"Көшбасшы құпиялары" көркем фильмі Пусан Халықаралық кинофестиваліне қатысады

"Көшбасшы құпиялары" көркем фильмі Пусан Халықаралық кинофестиваліне қатысады
Фото: vk.com

Режиссер Фархат Шәріповтың "Көшбасшы құпиялары" көркем фильмі қазанның 4 мен 23 аралығында өтетін 23-ші Халықаралық Пусан Кинофестивалінің "Азия киносына назар салу" бағдарламасына  қатысып, бақ сынайды. Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында түсірілген.  

"Көшбасшы құпиялары" фильмі жасы қырыққа келген, орта жас күйзелісін бастан кешіріп жүрген банк қызметкері Қанат туралы баяндайды. Ол –армандамайтын, өмірден ештеңені күтпейпін жан, өзін және өмірлік ұстанымдарын жоғалтқан. Бірде Қанат тұлғалық қалыптасу – көшбасшылық қасиеттерді дамыту тренингіне барады. Коуч-тренер жетістікке қалай жету керектігін және көшбасшы бола білудің әдістерін айтады. Көшбасшы болудың құпияларын бойына сіңіре келе, Қанат өзін және өмірге деген көзқарасын өзгертуге бекінеді. Алайда кейіпкердің өмірі ескі танысы Даниярдың пайда болуымен күрт өзгеріп кетеді.

"Картинамның Пусанға іріктеп алынғаны және фильмімді корей халқы көре алатындығы қуантады. Мен жаңа танысулар мен кездесулерді асыға күтудемін", - деді режиссер Фархат Шәріпов. 

Пусан Халықаралық кинофестивалі Азиядағы ең танымал және қарқынды дамып келе жатқан фестиваль саналады. Ол корей киносына ғана емес, сонымен қатар, азиялық фильмдерге де көп көңіл бөледі және өз шеңберінде жанры мен құрылымы әр түрлі келетін туындыларды көрсетуді көздейді.

"Азия киносына назар салу" бағдарламасынан бөлек, киноалаңда "Жаңа ағымдар", "Бүгінгі корей киносы", "Ашық кино" және корей классикасының ретроспективасы болады. Биыл фестиваль аясында 79 елден 324 фильм көрсетілетін болады.

А. Оралқызы