"Қазақфильмнің" үш бірдей фильмі Тәжікстанда көрсетіледі

"Қазақфильмнің" үш бірдей фильмі Тәжікстанда көрсетіледі
Фото: vk.com

Душанбе қаласында қазанның 16-ы мен 20-ы аралығында тәжік киносының күніне орай деректі фильмдерге арналған «Дидор» халықаралық кинофестивалі өтеді. Бұл байқаудың халықаралық конкурстық бағдарламасында режиссер Владимир Тюлькин түсірген «13 шақырым» деректі фильмі көрсетіледі.

Аталған деректі фильм Серік Боданбаев есімді зағип туралы баяндайды. Қыстаудан өз ауылына қарай бет алған басты кейіпкер өз өмірінің елеулі сәттерін еске алып, өз бойындағы құндылықтарының сырын ашады. Кинотуындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр «13 шақырым» фильмі Бразилияда өткен Халықаралық «Еңсеру» («Преодоление») кинофестивалінде арнайы жүлдеге және Екатеринбург қаласында өткен ХХVІІІ «Ресей» деректі кино фестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Сонымен қатар, аталған фильм Сербияның Крушевац қаласында өткен Халықаралық «Рухы биік» («Сильные духом») православиелік фильмдер фестивалінде арнайы жүлдемен марапатталды.

Айта кетсек, «Дидор» кинофестивалінің конкурстан тыс – әлемдік авторлық деректі фильмдерге арналған бағдарламасы шеңберінде «Қазақфильм» киностудиясы шығарған «Ата кәсіп» (реж.Берік Жаханов) және «Чуваш халқы. Қазақстан – менің екінші отаным» (реж. Динара Манабаева) атты деректі фильмдер көрсетіледі.

«Дидор» халықаралық кинофестивалі Тәжікстан үкіметі және «Тәжікфильм» Мемлекеттік ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған. Жалпы «Дидор» кинофестивалі (көркем және анимациялық байқауы) Душанбе қаласында 2004 жылдан бастап өткізіледі. Биыл ұйымдастырылған деректі фильмдер фестивалі алғаш рет өткізілмек.

Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда  биыл фестивальге қатысуға 200-ге жуық фильмдер үміт білдірген. Нәтижесінде байқаудың іріктеу комиссиясы 15 елден 57 деректі фильмді таңдап алған екен.

А. Оралқызы