"Кек алушылар: Финал" фильмі екінші мәрте прокатқа шығады

"Кек алушылар: Финал" фильмі екінші мәрте прокатқа шығады
Фото: Polygon

Marvel Studios компаниясының президенті Кевин Файги "Кек алушылар: Финал" фильмі екінші мәрте прокатқа шығатынын мәлімдеді.

Әзірге киноны тек АҚШ-та көрсету жоспарланып отыр. Екінші мәрте прокатқа шығатын "Кек алушылар: Финал" фильмінде толықтырулар болады. Картинаның алғашқы нұсқасында алынып тасталған және титрден кейінгі көріністер қосылады. 

"Кинотеатрға шыққалы жатқан бұл киноны режиссерлік не кеңейтілген нұсқа деп айтуға келмейді. Бар қызық соңында. Егер фильмді аяғына дейін көрсеңіз, титрден кейін алынып тасталған көріністі, кішігірім трибьют және бірлі-екілі тосынсый күтіп тұр", - деді Marvel Studios компаниясының президенті Кевин Файги Screen Rant басылымына берген сұқбатында. 

Мамыр айында көрерменге жол тартқан "Кек алушылар. Финал" фильмінің әлем бойынша жинаған қаржысы $2,7 миллиардтан асып жығылды. 3 аптаның ішінде Marvel киностудиясының туындысы ең көп қаржы жинаған фильмдердің тізімінде "Титаникті" ысырып, екінші орынға жайғасқан болатын. Ал көш басында тұрған "Аватардан" $44 миллионға аз жинаған. 

Marvel киностудиясы "Кек алушылар. Финал" фильмін түсіру үшін $356 миллионға шығындалған. Бес аптаның ішінде бұдан 7 есе көп қаржы тапты.

Әлемде ең көп қаржы жинаған фильмдердің бестігі:

1. "Аватар" (2009) - $2 782 275 172

2. "Кек алушылар: Финал" (2019) - $2 763 000 000

3. "Титаник" (1997) - $2 185 372 302

4. "Жұлдызды соғыстар: Күштің оянуы" (2015) - $2 068 223 624

5. "Кек алушылар: Шексіздік соғысы" (2018) - $2 048 359 754

"Кек алушылар. Финал" бұған дейін де рекорд жаңартып үлгерген еді. Осы күнге дейін ешбір фильм жарық көрген алғашқы бір аптада $1 миллиардтан астам қаржы жинап көрмеген.

Аталмыш фильм Қазақстанда да біраз рекордты жаңартты. Елімізде "Кек алушылар. Финал" туындысы алғашқы күні 196 256 976 тг, ал бастапқы үш күнде 527 265 991 теңге қаржы жинаған. Бұған дейін рекорд алғашқы бір аптада 274,5 миллион теңге жинаған "Кек алушылар. Шексіздік соғысы" туындысына тиесілі еді. Қазіргі таңда "Кек алушылар. Финал" фильмінің Қазақстандағы жинаған қаржысы 1 255 854 734 теңгені құрады.

Айта кетейік, 11 жылға созылған Marvel киноәлемінің биыл тағы бір фильмі жарық көреді. Киноәлемнің үшінші кезеңін қорытындылайтын "Өрмекші адам: Үйден жырақта" фильмі шілде айында көрерменге жол тартады. Ал төртінші кезең келесі жылдың мамыр айында басталады деп жоспарланып отыр. Әзірге нақты қай фильмдердің түсірілетіні белгісіз.

А. Рысдәулет