"Қап-қара адам" Францияда марапатқа ие болды

"Қап-қара адам" Францияда марапатқа ие болды
Фото: қазақфильм

Әділхан Ержановтың “Қап-қара адам” фильмі Францияның Везул кинофестивалінде арнайы сыйлыққа ие болды. Бұл туралы кеше, 18 ақпан күні фестивальдің салтанатты рәсімінде жарияланды. Festival International des Cinemas d ' Asie de Vesoul - бұл Еуропаға Азия киносын ұсыну және ілгерілету мақсатында жасалған киносмотр. Ержановтың картинасы конкурстан тыс көрсетілді және Франция кинотеатрлары иелерінің қазылар алқасынан марапатқа ие болды.

Отандық көрерменнің бүгінгі күнге осы жүлдегер фильмді көруге барлық мүмкіндіктері бар – қазіргі уақытта "Қап-қара адам" елімізде кең проката жүруде және оны Қазақстанның барлық кинотеатрынан көруге болады.

– Жүлде Франция кинотеатрларының иелерінен келгеніне өте қуаныштымын. Фильм конкурстан тыс көрсетілсе де осы сыйлыққа ие болып отыр - бұл өте маңызды. Біздің көрермен де кинотеатрларға барады деп үміттенемін. Оның үстіне, фильм қазір біздің прокатта жүріп жатыр. Көруге асығыңыздар! – деп Әділхан Ержанов өз әсерімен бөлісті.

Ержановтың картинасын Arizona Productions (Франция) қатысуымен Short Brothers (Қазақстан) компаниясы түсірген. Бұл драмалық триллер істі тез арада жапқысы келетін тергеуші Бекзаттың (актер Данияр Алшинов) оқиғасын баяндайды, себебі кінәліні – зиянсыз ақымақ Пукуарды (Теоман Хос) жергілікті полицейлер тауып қойған. Алайда іске қаланың журналисі Ариана (Динара Бақтыбаева) араласқанда, бәрі өзгереді. Енді тергеушіге осы істі өмірінде бірінші рет барлық ережелер бойынша жүргізуге тура келеді.

"Қап-қара адам" фильмінің әлемдік премьерасы 2019 жылы 23 қыркүйекте Испанияда өтті. Картина Сан-Себастьяндағы 67-ші Халықаралық кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасы аясында көрсетілді. San Sebastian International Film Festival – әлемдегі ең көне "А" класты кинофестивальдердің бірі (Канн, Берлин және Венециямен қатар). 2019 жылдың қараша айында Әділхан Ержанов "Қап-қара адам" фильміндегі өз жұмысы үшін "Үздік режиссер" номинациясында "Asia Pacific Screen Awards -2019" (Азиялық "Оскар") сыйлығына ие болған еді. Ол осы номинацияға ие болған алғашқы қазақстандық режиссер.

Айта кетейік, 2018 жылы "Қап-қара адам" Almaty Film Festival фестивалі аясында питчинг жобаларының жеңімпазы атанған болатын.

Т. Раушанұлы