Танатостан қашқан кейіпкерлер

Танатостан қашқан кейіпкерлер

Әлқисса

Аялдама... қарғаның ми қайнатар ыстығына қарамай адам қарасы көп. Автобустардан бірі түсіп, бірі мініп жатыр. Төбеңді тесер күн сәулесінен қашып аялдаманың артындағы көлеңкені паналап тұр едім: “Не смей на меня кричать!” деген дауыс жалт қаратты. Әйел екен. Бұйраланған шашы желкесін жауып тұр. Көйлегі ота жасайтын дәрігерлердікіндей жауырына төрт жіппен байланыпты. Ұзын етегі балтырын сипайды.

Откуда брать такую сумму…” деген даусы мені емес, айналадағыларды да түгел қаратты. Басқа сөзін ести алмадым, тежегішін шиқылдай басқан автобус даусына көміліп кетті. Бір кезде қолындағы моншағын үзіп алып, аялдама айналасындағы асфальтқа шашып жіберді. Бір данасы домалап келіп менің аяғымның астына тоқтады. Қарасам әлі сөйлеп тұр. Бұл жолы телефонсыз, өзімен-өзі күбірлеп. Не айтып жатқаны естілмейді.

Мен күткен автобус келді де, жапа тармағай таласқан адамдармен бірге міндім. Артымнан бір әйел кісі қағып өтіп орындыққа отыруға асықты...

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ киносы

90-жылдары қазақ кино айдынына жаңа толқын – Дәрежан Өмірбаев, Бақыт Қилыбаев, Әмір Қарақұлов, Серік Апырымов, Ардақ Әмірқұлов сынды режиссерлер келді. Дарежан Өмірбаев пен Әмір Қарақұловтың алғашқы фильмдері беделді ХБФ лауреаттары атанды. Жалпы тәуелсіздік алғаннан кейін түсірілген авторлық фильмдердің бәрі кеңестік идеологиямен күресті деп ойлаймын. Жаңа ғасыр басында қазақ кино өнеріне Данияр Саламат сынды режиссерлер келсе, 2010 жылдары киноға келген Әділхан Ержанов, Асқар Ұзабаев, Жасұлан Пошанов сынды жас режиссерлер "Партизандық кино" қозғалысын құрып, мемлекеттің қолдауынсыз кино түсіре бастады. Партизандықдар туындыларын бюджетсіз түсіргендіктен болар кейбір кемшіліктеріне кінә арта алмайсың.

Осы қозғалыстың өкілі Әділхан Ержанов былтыр “Ласковое безразличие мира” туындысымен үздік режиссураға берілетін халықаралық GoEast (Орталық және Шығыс Еуропа кинофестивалі) сыйлығын алды. Басқа режиссерлер де халықаралық кинофестивальдерден құр алақан қайтып жатқан жоқ. Партизан кино өкілдері әлі де тынбай еңбек етуде. Жалпы, қазір елімізде авторлық фильм түсіргісі келетіндердің барлығын “Партизан кино” өкілдері десек болады.

Қазіргі қазақ киносы

Қолымда үш сценарий. Бір-біріне ұқсамайтын үш түрлі тағдыр. Әлі таспаға түсіп үлгермеген фильмдер. “Басқа мәдениетте, басқа ортада өскен адамдар қазақтың қасіретін сезіне алмайды. Біздің киноға келіп жатқан жастардың кейбірі сондай. Менің арманым қазақ кино өнерінде қазақ жаны салтанат құрса екен деймін. Нағыз қазақы рухы бар, әдебиетті түйсінетін, әдебиетті түсінетін адамдардың киноға келмей жатқандығы қынжылтады”, - деген еді режиссер Данияр Саламат бір сұқбатында. Мен таспаға түспеген үш фильмді “көріп” отырып, қазақ киносына жаңа толқын келгендей қуанып отырмын.

