"Тым оғаш оқиғалар" сериалының 3-маусымы несімен ерекше?

"Тым оғаш оқиғалар" сериалының 3-маусымы несімен ерекше?
Фото: «Очень странные дела» сериалының кадрлары

Netflix туындыларының арасындағы ең танымал сериалдардың бірі – "Тым оғаш оқиғалардың"(Очень странные дела) 3–маусымы жарыққа шықты. Бұл маусым алғашқы екі маусымды актерлердің шеберлігі, сюжеті, оиғалардың өрбуі мен байланысы жағынан басып озды. Көрермен бұл сериалдан не күтті және ол несімен ерекшеленді, бүгін соны талқылайтын боламыз:

Сериал атмосферасы

Хокинс қаласындағы беймәлім әрі жұмбақ оқиға 80 жылдарда өрбиді. Бастапқы екі маусымда уақыт бейнесі киім стилі, көліктер мен үйлер арқылы берілсе, бұл маусымда "Болашаққа оралу"( Назад в будущее) мен "Өлілер күні" (День мертвецов) атты фильмдерді қарайды, кадрдан тыс Foreigner, Reo Speedwagon мен Stray Cats әндері әуендері шырқалады. Ал, сериалдағы басты орталық  — сауда үйіндегі адамдардың киім үлгісі, сол жердегі дүкендердің стилі 80–жылдарды еске салады. 

Жаңа кейіпкерлер мен актерлер шеберлігі

Сериалдың басты күші ересек әрі тәжірибелі актерлерді басып озып, өздеріне деген ерекше ықыласты оятқан балалар болатын. Бұл жолы да актерлер өз шеберліктерін тағы да дәлелдей білді. Алғашқы маусымның жұлдызы атанған Милли Бобби Браун және оның қасындағы жас актерлер екінші маусымда қателіктер жіберіп, алғашқыдай ерекше әсер қалдырмаған болатын. Жаңа маусымда да олар айтарлықтай жаңалық әкеле қоймады. Дегенмен, қатарға қосылған жаңа кейіпкерлерді атап өтпеске болмайды. Майи Хоуктің сомдауындағы Робин атты тыңшы қыздың рөлі, Эрика Синклердің ойнауындаы тым пысық әрі дөрекі қыздың рөлі өте әсерлі шықты. Джейк Бьюзи адамдарды жынысына бола бөлетін надандығымен ерекше көзге түсті.  

Билли Харгроув

Бұл маусымның басты кейіпкері ретінде Билли Харгроув таңдалды. Ол алғашқы маусымдардар қатыгез, әлсіздерге күн көрсетпейтін жасөспірімді сомдаса, бұл жолы ол құбыжықтың адамдар арасындағы басты "елшісі" қызметін атқарды. Дегенмен, оны не жағымсыз, не жағымды кейіпкердің қатарына бөліп жару мүмкін емес. 

Жаңа құбыжық

Фильмнің не сериалдың жақсы шығуы ондағы құбыжықтардың қаншалықты күшті болуымен байланысты дейді сыншылар. Алғашқы маусымдағы демогоргон (құбыжық атауы) және екінші маусымдағы демопстар жаңа құбыжықтың қасында түкке тұрмайды. Бұл маусымда басты құбыжық адамдардың санасын басқара отырып, дегенін жасайды. Өткен жолғыдай оңай құтылуға болатын құбыжықтан енді есік те, қабырға да құтқармайды.  

Майк пен Оди (Он бірінші) 

Бұл сериалдың көрермендері Майк пен Оди арасындағы қарым-қатынастың өрбуін асыға күтті. Иә, олардың қалауы орындалды. Майк Оди өміріндегі басты адам болып қала береді. Олардың арасындағы достық махаббатқа ұласады. Дегенмен, екі жасөспірімге кедергі болатын нәрселер бәрібір табылады. Соның бірі Одидің әкесі — Давид. 

Уилл

Уилл алғашқы маусымда макгаффин (оқиға желісінің негізі) болса, екінші маусымда басты зардап шегуші рөлін атқарды. Оның ылғи тасада болуы достарымен, бауырымен, ата-анасымен қарым–қатынасын көрсетуге мүмкіндік бермеді. Бұл маусымда оның құбыжықтармен күресте рөлі күштірек болды. Алғашқы болып, алып күштің қалаға қарай жақындап келе жатқанын сезеді. Сонымен қатар, күресте топқа тезірек қимылдау үшін жол көрсетеді. 

Лукас

Алғашқы екі маусымда Лукас Синклер рөлі өз деңгейінде бағаланбады. Режиссер мен сценарий жазушылары алғашқы маусымды Милли Бобби Браун мен Финн Вулфардқа көбірек көңіл бөлсе, екінші маусымның басты рөлдерін Ноа Шнапп, Гейтен Матараццо сомдады. Ал, Калеб Маклафлин басты рөлдердің қатарына кірсе де, қажетті мөлшерде назарға іліге қоймады. Ал, жаңа маусымда Лукас пен Макс рөлдері алдыңғы қатарға шықты: Лукас Майкке "махаббат сабақтарын" береді, құбыжықпен күресте тапқырлық танытады. Оның  қолдан жасаған айырсадағы алғаш рет пайдаға асады. 

Орыс тыңшылары

Орыстар мен америкалықтар арасындағы жасырын күрес соңғы уақыттары фильмдердің сюжетіне жиі арқау болатыны жасырын емес. Бұл жолы да осы тақырып өз жалғасын табады. Сериалдағы "орыс" кейіпкерлердің басым бөлігі таза орыс тілінде, акцентсіз сөйлейді. Григорий есімді орыс тыңшысы, одан бөлек, Алексей атты ғалым жігіт пен әскерилерді көрсетеді.

Дастин мен Стив

Стив Харрингтон мен Дастин Хендерсон арасындағы күтпеген достық өткен маусымның ерекшелігі болатын. Бұл маусымда бұл қарым–қатынасты әрі қарай өрбітеді. Оқиға желісі бойынша, Стив пен Дастин жеке зерттеу жүргізіп, орыстардың ізіне түседі. Олардың тыңшылық әрекеттері бір уақытта күліп әрі олар үшін уайымдауға себеп болады. 

Құрбандық

Демогоргонның келесі құрбаны кім болатыны жайлы әңгіме өткен маусым жарыққа шыққаннан бері талқылану үстінде: Стив, Джонатан, тіпті, Майк Уилер болуы мүмкін деген болжамдар айтылды. Дегенмен, бұл маусымда ешкім ойламаған адамдарда жауыздықпен күресу жолында өздерін құрбандыққа шалады. 

Барлық халық арасында өтімді сериалдар маусым соңында жалғасы болатындығына сілтеме жасайды немесе бір нәрсенің шешімі табылмастан қалады. Ал, бұл жолы "Тым оғаш оқиғалар" ешқандай тосын сый қалдырмады. Соған қарағанда, осымен құбыжықтармен күрес аяқталған секілді. Кім білсін?!

Т. Есқали