«Анаға апарар жол» фильмі АҚШ-та прокатқа шығады

«Анаға апарар жол» фильмі АҚШ-та прокатқа шығады
Фото: vk.com

Америкалық «World Wide Motion Pictures Corporation» компаниясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Новый мир» Продакшн» ЖШС-мен бірлесе түсірген «Анаға апарар жол» фильмінің солтүстік америкалық өңірде дистрибуциялау құқығын сатып алды.

Естеріңізге сала кетейік, аталған фильм былтыр Қазақстан атынан «Оскар» және «Алтын глобусқа» «Үздік шетел фильмі» аталымында ұсынылған еді.

Бас продюсері Әлия Назарбаева, режиссері Ақан Сатаев бұл фильмге кіл жұлдыздарды жинаған. «Анаға апарар жол» фильмінде еліміздің танымал актерлері ̶ Алтынай Нөгербек, Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова, Берік Айтжанов, Болат Әбділманов түскен. Бұл эпикалық фильмнен көрермен қазақ отбасысының 1930 жылдардан бастап, күні бүгінге дейінгі бастан кешкенін көре алады.

«Продюсерлерімізге, түсірілім тобына және маған да біздің фильмімізді АҚШ кинотеатрларында көрсететіні үлкен абырой. «World Wide Motion Pictures Corporation» компаниясы фильмімізден шынайылықты көріп, ондағы оқиға желісі әлемнің барлық аудиториясына ұғынықты болатынына сенім білдіргеніне қуанып отырмын»,– деді бұл турасында режиссер Ақан Сатаев.

«Анаға апарар жол» фильмінің негізгі желісіне өткен ғасырдың 30 жылдарындағы ауыр нәубет кезіндегі анасынан айырып, туған ауылынан алыс жерлерге алып кеткен Ильястың тағдыры негіз болған. Замандастармен бірге ұжымдастыру кезеңі, ашаршылық және соғыс кезеңдерінде өмір сүріп келе жатқан кейіпкер әлі де өз үйіне, өз сүйікті анасына жол табуға үміттенеді. 

"World Wide Motion Pictures Corporation" 1977 жылдың шілде айында негізінен сапалы фильмдер мен бейнелерді, соның ішінде арнайы және деректі фильмдерді, қысқа фильмдерді және теледидар жобаларын қаржыландыру, дамыту, өндіру, сатып алу және тарату үшін құрылған. Бүгінгі таңда компанияда 200-ден астам мамандар мен филиалдар бар, олардың әрқайсысы АҚШ және одан тыс жерлерде орналасқан.

«Біздің компания бірнеше ұрпақтың тарихын баяндайтын, оның үстіне «Оскар» премиясына ұсынылған терең драманы прокаттауды мақтан санаймыз. Америкалық отбасылар, әсіресе аналар қауымы жанға жылу сыйлайтын фильмді қуана көреді»,– деді «World Wide Motion Pictures Corporation» компаниясының бас директоры Пол Д.Хэнкок.

«Анаға апарар жол» фильмі АҚШ-та (ірі мегаполистерге де) шектеулі прокатқа биыл күзде түрлі қазақстандық және азия-америкалық ұйымдардың қолдауымен шығады.

Айта кетейік, «Анаға апарар жол» фильмінің тұсаукесері 38-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде өтіп, сыншылардың оң бағасын алған. Сонымен қатар, фильм түрлі кинофестивальдерден жүлде алып, халықаралық көрсетілімдері өткен. Соңғысы ̶ 19 шілде күні Вашингтондағы Карнеги институтында Н.Ә.Назарбаевтың бастауымен жасалған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті.

А. Оралқызы