Дархан Төлегенов

Бірінші Сценарий – Өзгерісті қалаған Аңсар (“День Рождения” сценарий авторы және режиссері Дархан Төлегенов)

Ерлі-зайыпты Аңсар мен Әлия. Ұлдары Самат талма ауруымен ауырады. Мектепте төбелесіп оқудан шығып қалған. Ал Аңсар басқа қызбен кездесіп (Майя), әйелімен ажырасу туралы ойланып жүр. Сценарийдегі оқиғалардың бәрі осы 4 кейіпкердің айналасында өрбиді. Дархан Төлегеновтің туындысы бүгінгі қоғам, бүгінгі оқиға. Несиеге байланған өмір. Пара сұрағыш бастық, қылмысынан қашам деп пара беретін кішкентай адам.

Аңсардың жеке клиникасына жоғарғы қабаттан су кіріп, клиникадағы аппараттар мен кеңсенің төбесін бүлдіреді. Жоғарғы қабаттағылар (Ербол) шығынды жабу үшін несие алып, өтеп беретінін айтады. Ал Майя анасының қалаға келетін, Аңсарды онымен таныстыратын ойы барын айтады. Дәл осы оқиғалармен қабаттасып Аңсар мен Әлияның ұлы Саматтың талма ауруы ұстап қалады да, соған асыққан Әлия көлігімен біреуді (Әбіл) қағып кетеді. Міне, осы оқиғаның салдарынан Ерболдан алған ақша Әбілдің інісі Қанаттың “аузын жабуға” кетеді. Ал Аңсар мен Әлияның сетінеп жүрген арасы осыдан соң мүлдем алшақтап кетеді.

Екінші көрініс. Фильмдегі детальдар

Оқиғаның барлығы Майяның пәтерінен басталады. Майя оқуды жаңа бітірген студент қыз. Жұмыс іздеп жүр. Жұмысқа тұрайын десе барлық жер жұмыс тәжірибесін сұрайды.

Осыны айтып налыған Майядан шаршаған Аңсар балконға темекі тартуға шығады. Оқыстан ұшып келген тас Аңсарды жанап өтіп, терезені сындырады. Дәл осындай кадрмен Кристиан Мунджиудің “Түлектер” фильмі де басталады. Екеуінде де ұқсас жағдай ашынасымен байланысты оқиға. Екеуінде де бас кейіпкер тас атқан кім екенін таба алмайды. Ешкім көрмеген.

***

Автор оқиғалардың барлығын бүгінгі басты мәселелермен байланыстырған. Мысалы, Әлияның тез баю мақсатында тренингке қатысуы. Тренинг демекші бүгінгі қазақ қоғамы жалқау. “Алма піс аузыма түс” деп отыра береді. Бір-ақ күнде бай болсам дейді де қаптаған тәжірибесіз бизнес тренерлерді жағалайды. Осы жағдай Дархан Төлегеновтің де сценарийінде көрініс тапқан.

***

Фильмнің соңғы сценасында Аңсар Майяның анасымен танысуға келеді. Дүкенге барып торт және басқа ұсақ-түйек азық-түлік алып, қайтар жолда үйге емес жағалауға барады. Айналасына мәнсіз көз тастап, шылым шегеді.

Ал бұл көрініс Андрей Звягинцевтің “Нелюбовь” фильмін еске салады. Звягинцев аталған туындысында ажырасқан ерлі-зайыпты, жаңадан отау құрғанымен, екеуінің көзіндегі мәнсіздік арқылы бүгінгі виртуалды өмірдің адамзат санасына қаншалықты қауіпті екенін ашып көрсеткен.

Дархан Төлегенов бұл туындысында қазіргі қазақ қоғамында өршіп кеткен ажырасу проблемасын басты тақырып етіп алған. Ескі мен жаңа тоғысқан бүгінгі уақытқа қазақ қоғамының дайын болмай шығуы осындай мәселелерді туындатып отыр. Дәл осындай проблемаларды Асгар Фархади өзіне даңқ әкелген “Надер мен Симиннің ажырасуы” (парс.”جدایی نادر از سیمین “ ) арқылы шебер жеткізген.

