"Кино по понятиям": Күлкіге толы комедия

"Кино по понятиям": Күлкіге толы комедия

Отандық кинематография тағы бір туындымен толықты. Осы аптада көгілдір экранға "Кино по понятиям" фильмі шығады.

Өндіруші ел: Қазақстан, 2019 жыл
Тұсаукесер: 21 наурыз
Ұзақтығы: 85 минут
Жас шектеулігі: 16 жастан бастап
Продюсері: Асқар Бисембин, Әсел Садуақасова
Режиссёр: Анвар Матжанов
Рөлдерде: Әсел Садвакасова, Фархат Кулбаев, Жахан Утаргалиев, Мейіржан Төребаев, Олжас Жанабеков, Асан Мәжит, Марат Әміраев, Асқар Бисембин

Фильмнің режиссері - Анвар Матжанов. Танымал актриса Асель Садуақасова мен Асқар Бисембин продюсерлік еткен. Экшн-комедия жанрында түсірілген фильмнің басты рөлінде жас актер Фархат Кулбаев пен Жахан Утаргалиев түскен. Сценарийді Асқар Бисембин, Сәкен Тоқтағұлов және Мейірмен Нұрлыбек жазған. Сондай-ақ, фильмге Мейіржан Төребаев, Асқар Бисембин, Олжас Жанабеков, Асан Мәжит, Марат Әміраев, Асель Садуақасова түскен.

Экшн-комедия жанрында түсірілгендіктен күлкілі жерлері де, атыс-шабыс та көп. Әсіресе, оператордың рөлін ойнаған Жахан Утаргалиевтің әрбір сөзіне күлкіңіз келеді. Мейіржан Төребаев пен Фархат Кулбаев та өз рөлдерін тамаша сомдап шыққан. Көзі қырағы көрермен Асан Мәжитті комедиялы фильмде көруге үйренбеген. Десе де, Асанның ойынына айтар сын болған жоқ.

Жас режиссер әрі сценарист Қанат Қожанов абайсызда қылмыстық топпен байланысады. ҰҚКБ (УБОП) подполковнигінің қадағалауында жүрген қылмыскерлер Қанат Қожановтың фильмін түсіріп, басты рөлді сомдауы қажет болады. "Жаңа іске" кіріскен қылмыстық топ тез арада киноны түсіріп, подполковниктен құтылмақшы болады. Ал іс аяқталғаннан соң жас режиссер мен оның досын өлтірмекші. Жалпы, фильмнің сценарийі осылай.

Фильмнің продюсері Әсел Садуақасова мұндай отандық киноны әлі көрмедіңіз дейді: "Дәл осындай фильм әлі болған жоқ. Қазір бір-біріне өте ұқсас комедиялар көбейіп кетті. Той, үйлену, ошақ қасы туралы фильмдер жақсы әрине. Бірақ қазір басқа жанрға ауысу қажет. Сол үшін "Кино по понятиям" - ерлерге арналған қатыгездеу фильм болады. Бұл жерде көз жасын да, қанды да көре аласыз. Көре отырып ойланасыз. Әрине, күлетін жерлері де өте көп", - деп сендірді Әсел Садуақасова.

Расында, бұрын-соңды елімізде мұндай жанрда сапалы түсірілген фильмдер кемде-кем. Алғашқы минуттардан қызықтыра алатын, біздің менталитетке жақын әзілі жарасқан тамаша кино. Бұл туындыдан терең ой іздеп әуре болмаңыз. Жай ғана көңіл көтеріп, күліп қайтуға арналған. Автор достықтың маңыздылығы туралы ой салып, әрқашан да адалдықтың жеңіске жететінін дәлелдей білді.

А. Рысдәулет