Балалармен көруге болатын 5 мультфильм

Балалармен көруге болатын 5 мультфильм
Фото: cinemazero.it

Балалар киносы – батырлар мен зұлымдар, қызықты оқиғалар мен зерттеулер, кездесулер мен қоштасулар әлеміне барып келуге керемет мүмкіндік. Мультфильдерді балалармен бірге қарау арқылы экранда болып жатырған нәрсені бірге талқылауға, оның ішінен өзімізге керегін алуға болады. Ендеше, балалармен бірге көруге болатын 5 мультфильмді ұсынамыз.

1. "Мэри мен жалмауыз кемпір гүлі" (Мэри и ведьмин цветок) Жапония, 2017

Бұл аниме жақсы көретін адамдарға арналған мультфильм. Достық туралы мейірімді ертегі. Әдетте, баланың іші пысқанда, ол өзі үшін қандай да бір жаңалық ашады, армандайды және қиялға ерік береді. Иә, біртүрлі естілгенмен, зерігу, айналысар істің жоқтығы, құр босқа өткізілген уақыт баланың жан дүниесінде күтпеген идеялар туындайтын кеңістік жасайды. Біз балаларымызға зерігетіндей мүмкіндік береміз бе? Оларға "қажетті" немесе "пайдалы" іспен айналыспайтын уақыт бөлеміз бе? Қазіргі заманда іші пысатын балалар саны аз. Әрине, баланың түрлі үйірмелерге барып, оқып-білгені жақсы. Бірақ, арасында баланың зерігуінің де пайдасы бар екенін ұмытпаңыз. Бала қиялдай білуі керек және армандағанды ұнатуы керек. Бұл мультфильмде кішкентай Мэри үшін зерігу сиқырлы оқиғалардың бастамасы болады.

2. "Коконың құпиясы" (Тайна Коко) АҚШ, 2017

"Коконың құпиясы" – балалармен бірге қарауға болатын, барлық отбасы мүшелеріне қызықты болатын анимациялық көрініс. Егер отбасыңызда өз-өзіңізбен болуға тыйым салатын, өз жолыңызбен өмір сүруге мүмкіндік бермейтін қандай да бір мұңды немесе ұятты құпия болса, не істер едіңіз? Басты кейіпкер Мигель кездейсоқ өлгендер әлеміне түсіп кетеді. Ол өз сұрақтарына жауапты сол жақтан іздей бастайды. Бұл психологияның терең түсініктерімен жасалған өте мәнді балалар фильмі.

3. "Ержүректер қаласы" (Город героев)  АҚШ, 2014

Хиро Хамада – жас өнертапқыш. Оның данышпан ағасы Тадаши Сан-Францискодағы Техникалық университетте жұмыс істейді. Ол Бэймакс деп аталатын робот жасап шығарады. Мультфильм барысында қиын жағдай болып, Хиро ағасынан айырылады. Ауыр жағдайда оған көмекке Бэймакс және достары келеді. Бұл мультфильмде достықты бағалауға, мейірімділікке, қамқорлыққа және білімге құштарлықты үйрететін сәттер көрсетілген.

4. "Бас қатырғыш" (Головоломка) АҚШ, 2015

Басты кейіпкер Райлидің балалық шағы өтіп барады, оның үстіне өмірі де кенеттен өзгереді. Мультфильмде адамның түрлі сезімдерін айқын көрсеткен. Бұл балалар мультфильмі – барлық отбасыға арналған психология сабағы.

5. "Құбыжықтар корпорациясы" (Корпорация монстров) АҚШ, 2001

Бұл 4-5 жастағы балаларға ата-анасымен бірге қарауға болатын мультфильм. Сюжет бойынша, "қорқынышты" құбыжықтар қаланы қуаттандыратын энергияны балалар айқайынан алады. Балалар құбыжықтардан қорқатыны белгілі, алайда құбыжықтар да балалардан қорқатын болып шығады. Бұл қызықты мультфильм барысында балалар айқайына қарағанда күлкісінде көбірек энергия болатындығы анықталады. Бұл шындық екені анық.

А. Жапатова