Жәнібек Мұртазин

Екінші сценарий – Еркіндікті аңсаған адам (“Цветмет” сценарий авторлары Жәнібек Мұртазин, Айдар Қайнаров. Режиссері Жәнібек Мұртазин.

Бас кейіпкер Айдар мен Никита көлік жөндеуші. Олардың шеберханасына жасөспірімдер келіп оқыстан автоматтан оқ жаудырып, гранатамен гаражын жарып кетеді. Жарылыстан шеберханадағы машина бүлінеді. Айдар мен Никита ертең иесіне тапсырғалы отырған машинаның шығынын жабу үшін несие алуға бел байлайды. Барар жолда Саттарин дейтін таныстарына соғып, тапанша алады (тегін). Несие сұрай барған банктен ештеңе шықпағасын Айдар мен Никита ақша іздеп, жолын әрі қарай жалғастырады. Бұларға банк менеджері Әйгерім қосылады. Сценарийдегі барлық оқиға осы үш кейіпкердің айналасында өрбиді.

Құдайлардың қарғысына ұшыраған Сизиф”

Сизифке айналған Айдар, Никита және Әйгерім

Сценарийдегі кейіпкерлер Сизиф секілді. Ажалға қарсылық білдірген Сизиф сынды үш кейіпкер де мына қоғамға қарсы, қайталанатын тіршіліктен әсіресе Әйгерім жалыққан. Өзгерістің болғанын қалайды. Сондықтан болар Әйгерім банкке келген Айдардың қолындағы тапаншаны көріп: “Тонау ма?” деп сұрайды. Тонау емес несие алуға келгенін білгесін: “Өкінішті” дейді.

Никита мен Айдар көлік жөндейді, Әйгерім несие алушыларға күнделікті жаттанды сөзін айтып шығарып салады. Бір бағыттағы автобуспен жұмысқа бару-келу, 8 сағаттық жұмыс, бір-бірінен айнымайтын күндерден жалыққан олардың саналарында бір күні “осылардың бәрі не үшін?” деген сұрақ пайда болады. Сол сәттен бастап қарсылық басталады. Сол сәттен бастап олар Сизифке айналады. Сол сияқты Әйгерімнің үйінде теледидардан футбол көріп отырып, төрешімен келіспеген Мужик өз бетінше ойыншының біріне сара қағаз көрсетеді де, ойынға өзі төреші болады.

Камю Сизиф туралы шығармасында адамның тіршілік етуі – қарсылығында деп есептейді. "Адам алғашында бәріне көнеді, “жарайды” дейді, шыдайды, өзін алдайды, бірақ егер оның бойындағы адамдық қасиет өшпесе, күндердің бірі “Жетер енді! Мен қарсымын! Мен келіспеймін! Мен адаммын ғой!” деп айғайлайды. Өмірдің мәнділігі қарсылықта. Сизиф жеңілетінін, тастың тауға шықпайтынын білсе де, бәрібір тоқтатпай тас домалатады. Демек “Сизиф бақытсыз емес!” деп тұжырымдайды.

Камю: “Құл басында әділетті аңсайды, оған жеткесін патша тағына қол созады” дейді. Жәнібектің Айдары қолындағы тапаншамен еш себепсіз жолында кездескен бағанадағы шамдарды атып өшіріп отырады да, сценарийдің соңғы сценасында Күнді де атып өшіріп тастайды. Айналаны түнек басады. Айдар мен Никита нарды ойнап отыр, қараңғылықтан ештеңе көрінбейді. Тек нарды тастарының ғана даусы естіледі. Тық-тық...тық...

***

Жәнібек Мұртазиннің абсурдқа құрылған трагикомедиялық сценарийі еркіндікті аңсаған адам жайлы. Шындығында ештеңе болған жоқ. Бұл оқиғалар – бас кейіпкер Айдардың ойы ғана. Өзгерісті қалайды. Бірақ өзгертуге дәрмен жоқ. Айдар Агашка (сценарийдегі кейіпкер) секілді Балхаштың таза суына жүзіп жеткісі келеді. Жақсы болашақты армандайды. Талпынуға тағы дәрмен жоқ. Оның ішіндегі Мені – фильм соңындағы Никита мен Айдар сынды қараңғыда бітпейтін ойын ойнап отыр. Жарыққа шыққысы келмейді.

