"Риэлтор" фильмі "Мәскеулік тұсаукесер" фестиваліне қатысады

"Риэлтор" фильмі "Мәскеулік тұсаукесер" фестиваліне қатысады

Режиссер Әділхан Ержановтың "Риэлтор" фильмі Ресейде қазанның 29-ы мен қарашаның 3-і аралығында өтетін посткеңестік кеңістігіндегі елдер арасындағы "Мәскеулік тұсаукесер" атты халықаралық кинофестиваліне қатысады. "Қазақфильм" киностудиясы түсірген туынды фестивальдің "Еуразиялық кеңістік. ХХI ғасыр. Үздік толықметражды дебют" атты бағдарламасында көрсетілмек.

"Риэлтор" фильмінде өткені де, болашағы да бұлыңғыр Дарик есімді өмірден адасқан жігіттің өмірі баяндалады. Бір күні ол белгісіз бір жерде есін жиып, өңі ме, түсі ме, ештеңе түсіне алар емес. Табиғатпен оңаша қалған Дарик аман қалу үшін қалада үйренген барлық амал-тәсілдерін еске алуға мәжбүр болады. Бірақ мұнда, кең далада, ең алдымен, өзіңнің кішкентай тайпаңды жинау қажет.

"Мәскеулік тұсаукесер" фестивалін ТМД Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры қолдауымен "Екі Андрей" атты мәдениет және кинематографияны қолдау қоры ұйымдастырған. Фестивальге Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Өзбекстан, Украина, Тәжікстан, Грузия, Литва, Латвия және Эстония сынды елдердің  киногерлері қатысады. Фестиваль шеңберінде әр түрлі форматтағы 40 фильм көрсетіліп, танымал режиссер Кира Муратованың (1934 – 2018) еске алу кеші өткізіледі. Сонымен қатар, іс-шара барысында отандық "Ине" фильмінің (режиссері Рашид Нұғыманов) 30 жылдығына орай арнайы кеш ұйымдастырылмақ.

Айта кетсек, "Риэлтор" фильмі 2011 жылы Анапада өткен "Киношок" кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне және Санкт-Петерборда өткен "Дебоширфильм — Чистые грезы-XIV" халықаралық фестивалінде "Табылған адам үшін" арнайы жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ Әділхан Ержановтың фильмі "Киноликбез" (Барнаул, Ресей, 2012) кинофестивалінде бас жүлдеге қол жеткізіп, 10-ші Шәкен жұлдыздары фестивалінде "Үздік толықметражды фильм" жүлдесін алды. Одан бөлек бұл кинотуынды Сеулде өткен 6-шы CINDI атты сандық кино фестивалінде White Chameleon Award жүлдесімен және "Үздік дебют" номинациясы бойынша ұлттық "Құлагер" жүлдесімен марапатталған болатын.

 
А. Рысдәулет