"Балуан Шолақ" фильмі Үндістандағы ең беделді фестивальге қатысып жатыр

"Балуан Шолақ" фильмі Үндістандағы  ең беделді фестивальге қатысып жатыр
Фото: Массагет

Режиссер Нұргелді Садығұловтың "Балуан Шолақ" фильмі қарашаның 20-ы мен 28-і аралығында Гоа штатындағы 50-ші Үндістан Халықаралық кинофестивалінің "Әлемдік панорама" бағдарламасына қатысып жатыр. Кинотуындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ түсірген.

Биыл көктемде ұлттық прокатқа шыққан тарихи кинолента палуан, әнші әрі композитор Балуан Шолақтың өмірі туралы баяндайды.

Үндістан Халықаралық кинофестивалі 1952 жылдан бері жергілікті Үкіметтің қолдауымен өткізіліп келеді. Байқаудың негізін қалаған Джавахарлал Неру. Үндістандағы ең беделді және Азиядағы ең көне кинофестивальдің мақсаты – әлемдік фильмдерді бір алаңға жинап, көрермендеді кино өнерінің ең үздік туындыларымен таныстыру болып табылады.

Әр жылдары бұл фестивальге Шакрух Хан, Амитабх Батчан, Шекхар Капур сынды басқа да аты аңызға айналған киногерлер қатысқан. Осы мәдени іс-шара барысында Анг Лидің "Пи өмірі" және Джастин Чедвиктің  "Бостандыққа барар ұзақ жол" сынды әлемдік кинематографта танымал кинотуындылардың көрсетілімдері өткен.

Биыл фестиваль өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтеді. Әлемнің көптеген кино жұлдыздары қатысатын бұл байқаудың бағдарламасы да қызықты болады дейді ұйымдастырушылар. "Алтын Глобус" жүлдесінің иегері, танымал француз актрисасы Изабель Юппер фестивальдің құрметті қонағы болмақ. Фестиваль барысында актрисаға кино өнеріне қосқан үлесі үшін жүлдесі табысталатын болады.   

А. Оралқызы