Кинематография тарихындағы ең алғашқы постер бәссаудаға қойылады

Кинематография тарихындағы ең алғашқы постер бәссаудаға қойылады
Фото: vk.com

Ең алғашқы кинопостерде ағайынды Люмьерлердің XIX ғасырдың соңында Парижде өткен бірінші кино көрсетілімі бейнеленген. Киномандар үшін аса құнды плакат енді бәссаудаға қойылмақ.

Лондондағы Sotheby's бәссауда үйі жалпы саны 164 киноплакатты сатылымға шығарады. Олардың қатарында біз әңгімелеп отырған алғашқы кино жарнамалаушы постерде 1895 жылы 28 желтоқсан күні алғашқы кино көрсетілімге келген бір топ адам бейнеленген. Бір қызығы, 100 адамдық залға бар-жоғы 30 көрермен жиылса, арнайы шақырылған БАҚ өкілдерінен бір де бір адам келмеген. XX ғасырда дүниеге келген өнер түрінің жолы осылай басталған болатын.  

20-минуттық сеанс Капуциндер гүлзарындағы Гранд-кафе жертөресінде орналасқан Indien салонында өткен. Қабырғаға ақ экран орналастырылып, Люмьерлердің қысқаметражды фильмдері бірінен соң бірі көрсетілген.

Алғашында әлі кино деп танылмаған өнер түріне қатысты пікір біржақты болмады. Залға 1 франк төлеп кірген көрермендер үшін ол тек суреттер тізбегі секілді көрінген.

Бұл постердегі суретті Анри Бриспоту есімді шебер салған. Онлайн-бәссауда 28 тамыз күні өтеді, постердің бастапқы бағасы  —  40-60 мың фунт.

А. Оралқызы