"Томирис" фильмі АҚШ көрермендеріне жол тартады

Well Go USA компаниясы Америка Құрама Штаттарының аумағында "Томириc" фильмін тарату құқығына ие болды. Отандық фильм жуырда АҚШ кинотеатрларына жол тартады.

"Мықты әйелдердің ерлігін паш етіп, шынайы оқиғаларына қызығушылық танытатын әлемде өмір сүріп жатқанымызға қуаныштымыз", - деді Arclight Films басшысы Гэри Хэмилтон.

Кинотуынды  біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымының тағдыры баяндалады.  

Отандық фильм туралы АҚШ-тағы Variety, Hollywood Reporter және Screen Daily сынды ауқымды баспалар жарыса жазып жатыр.

"Бұл эпикалық фильм таңғажайып пейзаждармен көркемделіп, жоғарғы сапада түсірілгендіктен көрермендерді бірден баурап алатыны сөзсіз", - деп жазды Variety басылымы.

"Таңғажайып оқиғаларды біз ерекше ұнатамыз. Сондықтан да алғашқы тарихи "Амазон патшайымының" құпияға толы оқиғасы басқаларға қарағанда сенімдірек", - деді Well Go USA Entertainment президенті және атқарушы директоры Дорис Пфардрешер Hollywood Reporter тілшісіне.

Сондай-ақ Screen Daily баспасы фильмді тамашалаған америкалық сарапшылардан пікір алған:

"Томирис" картинасын тамашалаған көрермендер ең ауыр сынақтардан өтуге дайын жас жауынгердің айбындылығына, ерекше күш-жігері арқасында жан-жүрегімен жақсы көретін халқын қорғап қалған патшайымның ерлігіне таңқалатынына күмән жоқ. Тіпті, бұл әлемдегі ең қуатты империяға қарсы жүргізілген соғыс туралы оқиға болса да.

Қазақстан және АҚШ кинопродюсері, Қазақстанның Лос-Анжелестегі консулдығының басшысы Гия Нұртас бізді осы арнайы жобамен таныстырған кезде фильмнің керемет әлеуетін бірден байқадық. Well Go USA компаниясы Томирис патшайым туралы осы бір тамаша туындыны бізге жеткізуге дайын екеніне өте қуаныштымыз", - дейді сарапшы.