"Француз жаңа толқыны" жұлдызы Анна Карина туралы 5 дерек

"Француз жаңа толқыны" жұлдызы Анна Карина туралы 5 дерек
Фото: vk.com

Өткен аптада Париж қаласындағы ауруханалардың бірінде аты аңызға айналған актриса Анна Карина көз жұмды. 80-ге қараған шағында бақилық болған актриса 1 ғасырға жуық ғұмырын еш өкінішсіз өткізді. Олай дейтін себебіміз, қарапайым ғана отбасында дүниеге келген қыз "Француз жаңа толқынының" жұлдызы, Жан-Люк Годардың музасы, кинематограф аңызына айналады деп кім ойлаған?! Өзі де мұндай биография туралы армандамаса керек.

Бұл мақалада актриса өміріне қатысты қызықты ақпаратпен бөлісуді жөн көрдік.

Шын есімі – Ханна Карин Бларке Байер

1940 жылы Данияның Сольбьерг қаласында Ханна Карин есімді қыз бала дүниеге келеді. Оның сәби кезінде әке-шешесі ажырасып кетіп, Ханна әжесінің тәрбиесінде болады. Ол бала кезінен актриса болуды армандайды. Оған жету жолында Парижге аттануға бел буады. Француз кинематографы жұлдызы, шын мәнісінде, Данияның тумасы.

Коко Шанельмен кездесу

Парижге алғаш келген кездерін ол: "Мен Францияға келгенде 17,5 жаста едім, қалтамда көк тиын жоқ. Қара көйлегім мен ақ туфлиім ғана" деп еске алады.

"Бір күні суреттерімді Elle журналына алып бардым. Редакцияда Коко Шанель болды. Ол менен: "Сен кімсің?" -деп сұрады, "Мен ешкім де емеспін, есімім Ханна Карин",-дедім. "Сенің актриса болғың келмей ме?" "Әрине, келгенде қандай?!"- деп саңқ еттім. "Онда келесіде атыңды сұрағандарға өзіңді Анна Карина деп таныстыр".

Осылайша сән әлеміне келген жас қыз Коко Шанель мен Пьер Карден көрсетілімдеріне қатысып, талай сән журналының мұқабасын әрледі.

"Мұныңыз қалай?": Годардан түскен алғашқы ұсыныс

Париж богемасы жиналатын кештердің бірінде ол Жан-Люк Годармен танысады. Қыздың сұлулығына тәнті болған Годар 1959 жылы "Соңғы дем" картинасына түсуге шақырады. Бірақ фильмде ашық сценалар болған себепті Анна бұл рөлден бас тартады.

"Сіз экранға Palmolive жарнамасымен шықтыңыз емес пе? Сіз онда ашық сцена түгіл, ваннада жаттыңыз. Мұныңыз қалай?",- деп таңғалады Годар. "Өзіңіз қызық екенсіз. Онда мені сабын көпіршіктері жауып тұрған, оның үстіне, ақ түсті суға түскенде киетін киімім болған",-деп ақталған екен Анна. Оның орнына рөлді Джин Сиберг ойнап шыққан.

7 жылда 7 фильм

Годар мен Карина 7 жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешеді. Сол 7 жылдың ішінде Годар шығармашылығындағы аса маңызды 7 картина түсіріледі. Олардың қатарында, "Әйелдің аты – әйел" картинасы да бар еді. Аталған фильмдегі рөлі үшін актриса алғашқы марапатын алды. Ол Берлин Халықаралық Кинофестивалінің аса беделді "Күміс аю" марапаты болатын.

 Актрисалықтан өзге қыры

Бір қызығы, Анна Карина бір кездері ән айтуды қолға алған. Оған сол кездердегі аса беделді Серж Генсбур сынды музыканттар ән жазған. Одан бөлек, режиссерлікпен да айналысқан екен. Оның "Бірге тұру" аталатын картинасы сыншылар арасында да, көрермен арасында да жақсы қабылданбады. Десе де, оның "Француз жаңа толқыны" өкілдерінің картиналарында ойнауы олардың шет*шетінен шедевр атануына үлкен ықпал етті. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Жоққа шығарғысы да жоқ.

А. Оралқызы