Бұл оқиғаларға біз де сенеміз, себебі олар ақылға симайды. Қысқаша айтқанда, сен бір уақытта өмір атты театрдың актерісің, көрерменісің һәм режиссерісің!

Бекзат Смадияр

Үшінші сценарий – Ұлттың Айнасы (“Ақжелең”. Сценарий авторы және режиссері Бекзат Смадияр)

Бас кейіпкер Айна қалада тұрады. Несиеге алған пәтерінің қарызын өтеу үшін бірнеше жерде жұмыс істейді. Сіңлісі Келбеттің жақсы оқуы үшін, суретшілік өнерін сатып, қосымша нәпақа табады. Жалпы айтқанда бүгінгі қаладағы қазақ әйелінің бейнесі. Кинодағы әйел бейнесі әлем кинематографиясында аз көрсетілмеген.

Мысалы: Микеланджело Антониони (“Шытырман оқиғалар” итал. “L'Avventura” 1960), Ингмар Бергман (“Күбір мен айқай” швед. “Viskningar och rop” 1972), Чжан Имоу (“Цю Цзюй сотқа жүгінеді” қыт. “秋菊打官司”1992), Ағайынды Дарденн (“Розетта” фр. “Rosetta” 1999), Михаэль Ханеке (“Пианистка” фр. “La Pianiste” 2001), Асгар Фархади (“Өткен күндер” фр. “Le Passé” 2013) т.б. тізе берсек тізім жалғаса береді.

Ал Бекзат Смадиярдың “Ақжелеңі” бүгінгі қаладағы қазақ әйелін бейнелейтін алғашқы фильм болмақшы. Тәуелсіздіктен кейінгі дағдарыс, нан іздеген халықтың жаппай қалаға көшуі, жаңа ғасырдағы жаңа өзгеріске қоғамның дайын болмай шығуы, қалада адам санының күрт көбеюіне байланысты бағаның да “ертөстіктей” өсуі қазақ әйеліне де оңай тиген жоқ. Егер ол тұрмысқа шықпаған кәрі қыз болса тіпті ауыр.

Айнаның жасы 30-дан асқан. Жалғыздықтан азап шегеді. Онысын басқаларға білдірмейтін тұйық қыз. Аздап өзімен-өзі сөйлесетін әдеті бар. Қаладағы ауыр тұрмыспен арпалысып жүріп, тұрмыс құру уақытын өткізіп алған. Бірақ айналасындағылар оны басқаша ойлайды. Тіпті туған сіңлісінің өзі оның арына күмән келтіреді. Айна бала күтуші боп істеп жүрген жерге Келбет бір күн барып: “Үйдің иесі бірге жатайық” деді деп Айнаға налиды. “Сенің атыңды қайталап айтты” деп біз айтқан күмәнді-ойдың ұшын шығарады. Үйден “Ана мен бала” журналын тауып алғасын, Келбеттің күмәні тіпті күшейе түседі.

...Анасы ауырып ауылға барғанда көңілін сұрай келген үш кемпірдің бірі орамал тартып жүрген Айнаны көріп: “Менің балама екінші әйел болуға көнер ме екен” деп айтуы немесе, жылыжайдағы құрбысының Айнаның “тәбетім жоқ” дегеніне, “екіқабат емессің бе? Менің қайнағам бар. Әйелі рактан қайтты” деп ағасына екінші әйелдікке тұрмысқа шығуға итермелеуі біз айтқан ойларымызды бекіте түседі.

Айна – бүгінгі қоғамның, қазақтың айнасы. Адамның абыройы мен қадір-қасиетін, әсіресе әйел арын жалпы адамзаттық идеялар тұрғысынан қарастыру – автордың басты міндеті саналған. Айна өз арын қорғай ала ма, алмай ма? Киноның бүкіл желісі осыған құрылған.

