"Қайрат" фильмі Локарно кинофестивалінде көрсетіледі

"Қайрат" фильмі Локарно кинофестивалінде көрсетіледі
Фото: kazakhfilmstudios.kz
5-15 тамыз аралығында Локарно қаласында (Швейцария) өтетін Festival del film Locarno Халықаралық кинофестивалінің Through the Open Doors ("Ашық есіктер арқылы") арнайы ретроспективті секциясы аясында белгілі қазақ режиссері Дәрежан Өмірбаевтың "Қайрат" көркем фильмі көрсетіледі. Through the Open Doors бағдарламасына Locarno Pro жобасының он сегіз жылдық тарихындағы Open Doors секциясының үздік фильмдері іріктелген. Бұл туралы "Қазақфильм" киностудиясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Open Doors секциясы Ғаламдық оңтүстік және Шығыс елдері фильмдерін зерттеп, кино саласын дамытуға өз үлесін қосады.

Естеріңізге сала кетейік, 1991 жылы Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы мен "Әлем" шығармашылық бірлестігі бірлесіп түсірген Дәрежан Өмірбаевтың "Қайрат" дебюттік фильмі 1992 жылы Локарно қаласында өткен фестивальде "Күміс леопард" жүлдесімен және ФИПРЕССИ кинобаспасы Халықаралық Федерациясының сыйлығымен марапатталған. Қазақ режиссерін бүкіл әлемге танытқан бұл туынды 2010 жылы Open Doors секциясының аясында Локарнода қайтадан көрсетілген болатын.

Festival del film Locarno фестивалінің осы жылғы ерекше маусымын ұйымдастырушылар "Болашақ фильмдер үшін" деп атаған. Биыл фильмдер онлайн тәртібінде (фестивальдің ресми сайтында) және Локарно мен Муральтодағы кинотеатрларда көрсетіледі. Сондай-ақ, кино саласындағы мамандар үшін арнайы онлайн шаралар ұйымдастырылады. Әлемнің барлық кино жанкүйерлері бүгінгі премьераларды көріп, ертеңгі фильмдердің шығуына қолдау көрсете алады. "Болашақ казір басталады, ал Локарно әрқашан кинематографистерді қолдайды", – дейді ұйымдастырушылар.

"Бұл айлар бізді қоғамдастықтың өмірі үшін және "Локарно" сияқты фестиваль үшін киноның қаншалықты маңызды екенін үйретті. Сондықтан, бүкіл әлем бойынша көрермендерді қамтуға мүмкіндік беретін интернет желісімен қатар, біз қалалық кинотеатрлардың жұмысын жаңғыртуға белсенді қатысуға шешім қабылдадық", – деді фестивальдің көркемдік жетекшісі Лили Хинстин.

Festival del film Locarno – Канн, Берлин және Венеция кинофестивальдері сынды ең беделді әлемдік фестивальдер тізіміне кіреді. Бүгінгі күні көпшілікке танымал режиссерлер, актерлер мен сценарийстер алғашқы қадамдарын дәл осы байқаудан бастағанын айта кеткен жөн.

Т. Раушанұлы