Ешкім бірге жұмыс істегісі келмейтін актерлер

Фильмді қарап отырып, актердің ойыны мен режиссерді жұмысына тәнті боламыз. Олар өз кейіпкерлері үшін талай құрбандыққа барады: бірі арықтайды, бірі жойылып кеткен тілдерді меңгереді. Тіпті, кейбіреуі кейіпкері үшін тауды бағындырады. Бірақ, түсірілім барысының астаң кестеңін шығарып, фильмнің түсіріліміне жағымсыз әсер ететін актерлер мен режиссерлер де болады. Біреуі өзінің "жұлдыз ауруымен", бірі шексіз талабымен жасалған еңбектің күлін көкке ұшырады. Бүгін сіздерге Голливуд жұмыс істеуден қашатын режиссерлер мен актерлер тізімін ұсынамыз. 

Шайа ЛаБаф

Шайа ЛаБафқа мансабын енді бастап келе жатқан актерлерге арнап, кітап жазуға болады. Оны "Мансапқа нүкте қою үшін" деп атаса, бестселлерге айналары анық. Голливудтың нағыз саяғына айналған ол керемет кеңестер беретіні сөзсіз. Оның тәжірбиесі бойынша, алдымен, талантты әрі болашағы зор актер екеніңізді көрсетіңіз. Өзіңіздің дарыныңызбен Стивен Спилбергтің көзіне түсіп, кассалық жиыны мол франшизалардың біріне шақырту алыңыз. Кейін түсірілім біткен соң, Спилбергті бір жамандап алыңыз да, "оның талаптары сізге ғана тән дара қасиеттерді тұншықтырды" деп айыптаңыз. Осылайша, өзгені орға жығамын деп, өзіңіз байқаусызда сүрініп кетесіз. Жай құламай, түбіне батқыңыз келсе әркіммен төбелесіңіз, кештерге есірткімен не мас күйінде келіңіз. Берлин кинофестиваліне басыңызға "Мен енді танымал емеспін" деген жазуы бар қағаз пакет киіп келсеңіз оның барлық кеңестерін орындайсыз. 

ЛаБаф ордан шығуға тырыспады деп айта алмаймыз. Ол Спилбергтен кешірім сұрап, өзін енді "тәуелсіз" актер ретінде көргісі келетінін жеткізді. Бірақ, әзірге жыл сайын ол тек бір фильмге түсіп жүр. Талантты актер үшін бұл тым аз. Бірақ, басы даудан арылмайтын актермен жұмыс істегісі келетіндер де көп емес.  

Эдвард Нортон

Эдвард Нортонның актерлер арасында беделі асқақтап тұр. Оның репертуарындағы фильмдер де сапалы. Бірақ, актермен жұмыс істеуден режиссерлер неге қашады? Біріншіден, оның қоятын талаптары өте жоғары. Тек өзіне ғана емес, айналасындағыларды да әуреге салады. Түсірілім барысында өзінде не серіктесінде қателік кетсе қайта түсіруге мәжбүрлейді. Тіпті, режиссердің "бәрі жақсы" деген сөзі оны тоқтата алмайды. Екіншіден, Нортон бәрін өз бақылауында ұстағанды жақсы көреді. Түсірілім барысында ол сценарийге өзі қалағандай өзгеріс еңгізуі мүмкін. Кейде монтаж жасау кезінде ортаға кіріп кетіп, ақыл айта бастайды. Мысалы, "Ерекше Халк" фильмі кезінде түсірілім тобы Нортонды монтажға араластырмай қойған, ол ренжіп, кейінгі шаралардың ешқайсына қатыспаған. Нәтижесінде режиссер оны бәрінің ақылымен санасатын Марк Руффалоға алмастырған.

Джеймс Кэмерон 

"Терминатор", "Титаник" және "Аватар" секілді атақты фильмдердің режиссері Джеймс Кэмерон – перфекционист. Экранға шығатын туындысы өзі қалағандай болу үшін өзінің ғана жүйкесін жұқартып қана қоймай, актерлер, мамандар мен оператордың әбден мазасын алады. Онымен бірге жұмыс істейтін топ оның қатал әрі талғампаз екенін жеткізген. Әр жұмыс күнді ол аздаған жиыннан және "біз өз мүмкіндіктеріміздің шекарасынан асуымыз керек" деген сөзден бастайтын болған. Кэмеронмен жұмыс істеуге асық актерлерді кездестіру өте қиын. Егер бірге жұмыс істеу мүмкіндігі туа қалса, ауыр әрі мазасыз жұмысқа дайын болғаны жөн. Голливудта Кэмеронды осы мінезіне бола "Темір Джим" деп атайды. 

Кристиан Бэйл

Басқалармен салыстырғанда, Кристиан Бэйл сұранысқи ие актерлердің бірі. Бірақ, оның танымалдылығы мен таланты режиссерлердің қандай қиындыққа жолығатынын жоққа шығара алмайды. Егер бірнәрсе үйлеспей қалса, актердің бірден ашуға булығатыны, оның қызба мінезі айналасындағыларға әсер етпей қоймайтын. Кристиан Бэйл өз жұмысына өте жауапты, егер әлдекім оның жұмысына кедергі келтірсе немесе операторда техникалық қиындықтар туған жағдайда, ол өзінің ашуын ашық көрсеткен. Мысалы, желіден "Терминатор:Құтқарушы" фильмінің түсірілім барысында туған қиындық кезінде операторға "қайда бару керектігін" еш қысылмастан айтқан Бейлдің аудиосы тараған болатын. Сонымен қатар, оның әріптестеріне оның ешқашан адамдармен жақын араласпайтыны, әрдайым тек іскерлік әңгімеден аспайтыны ұнамаған.

Брюс Уиллис

Брюс Уиллис – нағыз талант. Оның фильмдерін көрмесе де, актердің өзін танымайтын адам кездеспейді. Бірақ, әріптестері оны өзін тым жоғары бағалайтын, түсірілімге кешігіп келетін, өзінің сахнасын ұмытып қалып, промо шараларға келмейтінін айтады. Мысалы, режиссер Кевин Смит өзінің фильмінде түсірілімге атсалысқан барлық актер мен мамандарға алғыс білдіре отырып, соңына "Әрине, Брюс Уиллистен басқасы. Өйткені, ол нағыз сұрқия" деген болатын. Вуди Алленнің кейінгі "Ақсүйектер өмірі" (Café Society) атты фильміндегі басты кейіпкерлердің бірін Брюс Уиллис сомдауы керек болған. Бірақ, ол алғашқы күннен-ақ кешігіп келген. Кейін режиссердің "Мотор" сөзінен кейін сценарийді оқымағанын айтқан. Аллен шыдамай Уиллисті түсірілім кезінде жұмыстан шығарған. 

Міне, актер мен режиссерлердің бізге беймәлім осындай қыры бар. Барлық адамда мінез болады. Бірақ, оны жұмыста бәрінен биік қою қаншалықты дұрыс?