Екінші көрініс: кинодағы детальдар

Сценарийде мынадай екі сцена бар: 1. Бес балалы таксисттің әйелімен телефонда сөйлесіп келе жатады. “Саған үйленгеніме налимын. Ажырасайықшы” дейді.

2. “Ауыл іргесіндегі автобекет. Автобекет жанында кішігірім алаңқай бар екен. Алаңқайдың бұрышында 5 ескі ескерткіш тұр: В.И.Лениннің, М.И.Калининнің, М.В.Фрунзенің, А.М.Горькийдің, П.М.Виноградовтың ескерткіштері. Ортадағы ескерткіштақтада үлкейтіп жазылған “ПАМЯТНИК БОРЦАМ ОКТЯБРЬСКОЙ РЕВОЛЮЦИИ” деген ескі жазу бар. Ескерткіштерден былай баннер ілініпті. Баннерде Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері бейнеленген (сценарийден үзінді). Міне бұл екі көрініс қазақтың бүгінгі бейнесі. Бүгінгі несиеге мұрнынан ілінген адамның көрінісі. Кеңестік дәуірдің естелігінен құтыла алмаған қоғам. Модернизацияға дайын болмаған қазақ. Тіпті сценарийдегі ескі үйлер де осыны аңғартады.

Автор Айнаның ағасы Нұрболдың ұйықтап отырып үстіне түкіруі, Президенттің мәлімдеме жасап жатқанда кадрда түк басып, тырнағы өсіп кеткен аяқтың көрінуі және пойыздағы қысқа кофта киген семіз әйелдің май басқан іртік-іртік қарны арқылы бүгінгі өмірдің кір басқан тұсын шебер жеткізеді.

Сценарийде Айнаның тағдыры қазіргі глобалды оқиғалармен (Елбасының отставкаға кетуі, “Рухани жаңғыру”, көліктер айнасының ұрлануы) тығыз байланыста өрбиді. Себебі, Айна – бүгінгі қазақ қоғамының айнасы.

"Аид пен Персефона", Рембрандт.

Прозерпинаның А(а)йнадағы бейнесі

Сценарийде мынадай кадр бар: Айна ұйықтап жатқанда көрші пәтерде махаббаттасып жатқан жұптың “жұпарлы” даусын естіп оянып кетеді. Ұйықтай алмай қояды. Асүйге барып отырып үнсіз жылайды. Көзінен үзілген моншақ-моншақ жас... үстел үстінде басқа тағамдармен қатар екі-үш анар тұр (“Анардың бірі ақтарылып жатыр. Қып-қызыл…” сценарийден үзінді).

Наталья Дрепина. “Һands”

Сценарийдегі анар бейнесіне тоқталайық. Наталья Дрепина атты ресейлік жас фотограф бар. Оның суреттері ертегілер мен мифтік кейіпкерлердей қайғылы, бірақ әдемі көңіл-күйді қалыптастыратын бейнелік поэзияға ұқсайды.

Марина Цветаева:

“Персефоны зерно гранатовое!
Как забыть тебя в стужах зим?”,

 - деп жырға қосқан Прозерпина – Данте Габриэль Россеттидің 1874 жылы салған суреті.

Данте Габриэль Россетти  "Прозерпина"

Суреттің салыну тарихы аңызға негізделген. Кенепте ежелгі грек Құдайының жары – Прозерпина бейнеленген. Оны құрбыларымен гүл теріп жүрген жерінен Жер асты құдайы Плутон көріп, қыздың Адонисті сүйетінін біле тұра өз патшалығына алып қашқан. Прозерпинаның әкесі – Церера қызын қайтарып алады. Бірақ кетерінде Плутон қызға анар береді. Қаншама уақыт аш қалған Прозерпина анарды жеп қояды. Ал анарды ол "Сүйгенім Жерасты Патшалығын ұмытпасын, маған қайта оралсын" деген ниетпен Плутонның бергенін білмеген. Міне, содан бері Прозерпина алты айын тірілер, алты айын өлілер мекенінде өткізеді екен деген сенім бар.

