Оскар – 2019: Дэвид Линч кинематографқа сіңірген еңбегі үшін марапатталды

Оскар – 2019: Дэвид Линч кинематографқа сіңірген еңбегі үшін марапатталды
Фото: vk.com

Америкалық киноакадемия белгілі режиссер Дэвид Линчті кинематографқа сіңірген еңбегі үшін "Оскар" марапатына лайық деп тапты. Салтанатты рәсім 27 қазан күні Лос Анджелес қаласында өтті.

Бұл Дэвид Линчтің мансабындағы алғашқы "Оскар" болып отыр. Осыған дейін ол аса беделді марапатқа 4 рет ұсынылып, бір де бір рет алмаған екен. Ол 3 мәрте "Үздік режиссер" аталымы бойынша бақ сынаған: 1980 жылы  "Піл-адам", 1986 жылы "Көк барқыт" және 2001 жылы "Малхолланд Драйв" фильмдері үшін. 4-сінде жоғарыда аталған "Піл-адам" картинасы үшін "Үздік адаптацияланған сценарий" аталымы бойынша ұсынылған. Жалпы сол жылы бұл картина 8 аталым бойынша шорт-листке іліккен еді.

Естеріңізге сала кетейік, Дэвид Линч Twin Peaks сериалы мен өзге де шедевр картиналардың режиссері ретінде танымал болғанымен, өнердегі алғашқы қадамын суретші ретінде бастаған. Бұл туралы Джон Нгуйеннің 2016 жылы жарыққа шыққан "Дэвид Линч: Өнердегі өмір" деректі фильмінде айтылады.

А. Оралқызы