Расизм жайлы үздік фильмдер

Расизм жайлы үздік фильмдер
Фото: yandex.kz

Қазір расизм мен дискриминация тақырыбы әлемдік ашық тақырып болғандықтан, өнер мен мәдениетте кең талқыланатын алаңға айналған. Әсіресе, расизм тақырыбы Голлувид фильмдерінің негізгі тақырыптық өзегіне арқау болып, біршама туындылардың өмірге келуіне себеп болды. Олардың арасында шедевр шығармалар да бар. Солармен танысқанымыз артық болмас.

Жалпы, расизм мен дискриминация жайлы жүздеген фильм бар, бірақ олардың тек үздігіне тоқталғанымыз жөн.

1. Жақсы дұшпан – Лучшие враги (2019 жыл, режиссері – Робин Биссел)

Афроамерикалық белсенді Энн Атутотер мен жергілікті Ку-клукс-клан тобының президенті Клейборн Эллистің арасындағы достық пен дұшпандық жайында баяндайтын, шынайы оқиғаға құрылған фильм. 1971 жылы Солтүстік Каролинадағы қаранәсілді азаматтардың балалары сабақ оқитын мектептің түгі қалмай өртеніп кетеді. Содан афроамерикалық оқушыларды "ақтар" оқитын мектепке көшірудің әлегі басталады...

Қос қаһарманның расистік көзқарастары екі түрлі, бір-бірімен қабыса қоюы шамалы, алайда балалардың болашағы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы қажет.

"Оскар" мен "Алтын глобус" алған актриса Сэм Рокуэлл өзінің жанына жат емес рөлді жақсы сомдап шыққан.

2. Көк миль – Зеленая миля (1999 жыл, Фрэнк Дарабонттың фильмі)

Стивен Кингтің мистикалық драмасының негізінде түсірілген фильм. «Көк миль» дегеніміз, былайша айтқанда, өлім жазасына кесілген қылмыскерлерді ұстайтын абақты. Едені жасыл-көк түспен боялғандықтан, символикалық атау фильм атауына арқау болған.

Фильмде аталмыш абақтыда өмір бойы күзетші болып қызмет еткен Пол Эджкомб (Том Хэнкс) өлім жазасына бұйырылған зәңгі Джон Коффидың (Майкл Кларк Дункан) оқиғасы жайында баяндайды. Джон Коффи – бойында тағдыр сыйлаған қасиеті мен қабілеті бар, алайда өмірде өте бақытсыз адам. Үш сағатқа созылған фильмде қаһармандардың бүкіл өмір тарихы мен бастан кешкен оқиғалары суреттеліп, баяу баяндалған сюжет адамды бір демде ұстап отырады.

Фильм 2000 жылы "Оскардың" төрт бірдей номинациясын алған.

3. Көк кітап – Зеленая книга (2018 жыл, Питер Фарреллидің фильмі)

Фильм АҚШ-тың оңтүстік штаттарындағы қара нәсілді азаматтарды кемсіту мен теперіш көрсетудің дәурені жүріп тұрған 1960-70 жылдардың келбетін баяндайды. Талантты пианист, классикалық музыканың майталманы қара нәсілді Дон Ширли мен оның жеке оққағар етіп жанына ерткен басбұзар итальян Болтун (лақап аты) арасындағы достық жайында сырт шертеді.

Екеуінің оңтүстік штаттарға саяхаты бүкіл өмірін өзгертіп, мүлдем бөлек арнаға ауыстырады. 2018 жылғы "Оскардың" иегері. Сондықтан көруге лайық фильмдердің жаңасы.

4. Американың Х оқиғасы – Американская история Х (1998 жыл, режиссері – Тони Кэй)

Фильм неонацизм мен оның салдары жайында, ұрпақты жастайынан өзге ұлт пен ұлысты сыйлауды үйретудің маңызы қандай екенін түсіндіреді. Бір жағынан кинотуынды скинхэд-ағайындылардың жай тағдыры мен тәрбиесі баяндаса, екінші жағынан 1980-90 жылдардағы субмәдениет әлемін ашып көрсеткен, адамдардың бір-біріне деген, өзге қоғам өкілдеріне деген ашу-ызасы қайдан пайда болатынын суреттеген, өте өзекті мәселені арқау еткен өнер туындысы саналады. Оның үстіне, фильмдегі актерлердің рөлді қаз-қалпында сомдауы оны көрген адамның көңілінде тебіреніс қалдырары сөзсіз.

5. 12 жыл құлдықта – 12 лет рабства (2013 жыл, Стив МакКуиннің фильмі)

ХІХ ғасырдың ортасында болған шынайы оқиғаға құрылған фильм. Еркін азамат, танымал музыкант, жоғары білімді Соломон Нортаптың аяқ астынан құлдыққа сатылып, 12 жыл бойы зорлық-зомбылықта болған тағдыры суреттеледі. Соломон Нортап бастан кешкен ауыр жағдайын қағазға түсіріп, мемуар жазған. Фильм соның негізінде түсірілген.

"Оскардың" үш статуэткасын, 72 түрлі кинопремия сыйлығын алған.

Қ. Слямбек