Осы екі мысал – Анардың жалғыздықтан қашқан (жалғыздықтан азап шеккен) әйелдің символы екенін дәлелдейді. Ал Айнаның анар қойылған үстел үстінде отырып жылауы, оның көзіндегі моншақтаған жас “арлы жас” дегіміз келеді. Автор сценарий соңында Айнаны ақтап алады. Ақша берген ер адам сурет салдыруға келген боп шығады. “Ана мен бала” екіқабат құрбысының ұмыт қалдырған журналы екен.

Жан алғыш Танатос

***

Енді Танатостан қашқан кейіпкерлердің мәніне тоқталайық. Ежелгі грек аңызы бойынша ажал құдайы Танатос Сизифтің жанын алуға келеді. Бірақ Сизиф оны алдап, байлап, қашып кетеді. Бірақ, бәрібір ажал құдайының құрығынан құтыла алмайды. Құдайлардың қарғысына ұшырап, мәңгі ауыр тасты төбе басына домалатып шығару (тас төбе басына жете бергенде төменге түсіп кете береді) үкіміне кесіледі. Сизиф ажалға қарсылық білдірді. Сизиф сынды біз де Танатостан қашқандармыз. Жүйеге қарсы боламыз, билікке қарсы боламыз, тым болмағанда ажалға қарсымыз. Мына өмірден мәңгі өшіп кетпеу үшін артымызға із тастауға тырысамыз. Ұрпақ қалдырамыз, өнер адамы болсақ өшпейтін туынды жаратуға әрекет етеміз. Ізгіліктің дәнін еккен адамдар өмірден өтсе, оларға арнап ескерткіш тұрғызамыз. Көшеге атын береміз тағысын тағылар. Демек, олар ажалға қарсы тұра алды. Мына өмірдегі адамдардың есінде мәңгі қалды деген сөз. Аңыз бойынша бұл жалғандағы адамдардың, ұрпағының есінен өшіп кеткендер, арғы ұжмақ өмірден қайта мына азапты өмірге басқа адам болып келеді екен.

Арғы дүниеге аттанған ата-бабасын еске алып тұру үшін әлем халықтарының түрлі дәстүрлері бар. Ал қазақ халқы бұрынғы өткен бабаларына арнап құран оқу парызы. “Өлі риза болмай, тірі байымайды” дейді.

Демек, бәріміз де Танатостан қашып келеміз.

***

Үш сценарийді оқып отырып бұлар да “Партизан кино” өкілдеріне айналмаса екен деген қорқынышты ой көңіліңе ұялайды. Қазақтың авторлық кинорежиссерлері қашанғы бюджетсіз фильм түсіре береді? Олардың фестивальдерге қатысып, жүлде алып келуі тек өзінің ғана мүддесі ме? Олар қазақ кино өнерін дамыту үшін қолдарынан келгенін жасап жатыр.

***

Былтыр мамыр айында кезекті Канн фестивалінен орыстың жас режиссері Кантемир Балагов (27 жаста) “Ерекше көзқарас” бағдарламасына ұсынылған “Дылда” фильмімен үздік режиссер және Халықаралық кинопремиялар федерациясының (FIPRESCI) сыйлығын иеленді. Ал дебюттік фильмі “Теснота” 2017 жылы Канн фестивалінің ”Ерекше көзқарас” бағдарламасына қатысып, ФИПРЕССИ сыйлығын иеленген еді.

Кантемир Балагов ©rfi.fr

Кантемир қайдан шықты?

Кантемир Балагов 2010 жылдары ешкім танымайтын Нальчиктің бұзық көшелерін кезіп жүрген жігіт еді. 2010 жылы Нальчикке белгілі орыс режиссері Александр Николаевич Сокуров келеді. Жергілікті жоғары оқу орнында режиссура және телевидениеден сабақ бере бастайды. Міне, сол Сакуров Кантемирді тауып, бірден 3 курсқа қабылдаған екен. Сакуровтың тағы бір шәкірті Владимир Битаков те кино фестивальдерден жүлделі оралып жүр.

