әмірбекова:

Қазақ киносы француз киносына ұқсас. ХХ ғасырдың 50-ші жылдарының екінші жартысында авторлық кино жақсы дамыды. Сол кезде Годар, Брессондар киноны өнер дәрежесіне көтерді. Ал одан кейін 60, 70-ші жылдары француз киносы төңкеріс жасап, толыққанды комедия жанрына өтті. Сол кезде жоғары деңгейдегі, сапалы кинокомедиялар пайда болды. Сондықтан комедия дегенде Франция киносы еске түседі. Бізде де солай, тәуелсіздік алғаннан кейін авторлық кино жоғары деңгейге көтеріліп, әлемдік аренаға шықты. Алайда қазақ комедиясы француз комедиясындай емес, сапасыз болды. Бұған себеп ретінде кәсіби режиссерлердің жанрлық фильм түсірмейтінін айтуға болатын шығар. Десе де осы фильмді түсірген шығармашылық топтың комедия түсіруі, жай ғана комедия емес, қара комедия түсіруі мен үшін өте маңызды құбылыс. Осылай бізде де Франция киносы сияқты сапалы комедиялар түсіріледі деп есептеймін.

Бұл фильмге кейінгі жылдары қазақ экранына харизмасымен, актерлік ерекшелігімен, шынайылығымен жарық жұлдыз болып келген Данияр Алшынов түсті. Ол өзіне қойылған талапты 100% орындады деп ойлаймын.

Сонымен бірге фильмге түскен Дулыға Ақмолда бұған дейін театрда, тарихи, драмалық фильмдерде мұңды образдарды сомдады. Ал бұл фильмде оның образы тың. Осыған дейін қазақ киносында мұндай маньяк образы болмаған сияқты.

Фильмде мен үшін жаңалық болған, ролін кәсіби, нанымды етіп ойнаған актердің бірі – Рүстем Жаныаманов. Бұл актерді комедияда алғаш көруім осы.

Актер – режиссер талабын орындаушы. Бұл фильмде режиссер актерлерге каррикатуралық образ жаса деген талап қойды деп ойлаймын. Өйткені байқап қарасақ, фильмдегі кейіпкердің бәрі каррикатуралық образдар және бұл фильмнің жанрына сай келіп тұр.

Фильм гримері Әлия Шманова осы фильмде жақсы жетістікке жеткенін атап өту керек.

Туындының сценарийіне келсек, фильмнен Хичкок пен Тарантиноның қолтаңбасын байқадым. Хичкок айтқандай, фильм жарылыстан басталып, әрі қарай одан да қызық, үрейге толы болуы керек. Осы тұрғыда фильм мақсатына жетті. Ал атыс-шабыс, қантөгістен Тарантиноның стилін байқауға болады.

Ержан Жұмабеков:

Фильм осы жанрдағы дәстүрлі шаблондар бойынша жасалған. Сондықтан қазақ киносына жаңа леп әкелгенімен, қара комедияға жаңашылдық әкелді деп айту қиын. Сонымен бірге фильмдегі арнайы формаларды талқылауда режиссердің өзіндік шешімдері, көзқарасы жетіспейді.

Екіншіден, маған Дулыға Ақмолда кейіпкерінің мотиві түсініксіз болды. Мысалы басында ол жануарлардың пірі, олардың өліміне жауапты адам болып көрсетіледі де, кейінгі мотиві өзгереді. Сондықтан бұл кейіпкерді қалыпты шаблонға салып қойған сияқты.