"Өткінші жаңбыр" телехикаясы қандай әлеуметтік мәселелерді көтереді?

"Өткінші жаңбыр" телехикаясы қандай әлеуметтік мәселелерді көтереді?
Фото: almaty.tv

"Алматы" телеарнасы түсірген "Өткінші жаңбыр" сериалы 2 қараша күні көрерменге жол тартады. Қоғамдағы маңызды проблемалармен күресуді бағыт еткен арна жаңа жобасын бүгін журналистерге таныстырды. 

"Өткінші жаңбыр" хикаясы тағдыр тәлкегімен Алматыда кездесіп, жақын дос болып, ортақ іс ашатын екі әйелдің тағдыры мен олардың арманы туралы баяндайды. Сол уақыт аралығында олар өзгереді, жеке тұлға ретінде өседі, қиындықтарды жеңіп, табысқа жетеді. Бұл өмірде бәрі мүмкін екенін дәлелдейді.

Телехикаяның әр бөлімінде көрермен өзін және отбасына ұқсас оқиғаны көруі мүмкін. Туындының бас кейіпкері – Жанар есімді көпбалалы ана. Күнделікті үй шаруасынан зеріккен ол кәсіпкерлікті қолға алып, ел қатарлы жұмыс жасағысы келеді. Алайда жұбайы бұл ойын құптамайды.

Екінші кейіпкер – Ажар. Ол жалғызбасты ана әрі шағын кәсіпкер. Оның ең басты табыс көзі – тапсырыспен торт пісіру. Жұмыстан жалыққан ол керісінше отбасылық өмірді аңсайды. Кейіпкерлердің тағдыры әртүрлі болғанымен, басқа түскен қиындық екеуінің басын бір арнаға тоғыстырады.

Сериалды режиссер Дархан Саркенов түсірген. Бас рөлдерді Қазақстан киножұлдыздары Алмат Сақатов, Нұргүл Мыңғатова және Салтанат Бақаева сомдады.

"Бұл жобаның продюсері фильмнің басты идеясын түсіндіріп, менің кейіпкерімнің мінезі жайлы айтып берді. Роль өз басыма ұнады. Шынымен де қазір әйел адамдардың басынан өтетін проблема көп. Сол үшін ол жан-жақты болуы керек. Яғни үйдің де жұмысына көңіл бөлу, сыртта да өзінің оқыған мамандығымен жұмыс істеу. Білесіздер ғой, қазақтарда әйел үйде отыруы керек, үй шаруасына қарауы керек, бала тәрбиесіне көңіл бөлуі керек. Бірақ қазір заман талабы басқа. Әйел адамдардың көбі бәріне үлгереді. Менің кейіпкерім жан-жақты болу үшін барын салмақ. 4 баласы бар, жағдайы жақсы. Тек өзінің жеке кәсібін ашқысы келеді. Адамдармен араласып, танымын кеңейтуге тырысады. Сол жолда алдынан көптеген кедергі шығады. Әйел адам 40 жанды дейді ғой, оның бәрін түбінде жеңіп, өмірінде отбасы мен жұмыстың арасында тепе-теңдік орнайды. Кейіпкерімнің болмысы маған ұнады", – дейді актриса Нұргүл Мыңғатова.

Белгілі актер Алмат Сақатов фильмде Нұргүл Мыңғатованың күйеуін сомдайды. 

"Бұл қоғамға өте керек жоба. Өйткені отан ошақтан басталады. Ерлі-зайыптылар арасында не болмайды. Бірігіп отбасы беріктігі үшін атсалысу өте маңызды. Балаларды аяққа тұрғызып, адам ету де үлкен жауапкершілік. Жұмыс деп жүріп, отбасына көңіл бөле алмай немесе жұмыстарды ысырып қойып, тек отбасының қасында болып жатамыз. Қарап отырсақ, тепе-теңдікті ұстап тұру өте қиын. Осы және отбасында болатын өзге де мәселелер қозғалады. Сериалдың аты маған ұнайды. Өйткені өмірдің бәрі өткінші, әр сәт бағалы", - дейді актер.

Сериалдың продюсері Айкерім Самалбекқызы сериалдың неге "Өткінші жаңбыр" деп аталғанын түсіндірді:

"Телехикаяның "Өткінші жаңбыр" деп аталу себебі, кез келген отбасында, адамда пенде болғаннан кейін қандай да бір мәселелер, проблемалар, қиындықтар болады. Сол өткінші жаңбыр сияқты өтеді де кетеді. Ең басты құндылықтар ол отбасы бала-шаға, сыйластық, достық, туыстық қарым-қатынас мәңгі қалады. Телехикаяның негізгі идеясы, көрерменге жеткізер ой осы болатын. Сондықтан телехикая "Өткінші жаңбыр" деп аталады".

А. Рысдәулет