Пьетро Марчеллоның "Мартин Идені" Джек Лондон кейіпкерінен өзге

Пьетро Марчеллоның "Мартин Идені" Джек Лондон кейіпкерінен өзге
Фото: vk.com

Интернетте былтыр Венеция кинофестивалінде ең көп талқыға түскен «Мартин Иденнің» италиялық экранизациясы пайда болды.

Пьетро Марчеллоның фильмінде Мартин Иденді сомдаған Луки Маринелли оны керемет келбетті болса да, әбден зорығып, көзінен нұры тайған жігіт ағасы ретінде көрсетеді. Ағараң тартқан шашы бетіне түскен кейіпкер аузынан бірден: «Демек, өмір менен күштірек болғаны. Оның қарымына қарсы менде тұлғалық қасиеттерімнен басқа ештеңе де жоқ. Бірақ, мұның өзі осал қару емес. Менің әзірге берілгім жоқ» деген сөздерді есту классикалық туындымен таныс оқырман үшін таңқаларлық  кадр болары анық. Себебі Лондонның Мартині олай айтқан емес. Сіз бұл ойыңызды ұғынып үлгергенше, Марчелло фильміндегі пойыздар өзгерістер еліне еніп кетеді.

Аталған картинада Пьетро Марчелло үшін уақыт тек сюжеттің жүруіне ғана қажет түсінік емес, XX ғасыр болмысын беретін құрал. Яғни, біреулерді америкалық арман құшағына итермелеп, екіншілерін модернистік ұғымдардан құралған ертегімен арбаған дәуір атмосферасын жеткізуші.

Түпнұсқа роман 1909 жылы жарық көрсе де, фильмде ол кезеңге тән емес қызыл лозунгтар қаулап тұр. Онда Лондон шығармасы сипаттайтын уақыттан әлдеқайда кейін басталған Бірінші Дүниежүзілік соғыс оты лаулайды. Марчеллоның Мартині кинотеатрларға барады, диктофон қолданатыны тағы бар. Оқиға да Оклендте емес, Неапольда орын алады. Кейіпкерлер итальян және француз тілдерінде сөйлеседі. Романда жас оқырман ағылшын ақыны Алджернон Суинберн өлеңдерімен ауырса, фильмдегі Иден Бодлерді пір тұтады. Мартин сүйіктісін Руфь деп емес, Елена (Джессика Крисси) деп шақырады. Италиялық атмосфера үшін сондай шешім қабылданған.

Марчелло үшін әдебиет басты орында емес, бастысы ондағы көзқарас, қатынас пен ым ишара. Оның кейіпкері тіпті тіл қатпайды. Мартиннің ойлары монтаж бен камера қозғалысы арқылы жеткізілген. Әр кадр кейіпкердің тынымсыз жанының көлеңкесіндей. 16 миллиметрлік таспаға түсірілген фильм 1970-ші жылдардағы италиялық картиналарды еске салады. Экрандағы жасыл түс Тавиани, Эрманно Ольми, Пьер Паоло Пазолини туындыларын тамашалап отырғандай күйге түсіреді… Таспадан тек қанық түстер әлеміне бойлап қана қоймай, теңіз, шөп пен ескі кітап иісін сезгендей боласыз.

Т. Раушанұлы