"Айка" фильмі "Оскар" сыйлығына үмітті

"Айка" фильмі "Оскар" сыйлығына үмітті
Фото: rus.azattyq.org

Режиссер Сергей Дворцевойдың "Айка" фильмі "Оскар" сыйлығына үміткерлер тізіміне еніп, "Үздік шетелдік фильм" номинациясына ұсынылды. Бұл туралы жүлденің ресми сайты хабарлады.

"Оскар" киножүлдесінің "Үздік шетелдік фильм" номинациясына 87 елдің киносы ұсынылған. Бұл тізімге Константин Хабенскийдің - "Собибор", режиссер Дарья Жуктың белорустік лентасы - "Хрусталь", украиналық режиссер Сергей Лозницаның - "Донбасс" фильмі , қытай режиссері Цзян Вэннің "Hidden Man" фильмі бар. 

Жүлдеден үміттілердің қатарына кіретін бес картинаның аты 22 қаңтарда белгілі болады. Ал жүлде 24 ақпанда 91-ші рет өтетін Оскардың  салтанатты кешінде табысталады.

Айта кетейік, биыл мамырда қазақстандық әртіс Самал Еслямова "Айка" фильміндегі рөлі үшін 71-ші Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған еді. 

Кинотуынды Қырғызстаннан келген жас қыздың оқиғасын баяндайды. Ол Мәскеуге заңсыз келіп, жұмыс істеп жүреді. Бір күндері ол жүкті болып, баланы перзентханаға тастап кетеді. Алайда уақыт өте келе ана сезімі оянып, Айка өз тастанды баласын іздей бастайды.

Н. Үсенова