Кинотанушы Дана Әмірбекованың "Оскар-2020-ға" жасаған болжамы

Кинотанушы Дана Әмірбекованың "Оскар-2020-ға" жасаған болжамы
Фото: facebook

Биыл Оскар сыйлығында бір-бірінен өткен, бабы келіскен, бағы жанған бірнеше таңдаулы фильм бақ сынап жатқаны белгілі. Осы орайда “қандай фильмдер үздік болуы мүмкін және олар несімен артық, картинаның түсірілуіндегі команда (режиссер, сценарист, актер, оператор... т.б) қай жағынан ұтып тұр һәм биыл біз күтпеген фильмдер үздіктер қатарынан көріне ме?” деген сынды сауалдарды кинотанушы Дана Әмірбековаға жолдадық.

– Биыл үздік фильм мәресін кесіп өтуге үзеңгі қағыстырып Тарантиноның “Голливуды”, Скорсезеның “Ирланды”, Флипстің “Джокері”, бұлармен қоса Пон Джун-хоның “Парзиттері” шауып келеді. Әзірге кімнің бабы мен бағы қатар келіп, үздік шығатыны белгісіз. Сіз қай режиссердің туындысын үздік деп бағалайсыз?

–  Биылғы жылы бәйгеге түсіп отырған туындылардың әрқайсысы үздік деп танылуға әбден лайық. Дегенмен, "Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе" демекші, бұлардың арасында киносүйер қауымның айрықша ықыласына бөленген туынды ретінде Квентин Тарантиноның "Бір заманда... Голливудта" фильмін атауға болады.

Бұл туынды Адам қиялында ғана іске асатын небір батыл армандарды шындыққа айналдырып, өткенге қайта оралып, бұлыңғыр болашаққа сапар шегіп, өліні тірілтіп, әлсізді күшейтіп, қарапайымды ұлы ете алатын ұлы өнер жайлы. Сіз бен біз өмірімізді олсыз елестете алмайтын, әлемдегі ең сүйікті, ең әдемі, ең көркем және ең ыстық атауға ие – КИНО өнері жайлы. Дәлірек айтсақ, Голливуд киносы жайлы. Бүгінгі таңдағы таптаурын шаблондар мен қайталана беретін сюжеттерден құрылған Голливуд киносы  емес, өзінің ең бір шарықтап гүлденген, шыңда тұрып еңіске қарай құлдилаған кезеңі жайлы. Фильм оқиғасының 1960 жылдардардың соңы мен  1970 жылдардың басында орын алатыны да сол себепті.

Екі сағатқа созылатын туындыда артық ештеңе жоқ. Себебі, кинооператордың камера көзі арқылы көрермен назарына ұсынған әрбір планы, үңіліп қараған әрбір деталі, дыбыстық қатардағы әрбір сықырға дейін маңызды. Эстетикалық ләззат алу үшін ғана емес, кино әлемінің тұңғиыққа толы сырлары мен қатпар-қатпар қыртыстарда жасырынған қырларын ашу үшін. Әлем киносыншылары бұл туындыны "Тарантиноның Сегіз жарымы" депті. Жоқ, бұл Тарантиноның емес, кино әлеміне шексіз ғашық көрерменнің, демек, сіз бен біздің "Сегіз жарымымыз"! Сол себепті, "Бір заманда... Голливудта" фильмі үздік деген мәртебені иемденуге әбден лайық.

Пон Чжун Хо "Паразиттер" фильмі

– Шығыс халқының өкілі ретінде “Паразиттерге” көңіліңіз бұрмай ма? Бұл фильм де кино әлеміндегі жоғарғы жүлделердің бірі саналатын “Оскарға” әбден лайықты.

– Пікіріңізбен келісемін. Шығыс киносының мәртебесін көтеріп, оқиға желісін өзіндік баяндау мәнерімен дүр сілкіндіріп, көрерменге ұмытылмас әсер сыйлаған Корей режиссері Пон Чжун Хо мырзаның бұл туындысы "Үздік шетел фильмі" марапатын алуға әбден лайық деп есептеймін.

Сэм Мендес "1917" фильмі

–  "1917" фильмі жүлдесіз қалса әділетсіздік болмай ма?

