Берік Жаханов түсірген деректі фильм Ораз Әбішев атындағы жүлдені жеңіп алды

Берік Жаханов түсірген деректі фильм Ораз Әбішев атындағы жүлдені жеңіп алды
Фото: vk.com

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған «Ата кәсіп» («Наследие предков») деректі фильмі Алматы қаласында қарашаның 5-сі мен 8-і аралығында өткен «Бастау» кинофестивалінде Ораз Әбішев атындағы «Үздік деректі» фильм атты жүлдесін жеңіп алды.   

Бұл туралы кеше, «Бастау»  студенттік фильмдер мен киномектептер кинофестивалінің жабылу салтанатында белгілі болды. Аталған жүлдені жас режиссер Берік Жахановқа  қазақ деректі киносының атасы Ораз Әбішевтың ұлы Қанат Әбішев табыстады. 

- Осындай мәртебелі жүлде алғаныма қуаныштымын. Бұл мен үшін өте маңызды. Түсіру тобына және де маған сенген барлық жандарға алғысымды білдіремін. Әсіресе «Қазақфильм» киностудиясына, және бізді бағыттап, ерекше қолдау білдірген Әсет Ерназаровқа рахметімді айтамын, - деді режиссер Берік Жаханов. 

«Қазақстанның түркі тектес халықтары» циклы бойынша түсірілген  деректі фильм ата кәсіп – бесік жасаумен айналысатын Абдуманат есімді шебердің өмірін баяндайды.

Айта кетсек, жыл сайын өтетін студенттік фильмдер мен киномектептер басқосуы биыл «Бастау» халықаралық кинофестивалінің дирекциясы(ТОО «Кинокомпания Танарис Продакшн»), Алматы қаласының әкімшілігі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясы, «Тұран» университеті және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен өткізілді.

Биыл халықаралық бағдарламаның іріктеу комиссиясына 300-ден астам фильмдер келіп түсті. Нәтижесінде халықаралық қазылар алқасы мен студенттік  қазылар алқасының назарына 22 елден барлығы 47 фильм ұсынылды.

А. Оралқызы