"Асланның сабақтары": Мектептегі буллинг

"Асланның сабақтары": Мектептегі буллинг

Осыдан дәл 6 жыл бұрын қазақ киносы Халықаралық кино қорының (Berlinale World Cinema Fund) сыйлығына ие болды. Бұл «Қазақфильм» киностудиясы шығарған режиссер Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» (Уроки гармонии) картинасы еді.

Берлиннің 63-ші халықаралық кинофестивалінен бастап басқа да ондаған фестивальдің сыйлығын алған отандық фильм – режиссердің алғашқы толықметражды туындысы.  Бұл фильмде мектеп оқушыларының арасында орын алып жүрген озбырлық мәселесі аса керемет шеберлікпен қозғалған.

Еліміздің атын Халықаралық кино жарысында бірнеше мәрте шығарған фильмде бір де бір кәсіби актер ойнамайды. Басты кейіпкер Асланның рөлін сомдаған Тимур Айдарбеков – сол уақытта Алматыдағы №2 балалар үйінің тәрбиеленушісі еді. Түсіру тобы Тимурды бірден байқап, кастингтің бірінші күні-ақ оған басты кейіпкердің рөлін берген.

Фильмнің қысқаша мазмұны мынадай. Медициналық тексеру кезінде 13 жасар Асланды сыныптастарының алдында кемсітеді. Бұл оқиға оның іште бүгулі жатқан мінез-құлықтарының өршуіне алып келеді. Өзіне деген сенімсіздіктің салдарынан тазалық пен кемел болуға ұмтылады, төңірегіндегінің барлығын бақылауда ұстауға тырысады. Аслан қазақ ауылында әжесімен бірге тұрады, оның компульсивтілігі ақырында күрделі жағдайларға алып келеді...

«Асланның сабақтары» қазақ киносына ерекше дем беріп, халықаралық байқауда жүлде алу мүмкіндігі бар екенін дәлелдегені сөзсіз. Фильм Берлин фестивалінде жүлдеге ие болғанда, шараға қатысқан әлем елдерінің 4000-ға жуық БАҚ өкілі қазақстандық фильмге жоғары баға беріп, құрметпен, құлшыныспен жарыса жазды.

Америкалық The Hollywood Reporter журналы «Көркемдік-поэтикалық талапқа бағынған ерекше әсерлі туынды, нағыз шебердің мінсіз қолынан шыққан» деп жазса, «Көк шалғын жамылған даланың кенеттен аппақ қарға оранғанын бейнелейтін алғашқы кадрынан бастап, Байғазин осы әсерлі көріністі, оның реңі мен субъективті шынайылығын фильмнің соңына дейін шебер көрсете алды», - деп хабарлады Village Voice газеті. Variety апталығы «Режиссер-сценарист-монтажер Эмир Байғазин қазақ даласының бір түкпіріндегі кек пен жәбірлеу тақырыбын мінсіз зерттеп, оны кемеліне келтіре көрсете білді. Жас әуесқой актерлердің интенсивті ойынына қол жеткізіп, сұрқай композицияларға өзінің көркемсуретке толы көзімен қарай отырып, Байғазин қылмыс пен жаза ұғымдарына қатысты аса толқытарлық толғамдар туғызған», - деп баға берді.

Ал режиссер өз туындысының маңыздылығын былай сипаттады: "Кино оқиғасы өмірде бар үлкен жүйе және Адам атты ұлы тіршілік иесінің сол жүйедегі орны жайлы. Бұл хикая белгілі бір елдегі жағдай емес, ондай жағдай әлемнің басқа да елдерінде, айталық, Бразилияның нашар аудандарында немесе орыстың түпкірдегі бір деревнясында болуы мүмкін. Біз сондай әмбебап оқиға жайлы түсірдік".

Эмир Байғазиннің есімі соңғы жылдарда шет елдік басылымдарда жиі аталады. 63-ші Берлин кинофестивалінде үздік операторлық жұмыс үшін "Күміс аю" жүлдесіне ие болғаннан кейін оның жұмыстары сол қарқынмен ілгеріледі. «Асланның сабақтарынан» кейін шыққан «Раненый ангел», «Өзен» картиналы да түрлі халықаралық байқауда жүлдеге ие болды.

Бұл фильмнің жарыққа шыққанына 6 жыл өтсе де, туындыны әлі көріп үлгермеген көрермендер жоқ емес. Қазір қолайсыз болса, демалыстың бір күнін арнаңыз!




ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

Marhaba Sabi - Marsqa
NINETY ONE - QIYALMAN