Самал Еслямова сары құрлықтың үздік актрисасы атанды

Самал Еслямова сары құрлықтың үздік актрисасы атанды
Фото: Asian Film Awards Academy

Қазақстандық актриса Самал Еслямова Сергей Дворцевойдың "Айка" кинокартинасындағы рөлі үшін Гонконгтағы Азия киноакадемиясының (Asian Film Awards Academy) "ең үздік актриса" сыйлығына ие болды. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы facebook желісіндегі парақшасында хабарлады.

- Достар, Asian Film Awards Academy "азиялық "Оскар" деп аталады! Киноакадемия номинанттарын 11 қаңтарда белгілеген. Міне, жеңіс! Бұл үлкен жетістік! Шығармашылық топты шын жүректен құттықтаймын! Өте қуаныштымын!" - деп жазды министр.

Айта кетейік, "Айка" фильмі қырғызстандық жас қыздың оқиғасын баяндайды. Ол Мәскеуге заңсыз келіп, жұмыс істеп жүреді. Бір күндері ол жүкті болып, баланы перзентханаға тастап кетеді. Алайда уақыт өте келе ана сезімі оянып, Айка өз тастанды баласын іздей бастайды.

Қазақстандық актриса осы фильмдегі рөлі үшін өткен жылы 71-ші Канн кинофестивалінде де үздік актриса атанған болатын.

Н. Үсенова