Bastau Shorts конкурстық бағдарламасына 21 елдің фильмдері қатысады

Bastau Shorts конкурстық бағдарламасына 21 елдің фильмдері қатысады
Фото: Bastau Shorts

2019 жылы желтоқсанның 3-і мен 7-і аралығында өтетін VIII Халықаралық «Бастау» фестивалінің Bastau Shorts қысқаметражды студенттік фильмдердің конкурстық бағдарламасы жарияланды. Бұл тізімге 21 елден келген 43 қысқаметражды көркем, деректі және анимациялық фильмдер кірген. Олардың қатарында Германия, АҚШ, Латвия, Армения, Әзірбайжан, Үндістан, Литва, Сингапур, Түркия, Өзбекстан, Украина, Қырғызстан сынды басқа да елдердің фильмдері бар. 

Айта кетсек, биыл фестивальге 44 елден 360 өтінім келіп түскен. Олардың арасында ең көп өтінім Ресейден келген (60 фильм). Нәтижесінде Bastau Shorts бағдарламасында 11 ресейлік фильм ұсынылатын болады. 

Айта кетсек, бұл байқауға 6 отандық фильм іріктелініп алынды, олар: режиссер Камилла Бердімұратованың «Тақсыр» деректі фильмі, режиссер Айдарбек Абдулқадырдың «Терең су» анимациялық фильмі, режиссер Самғар Рақымның «Ауылға дипломмен» көркем туындысы, Еламан Шаубановтың «Бауыр» картинасы, Дарина Манапованың «Мәулен» және Бағлан Құдайберлиевтың «Тыныштық әні» көркем фильмдері.  

Фестивальдің барлық фильмдері Bekmambetov Cinema  кинотеатрында көрсетіледі (Абай даңғылы, 109 В, Globus кешені, 2-йші қабат). 

Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фестивальдің ашылу салтанаты «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтеді. Басталуы сағат 19:00. Фестиваль отандық режиссер Шарипа Оразбаева түсірген «Мариям» фильмімен ашылады. 

Фестивальдің жеңімпаздары 2019 жылы 7 желтоқсанда белгілі болады. 

Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер фестивалін «Бастау» ХКФ Бас Дирекциясы, «Кинокомпания Tanaris Production» ЖШС, Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен A Team компаниясы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер Академиясы, ТҰРАН Университеті, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ өткізеді.

А. Оралқызы