Жастар Тарантино туындыларын не үшін сүйіп көреді?

Жастар Тарантино туындыларын не үшін сүйіп көреді?

Кинематографияда болмысы ерек суреткер ретінде ойып тұрып орын алған Квентин Тарантино биыл киносүйер қауымды жаңа туындысымен қуантып отыр. Премьерасы Канн фестивалінде өткен фильм енді Қазақстанда прокатқа шықпақ. Мұндағы көрсетілімді Meloman Entertainment ұйымдастырғанРежиссердің талантына тәнті әр көрермен бұл сәтті асыға күткені анық. Осындай әсерлі киносеанс алдында Тарантиноның шедеврлерін сүйіп көретін бірқатар жастармен әңгімелескен едік. Сол пікірлер легімен таныс болыңыз.

Әсел Кәрібай, сценарист:

Оның фильмдеріне ғана тән тарантинолық қолтаңбаны, өзгеше атмосфераны, энергетиканы басқа фильмдермен шатастыру мүмкін емес. Қызық сюжеттер, шиеленісті сәттерді шебер құрау, шынайы кейіпкерлер, адам өлтіру мен есірткі тұтынуды суреттеуде Квентин Тарантино өз фирмалық стилін ешқашан бұзбайды. Оның "черный юморы" тіпті орын алып жатқан зорлық-зомбылықтың өзін ақтап ала алады. Маған Тарантиноның сөзшеңдігі ұнайды. Ондаған минут бойы іс-әрекетсіз бір локацияда бір сахнаға ғана әдеттегі фильмдерде байланып қала алмайсың. Ал тарантинолық сахналар, әсіресе, кафеде, мейрамханада немесе лифтте болатын қылмыскелердің пәлсапалық диалогтары (мейлі, кейіпкерлер не жайында айтып жатса да, маңыздысы ол емес, маңыздысы – қалай айтып жатқанында) еліктірмей қоймайды. Кейіпкерлерді қалай осынша мылжың қылуға болады деп таңғалам. Ал таңғалған дүниеңе қызықпай тұра алмайсың.

Ермек Закария,  монтажер:

"Тарантино" деген адамның тегі емес, бір киножанр секілді. Оның қолтаңбасы бірден аңғарылады. Сұрапыл және қатаң диалогтар, қатыгез қаншашулы шайқастар, ерекше музыкалық талғам – осының барлығы Квентиннің кез келген фильмін басқалардан ерек етеді. Оның фильмдеріндегі оқиғаның, персонаждардың, әрекеттердің гиперболаландырылғаны Тарантиноның "Фильм деген өмір емес, фильм деген – өнер!" деп айтып тұрғаны секілді. Фильмдерді көріп, тамсанып, қуанып, әсер алу керек дегендей. "Киножанр" деп айтқанда бекер айтпадым. Себебі бұған дейін дәл осындай типті киноәлемде болмаған десек те болады. Спагетти вестерн+Гангстерлік атыс-шабыс+Өткір ойлы қара комедия+Гонкогтық уся+Орташа бюджеттік "жазғы" слэшер=Міне, Тарантино фильмдерінің құрамы.

Ақжан Аманжол, ақын:

Тарантиноның фильмдерін кейіпкерлері үшін ұнатамын. Кейіпкерлердің мінез-құлықтары, өзіне тән дуализмі, әртүрлі оқиғаларға қатысты әртүрлі әрекет етуі және диалогтары. Менің ойымша, оның фильмдерінің өзіндік ерекшелігі, басқаша айтқанда "фишкасы" – диалогтар. Сондай-ақ, сюжеттің бірізді болмауы қызықтырады. Мәселен, фильмнің тарауларға бөлінуі немесе өткен шақтағы оқиғалармен байланысы. 

Тағы да айта кететін нәрсе – Тарантиноның зорлық-зомбылық көріністерінің әсерлілігі. Мұндай көріністерінің өзін эстетикалық тұрғыдан жоғары деңгейде бағалаймын.

Данияр Кибаев, дизайнер:

Мен үшін Тарантино – тірі классик. Ол Голливудтың мүлде өзге әлем екені туралы мифті жалғастырушы тұлға. Сол себепті кино сүйер қауым режиссер фильмдерін асыға күтеді. Кино тілі диалогтарда, әзілде, кейіпкерлер әрекетінде ерекше көрініс алады. Байқағаным, ол үнемі жаңашылдыққа талпынады, бірақ өзіндік стилінен ауытқымайды. Үлкен студиялармен тығыз қарым-қатынасына қарамастан мен оны жеке суретші ретінде қабылдаймын. Джармуш сияқты. Тәуелсіз ойы бар шебер. Соңғы киносының прокатқа шығуын тағасыз күтіп жүрмін. 

Есбол Нұрахмет, жазушы:

Мен Тарантино фильмін алғаш көргенде-ақ таң-тамаша болғаным есімде. Тарантиноның артықшылығы – қарапайым көрерменді де ұстай отырып, таза өнердің де биігінен көрінетіндігі болса керек. Оның әр киносындағы өзгеше стиль мен ұқсасы жоқ кейіпкерлер ұзақ уақыт бойы есте қалып қояды. Винсент Вега, Джанго, Ганс Ланда, тағы да біраз өзгеше образдар – өзім көрген фильмдердің ешқайсында кездеспеген тың кейіпкерлер. Тарантино әуелі көрерменді кектендіреді, соңында сол асқынған кекті өзі алып береді. Есесіне кинодан шыққан көрермен ашумен, ызамен, яки мұңмен емес, ризашылықпен шығады, жеңіспен шығады. Тарантиноның киноға қосқан жаңалығы: оның диалогы, антигеройшылдығы, сосын қып-қызыл қанды көрсету өзгешелігі болса керек. Диалогтары арқылы кейіпкер мен заманның кейпін таныта отырып, мақтанға осы татиды-ау деген не бір мықтының әлсіз тұстарын тауып мазақ етеді, жеңеді, сөйтіп бәрін қызыл қанға бір малып алады. Ақылға сыймайтын оқиғаларына қарамастан Тарантиноны нағыз реалист суреткер деп есептеймін.

А. Оралқызы