Almaty Film Festival – 2019: фестивальдің ашылу салтанаты

Almaty Film Festival – 2019: фестивальдің ашылу салтанаты
Фото: almaty.gov.kz

Кеше, яғни, 14 қыркүйек күні Алматы шаһары тұрғындары мен қонақтары Қала күнін мерекелеу аясында ұйымдастырылған II Халықаралық Almaty Film Festival шарасының ашылу салтанатын тамашалады.

Кинофестиваль аясында 7 күндік бағдарлама қарастырылған. Шараның ашылу салтанатында қызыл кілеммен отандық кино өндіріс өкілдері мен әлемге әйгілі жұлдыздар жүріп өтті. 

Кинофестивальдің қазылар алқасы құрамында қазақстандық актриса, "Алтын пальма" бұтағының иегері Самал Еслямова, британиялық режиссер әрі продюсер, "Оскар" сыйлығының номинанты, "Алтын пальма" бұтағының иегері Хью Хадсон мен ресейлік атақты продюсерлердің бірі Алексей Петрухин болды.

Сондай-ақ, кинофестивальдің арнайы қонақтары ретінде танымал ресейлік продюсер, "Хорошо продакшн" продюсерлік орталығының басшысы Наталья Иванова, "Абрамович қорының" директоры Антон Малышев, Пусан Халықаралық кинофестивалі президенті Джэй Джон, "European Children's Film Association" Бас хатшысы Феликс Вангиндерхюсен, "Старт" платформасының негізін қалаушы Эдуард Элоян, Ресей Федерациясының үздік кастинг-директоры Елизавета Шмакова, "The Hollywood Reporter" журналисі Ник Холдингворт, Еуропаның жетекші "Cineurope" медиа-порталының журналисі Вассилис Эконому, португалиялық продюссер және Локарно кинофестивалі сыйлығының иегері Пауло Бранко, франциялық киносыншы, Канн кинофестивалінің іріктеу тобының мүшесі Бенжамен Иллос сынды беделді азаматтар шақырылған.

Қызыл кілемнен жүріп өткен қазақстандық кино және өнер қайраткерлері қатарында аса талантты режиссер Дарежан Өмірбаев, әнші, актриса және продюсер Әсел Сәдуақасова, актер және продюсер Фархат Әбдірайымов, кино және ТВ актері Санжар Мәдиев, Әсел Сағатова мен Қарлығаш Мұхамеджанова сынды аткрисалар, сценарист және режиссер Сатыбалды Нарымбетов, актер және режиссер Асанәлі Әшімов және өзге де жұлдыздар болды.

1 аптаға созылатын фестивальдің жабылу рәсімі кезінде 5 негізгі номинация бойынша марапаттау өтеді, олар: "Гран-при", "Үздік режиссер", "Үздік актер", "Үздік актриса", "Қазылар алқасының арнайы жүлдесі", "ЮНЕСКО-ның арнайы сыйлығы".

Бұл номинациялар бойынша негізгі конкурсқа қатысатын 12 кино картина таласатын болады.

А. Оралқызы