– Кино өнері пайда болғанына 125 жыл болды. Осы кезең арасында сан алуан тақырыптар көтерілді. Оның ішінде соғыс тақырыбын киноүлдірге таспалаған мыңдаған фильмдер жарыққа шықты. Бұл ретте, бүгінгі постмодернизм заманында кез келген туындыда не жайлы баяндалатыны емес, қалай баяндалатыны маңызды.  Ал, бұл туындыны қарапайым көрермен ретінде емес, кинотанушы ретінде қарастыратын болсақ, "1917" фильмі бірінші кезекте оператор жұмысымен ерекше. Талайдың тағдырының астан-кестеңін шығарып, адам баласының қолымен жасалған жердегі тозақтың салдарына кинокамера көзі арқылы үңіліп, әр кейіпкердің қасіреті мен ішкі күйзелісін кино тілін ұтымды пайдалана отырып, асқан дәлдікпен сипаттаған Роджер Дикинстің жұмысы  үздік деп мойындалып, лайықты жүлдесін алатынына сенімім бек. Себебі, ол фильм желісін бір ғана кадрмен түсіру әдісін шебер пайдалануы арқылы  қарапайым оқиғаны шедевр деңгейіне көтере алды. 

Хоакин Феникс – Джокер ролінде

– “Басты рөлдегі актер” номинациясы бойынша кім лайық деп ойлайсыз? Бұл сыйлық кино әлеміне еңбегі сіңген, Голливудта даңқты Антонио Бандераске бұйыра ма әлде “Джокерде” басты рольді сомдап көрерменнің шексіз ықыласына бөленген Хоакин Феникстікі ме?

– Әрине Хоакин Феникстің өз кейіпкерін тұла бойымен сезініп,  "Джокер" кейіпіне шебер ене білуі бас игізері сөзсіз. Антонио Бандерастің ойыны да тек қошеметке лайық. Алайда, мен үшін биылғы "Үздік актер" мәртебесіне Леонардо Ди Каприо әбден лайық. Себебі, оның бұған дейінгі жасаған образдары бір төбе болса, "Бір заманда... Голливудта" фильміндегі Рик Далтон бейнесі бір төбе. Леонардоның ерекшелігі, ол өз кейіпкерлеріне енуде көптеген актерлер сияқты сыртқы ұқсастықпен шектелмей, бар болмысымен тұтаса білуінде. Қалай дегенмен, биылғы "Оскар" марапаты Хоакин Феникстің жұлдызын жандыруы әбден ықтимал. Ал, "Үздік актриса" жүлдесі Рене Зеллвегерге бұйыруы әбден мүмкін.

Брэд Питт – Клифф Бут ролінде

– Сіздің ойыңызша биыл “Екінші пландағы актер” номинациясы бойынша киноға еңбегі сіңсе де әлі “бағаланбай” келе жатқан, бұл сыйлықты бірде-бір рет иеленбеген Брэд Питт ала ма әлде бұл жүлдеге басқа актерді лайық деп санайсыз ба?

– Бұл марапат бойынша ұсынылған актерлердің әрқайсысы "сен тұр, мен атайын" деген білікті маман. Бред Питт – өз ісінің нағыз шебері. Алайда, "Бір заманда... Голливудта" фильмінде жасаған Клифф Бут есімді кейіпкерінің бейнесінен Бред Питттің көрерменге таңсық, ерекше қырынан ашылғанын көре алмадым.  Меніңше оның ең үздік рөлі – Тайлер Дерден образы ("Fight Club", реж: Д.Финчер). Дегенмен, бәрі мүмкін...

Тағдырдың күлкісіне қалған Джокер

–  Үздік “Режиссер жұмысы” номинациясы бойынша : Мартин Скорсезе ("Ирланд / The Irishman" ), Тодд Филлипс ("Джокер / Joker"), Сэм Мендес ("1917"), Квентин Тарантино ("Күндердің бір күнінде... Голливудта / Once upon a Time…in Hollywood") және Пон Джун-хо ("Паразиттер" / Parasite" )  атты режиссерлер ұсынылыпты. Қарап отырсаңыз барлығы да лайықты. Бәрі де кезекті туындыларын сәтті түсірген режиссерлер. Сіз қай режиссерді таңдар едіңіз?

– Айналып келгенде, кино – спорт емес қой. Осы тұрғыда, бұл туындылардың қайсысының жеңгеніне қарағанда, қай туындының тарихта қалатыны маңыздырақ. Дегенмен, менің пікірімше,  бұл туындылардың арасындағы жеңіске ең лайықтысы Квентин Тарантиноның "Бір заманда... Голливудта" фильмі. Келісу-келіспеу әркімнің өз еншісінде..

Т. Раушанұлы