Оскар-2019: "Үздік актриса" марапатына үмітті Иоанна Кулиг

Оскар-2019: "Үздік актриса" марапатына үмітті Иоанна Кулиг
Фото: vk.com

36 жастағы Иоанна Кулиг "Қырғи-қабақ соғыс" картинасындағы Зула рөлінен кейін бірден танымал боп кетті. Осыған дейін Польшада ғана аты шыққан актрисаны енді бүкіл әлем таниды. Себебі, Павел Павликовскидің ескі мәнерде түсірген соңғы туындысы кинематография өндірісіндегі аса беделді марапаттың бәрін алып, енді "Оскардың" шорт-листіне ілікті. Көпшілік "Үздік әйел рөлін" Иоанна алады деп отыр. Ендеше негізгі үміткер туралы деректерге назар салайық. 

Иоанна әртістер жанұясында дүниеге келген, ата-анасы — музыканттар, сіңлісі Юстина Шнайдер де актрисалық жолды таңдаған. Кулиг музыкамен кәсіби айналысқан, Фредерик Шопен атындағы музыкалық мектепті  фортепиано класы бойынша бітірген, кейін Мечислав Карлович атындағы мектепте вокал класы бойынша білім алған.

"Оскар-2019" киножүлдесіне үміткерлер анықталды

Болашақ актрисаның мансабы 1998 жылы "Сәттілік мүмкіндігі"(Szansa na sukces) аталатын музыкалық шоуға қатысуымен басталды. Ол кезде 16 жасар Иоанна Między ciszą a ciszą әнін орындаған екен. Шоу соңында Кулиг үшінші орынды иеленсе, ал жоба аяқталған соң алғашқы альбомын жазған.

Музыка бағытындағы бірнеше сайыстарды бағындырғаннан кейін, Иоанна өзін актриса ретінде сынап көрмек болады. Оның кинодебюті 2006 жылы жарық көрді. Ол танымал поляк режиссері Гжегож Пацектің "Сәрсенбі, бейсенбі, таң" (Środa, czwartek rano) деп аталатын картинасы болатын. Кошалинде өткен кинофестивальдің қазылар алқасы Иоаннаны "Үздік актерлік дебют" аталымы бойынша марапаттады. Бұл актрисаға бірнеше поляк телехикаясында және фильмдерінде ойнауға жол ашты. Десе де шынайы атақ оған режиссер Павел Павликовски туындыларына түскеннен кейін ғана келді.

"Қырғи-қабақ соғыс" картинасынан

2011 жылы Иоанна Павликовскидің Франция, Англия мен Польша бірлесе түсірген "Бесінші аймақтағы әйел" (La femme du Vème) атты картинасында Аня есімді бармен қызды сомдады. 

Екі жылдан кейін осы режиссердің талай марапатты иеленген "Ида" картинасында басты рөлге лайық деп танылды. Туынды дін мен холокоста тақырыбын қозғайды. "Оскар" марапатының "Үздік шетелдік фильм" аталымын жеңіп алды. 

"Ида" картинасынан

Павликовскидің "Ида" фильмі "Оскар" марапатының "Үздік шетелдік фильм" аталымын жеңіп алды.

Ал, әзірге соңғы әрі маңызды рөл "Қырғи-қабақ соғыстан" бұйырып отыр. Картинада ол поляктың Dwa serduszka, cztery oczy әнін мінсіз орындайды.

Фильм жарыққа шыққан кейін бүкіл кино әлемінің көзі осы ақ-сары аруда болды. Оның бейнесі Vogue, Elle, Vanity Fair сынды атақты басылымдардың мұқабаларынан түспейтін болды. W журналы 2018 жылдың басты жұлдыздары тізіміне енгізді.

Фильм премьерасы Канн кинофестивалінде болды. Әділқазы алқасы құрамында болған Кейт Бланшетт пен Джулианна Мур көз жасын тия алмай, көрсетілімнен кейін Павликовскиге жақындап алғысын жаудырып жатты.

Айтпақшы, Иоанна Кулиг "Еуропаның үздік актрисасы" атағын алып үлгерді. 

А. Оралқызы