Біздің “үш ноян” ше?

Ал Қазақстанда белгілі режиссерлер Сергей Азимов пен Ираклий Квирикадзе Сакуров сынды жас режиссерлерді оқытып жүр. Біз жоғарыда атап өткен Бекзат Смадияр, Дархан Төлегенов, Жәнібек Нұртазиндер Сергей Азимов пен Ираклий Квирикадзенің үшінші буын шәкірттері. Бұдан бұрынғы Елзат Ескендір қысқа метражды “Өліара” фильмімен Пусаннан бас жүлде алып қайтты. Ал Шарипа Уразбаеваның алғашқы фильмі “Мариям” Локарно халықаралық кинофестивалінде көрсетілді. Аталған фильм биыл ақпанда Везул фестивалінің гран-приіне ие болды. Шарипа Уразбаева Везул фестивалінің тарихында алғаш рет гран-при жеңіп алған әйел режиссер ретінде қалды.

"Шұға" фильмі. Режиссері Дәрежан Өмірбаев ©critikat.com

***

P.S Мен күткен автобус келді де жапа тармағай таласқан адамдармен бірге міндім. Артымнан бір әйел кісі қағып өтіп орындыққа отыруға асықты. Қарасам аялдамадағы қыз екен. Орындыққа отырар-отырмастан "Оңайын" алып, жолақысын төлеуге қайтып келді. Оның орнына басқа әйел кісі жайғасты. Ал, бұл болса, "Оңайымен" жолақысын төлей алмай әлек. Аппаратқа басқан сайын “қате” деген дыбыс құлағыңды тесіп жібере жаздайды. Арасында өз орнына жайғасқан әйелге: “Девушка, басқа орынға отырыңыз! Бұл менің орным” деп қояды. Санап тұрмын "Оңайын" 17 рет басқанда барып жолақысы алынды.

Мұның орнына отырып алған екінші әйел: “Автобус саған такси емес, қаласаң басқа орынға отыр” деп безерді. Бұл да қайтпай: “Мынау менің орным. Өзің басқа орынға отыр” деп табандап тұрып алды. Ақыры екінші әйел тұрып кетті. Көп өтпей қайтып келді де ұрыс жалғасты.

Екінші әйел: “Сен неге маған айқайлайсың. Айқайлайтын кімсің? Өзіңнен үлкен кісіге айқайлау ұят емес пе? Больная что ли? Мүгедек болсаң, документіңді көрсет?” деп қояды. Бұл үндемей отыр. Сосын екінші әйел автобус жүргізушіне қарап:

Водитель, мынау маған не үшін айқайлап жатыр, - деді. Неге айтқаны түсініксіз. Ештеңе өндіре алмағасын ары кетті. Аялдамадағы қызға қарап ем, орындықта күбірлеп отыр. Не айтып жатқаны естілмейді.

Менімен жүргізушінің көзі айнада түйісіп қалды. Жарылайын деп отыр екен. Маған мұңын шаға жөнелді:
Водитель, мынау маған айқайлап жатыр, - дейді. Менің қандай қатысым бар?
– ….
Осы адамдар қызық. Бәріне мен кінәлімін!
....
Кеше бір орыс кемпір келіп: “Кондер есть?” дейді. Ал мен оған: “Бассейн не нужен?!” дедім.

Жүргізуші осыны айтып қарқылдап күлді. Мен ыңғайсызданып айнаға қарап, үнсіз жымидым да, өз аялдамамнан түсіп қалдым. Жүріп бара жатқан автобусқа қарап ем, аялдамадағы қыз әлі күбірлеп отыр екен. Жүргізуші қасындағы жолаушыға қолын сермеп, аузы-аузына жұқпай сөйлейді. Мұңын шағып бара жатқан болар. Ал басқа жолаушылардың бәрі қолындағы смартфонға үнсіз үңіліп, міз бақпай кетіп барады.

 Тұрсынбек Башар

Т. Раушанұлы