Күздің кешінде көретін кинокартиналар

Алматының көшелеріне төселген қызылды-жасылды кілем, осы жетіде толассыз жауған жаңбыр шаһарда нағыз күзгі атмосфера орнатты. Кеудеңді романтикаға толтырар ерекше көңіл-күй сыйлады. Күзбен бірге келетін пәлсапалық ойларға деген бейімдік қайта бүршік жара бастады.

Осындай романтикалық сарындағы күзгі күйге тұздық болар көркемфильмдер тізімін ұсынуды жөн көріп отырмыз. Соңғы уақытта мұндай мақалалар қаулап кетсе де, біздің рейтинг мүлдем бөлек. Неге олай екенін әрқайсысын көріп шыққан соң түсінесіз. Ендеше, жұманың кешінде тәтті бәліш пен сүтті шайыңызды дайындап, кино көруге жайғасыңыз.

"Джульетта"
Педро Альмодовар

Педро Альмодовардың "Қайта оралу", "Менің анам туралы" секілді туындылары талайдың сүйікті киносы болса да, оның "Джульеттасын" көпшілік біле бермейді.

Бұл фильм шебердің өзге жұмыстарындай танымал емес демесеңіз, колориті мен кадр көркемдігі жағынан олардан кем түспейді. Мұнда да бірінен бірі өткен испан сұлулары альмодоварлық мәнерде шиеленіскен оқиғадан шығудың жолын іздеп әлек болады.

Мадрид көшелерінің бірінде хабар-ошарсыз кеткен қызының құрбысын жолықтырып қалған көркем келіншектің ішкі арпалысы мен уайым-қайғысынан сыр шертетін туынды таңдайыңызда испан шарабындай қышқыл дәм қалдырады.

"Махаббатқа құмарту"
Вонг Кар Вай

Фильмде оқиға үзік-үзік сипатталады: Су (Мэгги Чун) мен Чоу (Тони Люн Чу Вэй) алғаш рет 1962 жылы жолығады. Олардың бірі жұбайымен, екіншісі күйеуімен Гонконг қаласының шағын қонақүйлерінің бірінде көрші бөлмелерге тоқтайды. Екеуіне жолдастарының өзгеге көзі түскендей көрінеді. Бірақ, оған көздері жетпеген. Көршілердің арасында ортақ өкініштен пайда болған достық "Махаббатқа құмарту" сезіміне ұласады. Хас шеберлікпен көрсетілген бұл байланыс өзіне елітіп әкетеді. Үзіліп кететұғын нәзік қылдай сезімді көрерменнің көз алдына құмалақ ашқандай жая салмай, тылсымға толы түрлі түстер мен өзге де белгілер арқылы жеткізе білген.

"Анар түсі"
Сергей Параджанов

Картинаға қатысты "поэтикалық өсиетнама" деген анықтаманың өзі оны ойланбастан көруге себеп бола алады емес пе?!

Теңдессіз кино шебері Сергей Параджанов "Анар түсі" аталатын шығармасында армян шайыры Саят-Нованың жан-дүниесін визуалды көріністер арқылы жеткізген. Оның махаббаты, дінге деген көзқарасы, халық туралы ой-пікірін өзіндік айрықша аурада суреттейді.

"Үзілген жапырақтар"
Отар Иоселиани

Оқиға локациясы толықтай Грузияның шарап зауытының төңірегінде болады. Жұмысқа енді орналасқан жас жігіттер Марина есімді ерке сұлуды ұнатып қалады. Нико мен Отар дос екендеріне қарамастан, бір-біріне жол берер емес. Ал, бұлардың махаббатына көңілін білдіріп жүрген серілердің санында шек жоқ. Олардың бір де біреуін көңілі қаламайтын қылықты қыз жігіттерді өзара айдастырып қойғанды қызық көреді. Сырттарынан тамашалап сықылықтап күліп отыратыны тағы бар. Бірақ, уақыт өте жуас әрі өзіне шын ғашық Никоға бүйрегі бұра бастайды...

"Аталанта"
Жан Виго

Кинематографтағы поэтикалық реализм бағытының бастауында тұрған Жан Вигоның соңғы картинасын барша әлем әлдеқашан мойындаған. Джим Джармуш, Эмир Кустурица, Сатыбалды Нарымбетов сынды шеберлердің ең сүйікті картинасы. Бірнеше онжылдықтар бойы кино тарихындағы үздік шығармалар тізімін бастап келеді.

Сюжет бойынша жас жұбайлар күйеу жігіттің "Аталанта" аталатын кемесіне мініп, бал айын Еуропада саяхаттаумен өткізбек болады. Экипаж бұларды қоспағанда екі-ақ адамнан тұрады: бірі елгезек жасөспірім бала, екіншісі Жюль есімді қарт капитан. Қызық "Аталанта" Парижге келіп тоқтағанда басталады. Жергілікті кафелердің біріндегі жігіттің "сүйемін" дегеніне сеніп, жас келіншек "қалам" деп байбалам салады. Оған ренжіген күйеуі түн ортасында кемесіне отырып кетіп қалады. Уақыт өте...