"Тығылмақ" фильмі "Үздік сценарий" жүлдесімен марапатталды

"Тығылмақ" фильмі "Үздік сценарий" жүлдесімен марапатталды
Фото: vk.com

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ жарыққа шығарған режиссер Венера Қайыржанованың "Тығылмақ" қысқаметражды фильмі Moscow Shorts ISFF халықаралық байқауына қатысып,  "Үздік сценарий" жүлдесімен марапатталды.  

"Қазақфильм" киностудиясындағы "Дебют" шығармашылық-өндірістік бірлестігі шығарған "Тығылмақ" фильмі ересектер проблемасына куә болған екі кішкентай қыз туралы баяндайды. Олар үйдегі ахуалдан қашу ойымен, көшеде тығылмақ ойнайды. 

Айтка кетсек, бұл кинотуынды әлемдік қысқа метрлі фильмдерге арналған Канн фестивалінің кәсіби бөлімі – Short Film Corner бағдарламасына, халықаралық "Еуразия-2018" кинофестивалінің басты байқауына, сондай-ақ  Baikonyr Short Film Festival және "Бастау" фестивальдерінің конкурстық бағдарламаларына қатысып үлгерді. 

Moscow Shorts ISFF  – Мәскеуде өтетін қысқаметражды фильмдердің халықаралық байқауы. Фестиваль шеңберінде әр ай сайын жеңімпаздарды анықтап, оларды жабылу салтанадында марапаттайды. Аталған байқауды қысқаметражды фильмдерді кеңінен насихаттау мақсатында арнайы ұйымдастырған. Фестиваль ұйымдастырушылары әр ай сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең ерекше қысқаметражды фильмдерді халықтың назарына ұсынып отырады.

А. Оралқызы