Жаңбыр адамы

Жаңбыр адамы
Фото: itcher.com, planeteplus.pl, mymeaningfulmovies.blogspot.com, lifeatthemovies.com

1988 жылы Барри Левинсон “Жаңбыр адамы” фильмін жарыққа шығарды. Көрермен мен сыншылардың жоғары бағасына ие болған фильм 1989 жылы “Оскардың” төрт сыйлығын, “Алтын глобустың” екі сыйлығын жеңіп алды. Қазіргі күні даңқты актерлерге айналған Том Круз бен Дастин Хоффман фильмдегі басты рөлдерді сомдап шықты. Фильмге қатысты түрлі деректерді ақтара берсек, бір-бірінен асып түседі. 

Фильмде жас кәсіпкер Чарли Бэббитт әкесі қайтыс болған соң оның бүкіл байлығы інісі Рэймонд Бэббиттке қалдырылғанын біледі. Бұл кезде аутизмге шалдыққан Рэймонд есі ауысқандарды емдейтін ауруханада жатқан еді. Чарли көп ойланбай інісін ауруханадан алып кетіп, әкесінен қалған мұраның жартысын алып қалуды көздейді. Фильм барысында Чарли Рэймондтың аутизміне қарамастан онымен ерекше тіл табысып кетеді. Том Круз фильмде көбіне Чарлимен әңгімелесетіндіктен ол фильмге дейін есі ауысқандарды емдейтін ауруханада аутистермен әңгіме айтып, сауық құрып дайындалған екен. 

Рэймонд аса қабілетті адам ретінде көрсетіледі. Оның математикалық ойлау жүйесі, есте сақтау қабілеті машиналды деңгейде болады. Vұндай дарыны Чарлиге тығырықтан шығуға көмектеседі. Ол Рэймондпен бірге Лас-Вегастағы казиноларда ақша ұтып алады. Ойын кезіндегі Рэймондтың есепке жүйріктігі, ықтималдық нұсқаларын саралай білуі казино иелерін біраз шығынға ұшыратады. Рэймондтың бұл қабілеті – жинақталған образ. 

Ким Пик

Рэймонд прототиптерінің бірі – америкалық Ким Пик. Бұл адам айрықша жадқа ие болған. Ол өзі оқыған кітаптың 98%-ын сөзбе-сөз есте сақтаған. Сондай-ақ ол кітап оқудың таңғажайып техникасын меңгерген. Бір көзімен кітаптың бірінші бетін оқып отырса, екінші көзімен екінші бетін қатар оқитын болған. Кітаптың екі бетін оқу оның тек 8-10 секунд уақытын алған екен. Ким аутизмге шалдықпаған, алайда оның миында күсті дене болмаған және мишығы зақымданған. 

“Жаңбыр адамындағы” қызық эпизодтың бірі – Рэймондтың Qantas әуе компаниясын талап етуі. Оның айтуынша, бұл әуе компаниясының ұшақтары ешқашан әуе апатына ұшырамаған екен. Бұл эпизодты көптеген әуе компаниялары жолаушыларға ұсынылатын фильмдердегі нұсқадан алып тастаған. Оны тек Qantas компаниясы ғана қалдырыпты. 

Бұл фильмді Стивен Спилберг түсірмек болады, алайда түрлі себеппен оның жоспары өзгеріп, “Жаңбыр адамын” Барри Левинсон түсіріп шығады. Барри өз ойындағы картинаны жасап шыққандай болды. Артығын алып тастап, қосарын қосты. Алайда фильмнің негізгі желісіне режиссердің ғана септігі тимейді. Фильмнің сценарийін жазған Бэрри Морроу мен Роналд Бэсстердің сюжеттік желісіне өзгеріс енгізілді. Режиссерге Дастин Хоффман ұсыныс айтады. Фильм соңында Рэймонд ауруханаға қайта оралып, Чарлимен қоштасады. Бастапқы сценарийде Рэймонд ағасымен бірге қалуы тиіс болған, алайда Дастиннің ойынша, мұндай көрініс шынайы көрінбей қалады екен. Оның талабы бойынша, Рэймонд ағасымен қоштасады. Рөлге жан-тәнімен ену осылай болуы керек шығар.

Massaget.kz