Жаңа фильм: "Айдағы адам"

Жаңа фильм: "Айдағы адам"
Фото: LATF USA, Variety, film.ru

Бүгіннен бастап еліміздегі кинотеатрларда "Айдағы адам" ("Человек на Луне") фильмі көпшілік назарына ұсынылады. Кинокартина 1960 жылдардағы ғарышты бағындыру мен айға алғаш аяқ басқан адам Нил Армстронгтің өмірбаянынан сыр шертеді.

Фильмнің режиссері - америкалық Дэмьен Шазелл. 33 жастағы маман кино әлемінде "Одержимость" және "Ла ла ленд" көркем фильмдері арқылы танылды. Әсіресе соңғысы көпшілік көңілінен шығып, жоғары баға алды. Фильмге арнайы саундтрек жазған Джастин Гурвицтің музыкалық туындылары көрермен жүрегін елжіреткен-ді. Бұл жолы да Дэмьен өз әріптестерінен алыстап кетпеген.

"Айдағы адам" фильмінде де "Ла ла лендте" басты рөлді сомдаған Райан Гослинг ойнайды. Саундтрегін Джастин Гурвиц жазған. Режиссер жаңа фильмінде де өзіндік стилін сақтап қалған. Кинотуынды желісі әдеттегідей қарапайым болып келеді. Музыкаға да баса мән берген.

"Айдағы адам" қандай фильм?

Аты айтып тұрғандай, (жоғарыдай айта кеткеніміздей) фильм ғарыш пен оны зерттеу жайында. Адамзаттың алғаш болып айға аяқ басуы хақында. Нил Армстронгтың өмірі арқылы осы тақырыпты ашуға, америкалықтардың алғаш болып өзге ғаламшарға барғанын баса назарға алған.

Нил Армстронг - NASA ғарыш агенттігінің тәжірибелі инженері. Ол түрлі сынақтардан сүрінбей, ғарышты зерттеуге зор еңбек сіңіреді. Қызының қатерлі ісік ауруынан қаза болуы қабырғасын қайыстырады. Кейіннен өзге ғарышқа ұшу бағдарламасына қатысуға өтініш беріп қабылданады. "Нағыз қызық енді басталады" - деген əйелінің (Клэр Фой) бір ауыз сөзі фильмді шырқауына ала кетеді.

Кинотуынды сырлы сезім, махаббат, күту мен жоғалту секілді оқиғалар бойынша өрбиді. Бір сәт отбасы мен балаларға көңіл бөлуге де үндейді. Адамзат тарихындағы айтулы оқиға жолында құрбан болғандардың тағдырын да назардан тыс қалдырмаған.

Ғарыштағы бәсекелестік фильмге ауысқандай

1960 жылдары АҚШ пен КСРО арасында ғарышты зерттеу бойынша бәсекелестік жоғары болды. Екі тарап та бір сағат болса да, бірінші болып жаңалық ашуға асықты. Осы бір ғылымдағы бәсекелестік кезеңі фильмде ерекше көрініс тапқан. Тіпті адамзат тарихында алғаш болып ашық ғарышқа шыққан Алексей Леоновты да көрсете кетеді. Естеріңізде болса 2017 жылы режиссер Дмитрий Киселев дәл осы тарихи оқиға жайлы "Алғашқылар дәуірі" атты фильм түсірген де болатын. Профдюсерлері қатарында Тимур Бекмамбетов те бар.  Кино қазақ тілінде дубляждалып, көпшілік назарына ұсынылды.

1960 жылдардағы ғарышты зерттеу бәсекелестігі бүгінде фильмде жалғасқандай. "Алғашқылар дәуірі" сол кезеңдегі Кеңестік ғарыштың жетістігін насихаттаса, "Айдағы адам" Nasa-ның ғарыш жобасын әспеттейді.

Кинотуынды кімге қызық, кімге қызық емес болуы мүмкін?

Тағы да фильм атауы жайлы айтсақ, "Айдағы адам" - фантастикалық жанрда емес. Сондықтан да осы бір тақырыптағы фильмдерді ұнататындар үшін қызық болмауы мүмкін. Ал ғарыш жайлы, аспан кеңістігі мен оны зерттеу тұрғысындағы киноларды көретіндер үшін ұнайтыны анық.

"Айдағы адам" - тарихи фильм. Болған оқиға негізінде түсірілген. Ал өмірде болған жағдайларға қатысты фильмдерді ұнататындар жетерлік.

Фильм сюжеті шым-шытырық, бас қатырарлық оқиғаларға толы емес. Кезегімен сіз күткен сюжеттер жалғаса береді. Жалғаса береді демекші, фильмнің ұзақтығы - 2 сағат 21 минут. Соңы бәріміз білетін тарихи оқиғаны баяндаған секілді аяқталады. Ал ғарышкерлердің айға қонуы мен онда алғаш қадам басуына айтарлықтай уақыт бөлген. Осы тұсқа келгенде көрермен бір қызық күтуі мүмкін. Бірақ қандай да бір оқиғамен жалғаспайды. Музыка арқылы лирикалық сарынға ұласады. Бір сөзбен айтқанда, ғарышкерлердің айда болуы жайлы сюжет ұзаққа созылады.

P.S Осы бір сәтте Тука (Нұржан Төлендиев) атымен шауып келетіндей көрінді де тұрды.

Фильм 1960 жылдардағы тарихи оқиғаның аурасын аша білген. Ал саундтректер оқиға желісі мен кейіпкерлердің көңіл-күйіне әр бере түседі.

Орта тұсынан ауғанда адам жалыға бастауы мүмкін. Кей диалогтар ұзаққа созылғандай әсер қалдырады. Сондай-ақ зымыранның ұшатын сәті жиі қайталанады. Шайқалған камера түсірілімі кей сезімтал көрермендердің басын айналдыруы да мүмкін.

Ө. Сансызбай