Педро Альмодовар. Әйелдер туралы ода

Педро Альмодовар. Әйелдер туралы ода
Фото: vk.com

Бүгін – талантты испан режиссері Педро Альмодовардың туған күні. Осы орайда біз оның әйелдері, нақтырақ айтсақ, оның атағын жер жаһанға таратқан кейіпкерлері туралы әңгімелекпіз. Неліктен тек әйел кейіпкерлер? Себебі, мұның культті режиссер атануына түрткі болған осы мінсіз бейнелер болатын.

"Мен фильмдерімде басымдықты әйелдерге берсем ғана шынайы дүние шығара алатындай көремін. Испан әйелдері "тірі" әрі тым экспрессивті келеді. Мен олардың жан тебіренісін дәл өздеріндей сезіне алатындаймын ",- дейді режиссердің өзі.

Ендеше, маэстроның ең танымал кейіпкерлеріне тоқталып өтейік.

Раймунда, "Қайта оралу"

Альмодовар шығармашылығының әр кезеңін ашатын бір-бір актриса бар. Мысалы, "Қайта оралуды" түсірген шақтарда ол Пенелопа Крусқа "ғашық еді".

Испанияның ең сұлу актрисасы осы кинодағы рөлі үшін алғаш рет "Оскар" номинанты атанды. Фильмнің өзі де көптеген марапаттарды қанжығасына байлады, Канн фестивалінде "Үздік әйел рөлі" үшін ұсынылатын "Алтын пальма бұтағы" Пенелопе Крус, Лоле Дуэньяс, Кармен Мауре, Бланке Портильо, Йохане Кобо мен Чус Лампреаве сынды 6 актрисадан тұратын түсірілім тобына бір-ақ берілді.   

Сыншылар "Қайта оралу" картинасының басты кейіпкері Раймунданы "күзгі жапырақтардың қанша түсі болса, бұл әйелдің болмысы одан да көп" деген баға берген.

Альмодовардың шедевры туралы көп оқығаннан, бір көрген артық.

Мануэла, "Менің анам туралы"

"Менің анам туралы" аталатын картина – Альмодоварды Канн фестиваліне алып келген фильм. Ол ең маңызды туындысын "барлық актрисалар, әйелдер мен аналарға, соның ішінде, өз анасына" арнаған.

Мануэланы сомдайтын Сесилия Рот – режиссердің 80-ші жылдардағы музасы. Бұл – ұлын айырылып мұңға батса, өмірге деген сүйіспеншілігінің арқасында өз-өзін жоғалтпаған әйел туралы толғау. 

Джульетта, "Джульетта"

Педро Альмодовардың "Қайта оралу", "Менің анам туралы" секілді туындылары талайдың сүйікті киносы болса да, оның "Джульеттасын" көпшілік біле бермейді.

Бұл фильм шебердің өзге жұмыстарындай танымал емес демесеңіз, колориті мен кадр көркемдігі жағынан олардан кем түспейді. Мұнда да бірінен бірі өткен испан сұлулары альмодоварлық мәнерде шиеленіскен оқиғадан шығудың жолын іздеп әлек болады.

Мадрид көшелерінің бірінде хабар-ошарсыз кеткен қызының құрбысын жолықтырып қалған көркем келіншектің ішкі арпалысы мен уайым-қайғысынан сыр шертетін туынды таңдайыңызда испан шарабындай қышқыл дәм қалдырады.

Алғашында фильм "Үнсіздік" деп аталған, кейін Скорсезенің осы аттас картинасымен шатастырмасын деген оймен өзгерткен. 

Мариса, "Жүйкесі тоған әйелдер"

Фильм атауы Альмодовардың өз кейіпкерлеріне деген қарым-қатынасын дәл көрсетеді. Картинадағы Мариса рөлін сомдаған Росси де Пальма оған дейін Альмодовардың "Джульеттасында" ойнаған.

1986 жылы панк топ концертінде танысқан кезден бастап режиссер Россиге арнап сценарий жазғысы келген. Арнайы жазылған себепті ме, әлде актрисаның мықтылығы ма, әйтеуір, кейіпкер мінсіз.

Түр-әлпеті Пикассо картиналарының кейіпкерлерінен айнымайтын айрықша келбетті актриса – "Жүйкесі тозған әйелдер" фильмінің жарқын жұлдызы.

Хасинта, "Дерт пен атақ"

Режиссер жаңа картинасын биылғы Канн фестивалінде көрсетті. Туынды кинематографиялық шығармашылықты жеке өмірден ажыратуға тырысатын өнерпаздар жолындағы қиындықтар туралы әңгімелейді. 

Фильм сюжеті El Deseo киностудиясынан басталады. Бұл – Педро Альмодовар туған бауыры Агустинмен бірге 1987 жылы негізін қалаған шеберхана. Өзіңіз байқап отырғандай, сценарийдің басым бөлігі автобиографиялық сипатқа ие.

Басты рөлдерді, яғни, ағайынды режиссерлерді Антонио Бандерас пен Асьер Эчеандиа  сомдайды. Ал негізгі әйел бейнесін, яғни, ағайындылардың анасын сомдау Пенелопа Крусқа бұйырған.

Картина Альмодовардың алғашқы махаббат, екінші рет сүйіспеншілік сезімін кешу, ана атану, өлім, 60-шы, 80-ші жылдар, қазіргі уақыт секілді ұғымдарға қатысты пікірін, ой-толғамын көрсетеді. Яғни, тағы да әйелдер туралы ода. 

А. Оралқызы