"Тақтар ойыны" актерлері түсетін 5 жақсы фильм

"Тақтар ойыны" актерлері түсетін 5 жақсы фильм
Фото: youtube

НВО "Тақтар ойыны" сериалының приквелі сериалдың өзі секілді танымалдылыққа ие болады деп сенуде. "Ұзақ түн" деп аталатын жаңа сериал көрерменге жол тартқанша "Тақтар ойынында" басты рөлді ойнаған сүйікті актерлеріңіздің басқа да туындыларын тамашалауға болады. Ендеше, "Тақтар ойыны" сериалының актерлері түскен 5 фильмді ұсынамыз.

Кит Харрингтон (Джон Сноу)

"Жастық шақ өсиеті", 2014 жыл (Testament of Youth)
Фильм бізді 1914 жылға, Бірінші Дүниежүзілік соғысқа апарады. Басты кейіпкер – Вера Бриттен (Алисия Викандер) жазушы болуды және Роланд Лейтонға (Кит Харрингтон) күйеуге шығуды армандайды. Бірақ оның жоспарларына соғыс кедергі болады. Басты кейіпкердің інісі мен сүйіктісі майданға аттанады, сондықтан ол да соғысқа медбике ретінде барады. 
Еске сала кетейік, 2020 жылы Кит Харрингтонды Марвел киностудиясының жаңа картинасынан көре аласыз.

Эмилия Кларк (Дайенерис Таргариен)

"Кездескенше", 2016 жыл (Me Before You)
Лу есімді қыз сал болған 30 жасар Уилл есімді бай жігітке қарауға жұмысқа тұрады. Уилл апаттан соң мүгедектер креслосына отырып қалған. Ол жаңа күтушіні жақтырмай қарсы алады. Алайда оның өмірі бұл кездесуден соң түбегейлі өзгереді.

Питер Динклейдж (Тирион Ланнистер)

"Қайтадан еске алу", 2017 жыл (Rememory)
Данышпан ғалым Гордон Данн конференцияда "Мнемо" деп аталатын құрылғы ұсынады. Бұл құрылғы адам естеліктерін экранға шығарып бере алады. Бірақ сол күні Гордон құпия жағдайда қайтыс болады. Ғалымның өлу себебін Сэм (Питер Динклейдж) анықтауға кіріседі.

Софи Тернер (Санса Старк)

"Икс адамдар: Қара феникс", 2019 жыл
Джин Грей – керемет күш иесі және мутант. Санса Старктың алып күші бар кезін көргіңіз келсе, "Қара феникс" фильмін тамашалаңыз.

Николай Костер-Вальдау (Джейме Ланнистер)

"Атаман", 2017 жыл (Shot Caller)
Джейкоб – әйелі мен ұлы бар және ешқашан заңды бұзбаған азамат. Біркүні ол кездейсоқ досын өлтіріп алады, сондықтан түрмеге отырады. Түрменің өз заңдары мен ережелері бар. Ол бұл қатаң жерде тірі қалу үшін "Арийлік бауырластық" мафиялық тобының мүшесіне айналады.

А. Жапатова